Өзбек өз ағам, қазақ көз ағам!

Ал, халықтар арасындағы достық біреудің қалауымен емес, өмірлік қажеттіліктен туындайды. Әр ұлттың көршілес ұлттармен тату-тәтті өмір сүруі – әрі ұлттық, әрі жалпыадамзаттық құндылық.
Жаратушының өзі бізге – қазақ пен өзбек халқына көрші болу деген баға жетпес сый берді. «Аула алма, көрші ал!» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған. Ежелден бір топырақтың үстінде, бір күннің астында бір өзеннің суын ішіп келеміз. Біздің тамырымыз бір!
2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы және 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы деп белгіленгені – біздің ортақ тарихымыз бен ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан бай мәдени мұрасымен дәлелденген халықтарымыз арасындағы бауырластық байланыстардың жарқын көрінісі.
– Екі бауырлас халықтың достығы нығая берсін! – дейді Науайы облысы, Үшқұдық ауданындағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Қайырбай Дінбаев. – Себебі, шуақты елде іргелес жатқан бұл екі елді «ауылы аралас, қойы қоралас!» деп бекер айтпаған.
«Өзбек пен қазақ халқының мәдени қарым-қатынасы ежелден дамып келеді, салт-дәстүрдің ортақтығы бұл қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет етеді» – дейді Науайы облысы, Үшқұдық ауданы, «Көкаяз» ауылдық азаматтар жиынының төрағасы Ерхан Қоспанов. – Өзара қарым-қатынасымыздың одан әрі жақсарып келе жатқаны, екі ел арасындағы жақын көршілік қатынастың тағы бір белеске көтерілгендігі, ілгерілеуге бірге қадам басып келе жатқаны көңіл қуантады.
– Өзбекстан менің - Отаным! – дейді Науайы облысы, Үшқұдық ауданындағы 9-мектептің мұғалімі, ақын Қайрат Ахметов мақтанышпен. – Мен осы тамаша елде туып-өстім. Қазіргі таңда мектепте мұғаліммін, сонымен қатар «Үшқұдық» Мәдениет үйі жанынан құрылған «Аққанат» балалар вокальдық ансамблінің продюсерімін. Мұнда әр өнерпазға өз өнерін көрсетуге барлық жағдай жасалған. Балаларымыздың ана тілінде білім алуы, ақын-жазушыларымыздың ана тілінде шығармашылықпен айналысуы осы елге, өзбек халқына деген шексіз алғысымызды арттыра түседі.
Жоғарыдағы ойымызды жалғастыратын болсақ, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын атап өту аясында көптеген іс-шаралар мен конференциялар ұйымдастырылды. Ел басшыларының қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттауға бағытталған шешімі – соның бірі.
Қаулыны жүзеге асыру аясында өзбекстандық оқушылар арасында «Абай шығармашылығының білгірі» атты эссе байқауы өткізіліп, Үшқұдық ауданындағы 9-мектептің 11-сынып оқушысы Гүлперизат Қонарбаева бірінші орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ, оқу орындарында, махаллаларда, кәсіпорындар мен ұйымдарда әдеби-көркем кештердің ұйымдастырылуы да ұлы Абайға деген құрметтің көрінісі еді.
Расында да, өзбек пен қазақ халықтары ежелден салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары ұқсас елдер. Ал, біз сол ата-баба дәстүрін жалғастырудамыз! Жалғастырып қана қоймай, бізді бірлестіріп тұрған бұл дәстүрлер одан әрі байып, дамып келеді!
Райхан ҚАДІРОВА,
«Үшқұдық» газетінің бас редакторы.
Науайы облысы, Үшқұдық ауданы, Өзбекстан Республикасы.