ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Біз бұл Жолдауды жаңғырудың жаңа белесі ретінде қабылдадық.

Жаһандану жағдаяты бар, әлемдегі қақтығыстар бар, бүгінде  Жер шарының тұрғындарынан тыныштық кетіп тұр. Оның дауылы бізге де жетті. Қазір қайда барсаң да қымбатшылық алдыңнан шығады. Әлемдік дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ.  Біздің Үкімет қымбатшылықты тежеу бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Бірақ  түрлі қолбайлаулар етектен тартуда.

         Міне, осындай кезде халықты әлеуметтік жағынан жан-жақты қолдаудың маңызы зор. Өйткені, Қазақстан халқы біртұтас, бір мемлекетті құрап отыр. Бір үйдің балалары бірдей тұрмыс кешуі керек.

         Ел Президентінің жаңа Жолдауын ынта қоя тындадық. Көп ой салды. Жаңа бағытта, жаңаша көзқараста өмір сүруге бейімделуіміз керектігін ұқтық. Мемлекет басшысының ең төменгі жалақы деңгейін көтеру керектігі жайлы тұжырымы бәріміздің ойымыздан шықты. Рас, көптеген кәсіпорындар, мекемелер, басқа да жұмыс берушілер қызметкерлеріне төмен деңгейлі еңбекақы белгілейді.  Айталық, бір адам 80 мың теңгеге жұмыс істейді делік. Бұл қаржы дәл қазіргідей қымбатшылық кезінде қай жыртығына жамау болады? Шөптің басын сындырмай-ақ миллион теңге алып отырғандар барын қазір ешкімнен жасыруға болмайды. Сонда азаннан қара кешке дейін тырбаңдап тер төккен адамның арзымайтын сексен теңгеге байланып отыруы қай жағынан алып қарағанда да қиянат емес пе? Сондықтан ең төменгі еңбекақыны  көтеру мәселесі орынды көтеріліп отыр деп есептеймін.

         Жолдауда бұдан басқа да жақсы жаңалықтар жеткілікті. Мұны Жолдаудың әрбір жолын астын сызып отырып мұқият оқығанда айқын аңғарасыз.  Біз бұл Жолдауды жаңғырудың жаңа белесі ретінде қабылдадық.

                   Аслан ИБАДУЛЛАЕВ,

                   Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасы басшысының міндетін атқарушы.

Пікір қалдырыңыз