Бакуге сапар – нәтижелі сапар болды

БАКУ. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады» деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Ең алдымен, керемет қала Бакуға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін кең ауқымды мәселелер жөнінде жемісті келіссөз жүргіздік. Әзербайжан президенті дұрыс атап өткендей, ешқандай проблема, кедергілер болған жоқ. Керісінше, экономикалық салада болсын, гуманитарлық бағытта болсын нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін күш-жігерді арттыруға өзара ниет таныттық.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жарғысы мен қарарларына сәйкес территориялық тұтастығын жеңіспен қалпына келтіре отырып, Әзербайжан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығын атап өткім келеді. Әрине, бауырлас ел Әзербайжанның ұлттық көшбасшысы, президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің жеке еңбегі зор. 
Менің бұл сапарым мерейтойлық дата – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында өтуінің де символдық мәні бар. Нақтырақ айтсақ, үш күннен кейін біз бұл датаны атап өтеміз. Жалпы, мен өзімнің қызметтік міндетіме байланысты елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты дамыту процесіне алғашқы күндерден-ақ араласқанымды айта кету керек. Біз ұзақ жолды жүріп өттік.
Біз ықпалдастықты басынан бастадық және бүгінде біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық туралы сенімді түрде айта аламыз. Осы серіктестігімізді одан әрі нығайту, оны әртараптандыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл – алға қарай жасалған нақты қадам. Арамызда сенімді саяси диалог орнады, мемлекеттеріміз халықаралық алаңдарда, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ, Түрік мемлекеттерінің ұйымы аясында ынтымақтасып келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Ильхам Гейдароғлу, сізге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысын шақыру туралы Қазақстан бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын. Биылғы қазан айының ортасында біздің еліміздің астанасында саммит өтеді және оған сіздің қатысуыңызды асыға күтеміз. Бұл шараға сіздің атсалысуыңыз күтілетін нәтижеге қол жеткізу тұрғысынан оң әсер ететініне сенімдіміз.
Ортақ күш-жігердің арқасында мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықтың да күшейіп келе жатқаны қуантарлық жайт. Әрине, бұл халықтарымыздың одан әрі жақындасуына зор септігін тигізеді. Мен бүгін елімізде Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізу туралы бастама көтердім. Бұл шараның танымалдығына ешқандай күмән келтірмеймін. Себебі халқымыз әзербайжан мәдениетін, оның өнер қайраткерлерін сағынғаны анық. Бұл іс-шара сәтті өтеді деген ойдамын.
Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы көлік-логистикалық саласын дамыту мәселесін егжей-тегжейлі талқыладық. Жан-жақты талдап, екі ел үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді деп айта аламыз және бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне күмән жоқ. Қалай болғанда да, Қазақстан тарапында ынтымақтастықтың бұл түрін дамытуға қызығушылық жоғары.
Жалпы, сапарымның нәтижесін өте табысты деп бағалаймын. Ең алдымен, Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевке, сондай-ақ оның үкіметіне ынтымақтастығымызды тереңдету жолындағы өте жемісті жұмысы үшін алғыс айтқым келеді» деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікір қалдырыңыз