Туризм – түпсіз пайда

Ал, біз оны қаншалықты дамыта алдық?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Әлемде бір ғана туризм саласының өзімен-ақ шекесі шылқып отырған елдер баршылық. Туризм саласы әлемдік экономикада ойып тұрып орын алады. Дүниежүзілік туризм қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігі осы салаға тиесілі екен. Жер-жаһанда Франция, АҚШ, Испания, Италия, Қытай, Түркия, Ресей елдеріне сапарлап барушы туристердің санында есеп жоқ. Бұл мемлекеттер жыл сайын туризм саласына құйған ақшасын екі-үш еселеп қайтарып алып отырады. Ал, біздің еліміз ше? Қазақстан бұл салада солтүстік пен шығыстағы көршімізді айтпағанның өзінде, Орта Азиядағы көршілерімізбен иық тірестіруге жарамайды. Ащы болса да, ақиқаты осы! Оның нақты себептері неде? Туризм не себепті тұралап қалды? Бүгінде әңгіме осы мәселелер төңірегінде болмақ.

Туризм туралы әңгіме бастамас бұрын оған анықтама бере кетейік. Жалпы, туризм саласы демалу, мәдени, қоғамдық, спорттық, экономикалық, конгрестік туризм болып 6-ға бөлінеді. Осының ішінде біздің елде дамытуға қолайлысы демалу, мәдени және спорттық туризм болып табылады. 

Түркістан облысы Қазақстандағы мәдени туризмнің отаны саналады. Өңірімізде бірнеше тарихи нысандар мен киелі орындар бар. Жасыратыны жоқ соңғы уақытта облысымыздағы тарихи орындарға саяхаттаған туристердің де саны артқан. Облыстық туризм басқармасы мамандары берген мәліметке сенсек, биыл Түркістанға келушілер саны былтырғыдан 23 пайызға көп. Соңғы 6 айда «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражайына 400 мыңға жуық турист келген. Әрине, мұндай көрсеткіштер көңіл қуантады. Алайда, біздің облыстың туристік әлеуеті бұдан да жоғары болуы тиіс. Қалай дейсіз бе? Айтайық.

Туризм саласын жалғыз тарихи туризммен шектеп қоюға болмайды. Түркістандағы туризм де киелі жерлерді аралаумен шектеліп қалмауы тиіс. Облыс аумағында 1 754 тарихи және мәдени ескерткіш бар болса, қонақтар мен демалушыларға арналған 214 демалыс орны, 68 емдік-сауықтыру орталығы, 102 демалыс-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Демалыс-сауықтыру орындары, әсіресе, таулы аудандарда көбірек. Мәселен, Төлеби ауданында – 71, Түлкібас ауданында 22 орталық бар. Өзбек ағайындар айтпақшы, гәптің бәрі осындай демалыс-сауықтыру орталықтарынан шығады. Ондай орталықтардың бәрі жеке адамдардың меншігінде. Елді мекендерді стратегиялық дамыту жоспарына сәйкес бірқатар жер телімдері мақсаттылығына қарай жекеменшікке берілген. Ал, ол жердегі сауықтыру орындарында демалу бағасын кәсіпкер өзі белгілей алады. Бағаны Табиғи антимонополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті қадағалауы керек. Алайда, аталған департамент мамандарының жұмысына елдің бәрінің бірдей көңілдері тола бермейді. Оған негізінен біздегі туристік демалыс-сауықтыру орындарындағы бағаның ретсіздігі себеп болып тұр. 

Мәселен, Төлеби ауданындағы бір демалыс аймағын жалдау құны 200 мың теңгеден басталады. Біркөлік ауылындағы «Маяк» демалыс аймағында ағаштан қиып салынған 4 үй бар. Оның барлығын жалдау үшін қалтаңыздан 200 мың теңге шығарасыз. Жаз болған соң үйдің ішіне қона алмайтыныңыз тағы бар. Ол үшін «Маяк» сізге тапшан ұсынады. Оның әрқайсысы 30 мың теңгеден. Үлкен тапшанды жалдау құны – 60 мың теңге. Ал, бұдан бөлек азық-түлігіңіз, жол шығыныңыз, аспазға беретін ақшаңыз тағы бар... 

Дәл осы Біркөлік ауылында өзге демалыс аймақтары да жетерлік. Ағаштан қиып салынған үйлерге қарағанда 2 қабатты коттедждерді құп көрсеңіз, олар да табылады. Тек олардың бағасы 200 мың теңгеден қымбаттау. Ең арзан деген коттедждің өзін 250-300 мың теңгеге жалдауға тура келеді. 

Салыстыру үшін айтайық, Қырғызстандағы туризмнің қайнаған жері – Ыстықкөлде демалу бұдан әлдеқайда арзан. Жол шығыны, тамақ, жатын орын мен жағажайда демалуды есептегенде бір отбасы 100 мың теңгенің төңірегінде ғана ақша жұмсайды. Қасқасуда емес, Боралдайда емес, Шардарада емес, Ыстықкөлде шомылатындардың саны осы себептен артып отыр. 

Ішкі туризмнің тұралап қалуына тағы бір үлкен себеп бар. Ол – ішкі әуе рейстері бағасының тым қымбат болуы. Туристік фирмалар әуе билеттері мұнай өндіруші Қазақстанға қарағанда, мұнай өндірмейтін Қырғызстанда әлдеқайда арзанырақ дейді. Сөзіміз дәлелді болу үшін әуе, теміржол билеттерін сататын сайттарды ақтарып шықтық. Расында да, біздің елде ішкі рейстер тым қымбат екеніне көз жеткіздік. Мәселен, Семейдің қазағы Түркістанды көруі үшін әуежай кассасына 70-80 мың теңге төлеуі керек. Павлодарлықтар үшін бұл баға 52 мың мен 98 мың теңгенің аралығында. Салыстыру үшін түртіп алыңыз, Бішкектен Ош қаласына әуе арқылы жету құны – 40 мың теңге. Ал, көрші өзбек елінде Ташкенттен Самарқан қаласына қатынау небәрі 17 мың теңге екен. Жаз айларында әуе және теміржол билеттері күрт қымбаттап кетеді. Бұл жалғыз еліміздегі ахуал емес. Көрші елдерде де 3 ай бойы билет бағасы шамадан тыс қымбаттайды. 

Біз жоғарыда атаған проблемалар ішкі туризмнің дамуын тежейтін негізгі факторлар. Дүниежүзілік туристік қауымдастық алдағы уақытта бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің туристік әлеуеті артады деген болжам жасап отыр. Бұл – біздің еліміз үшін қолайлы болжам. Алайда, сарапшылар Қазақстанға өзгелерден ерекшеленіп тұратын турөнім керек дейді. Онсыз біздің ішкі және сыртқы туризмнің дамуы екіталай. Елімізде турөнім жасаудың екі бағыты бар. Оның бірі – тарихи-мәдени туризм болса, екіншісі – экотуризм. Оған сафари, тауға шығу, аң және балық аулау жатады. Негізінен мұндай туристік орындарды Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағынан ашқан тиімді. 

Туристерді көптеп тарту мақсатында өңірімізде ешнәрсе қолға алынған жоқ десек, өтірікші боламыз, бірқатар қадамдар жасалды. Мәселен, «Жетікөл» балық аулау орны, Шардарада «Алтын жағажай» ашылды. Алайда, жоғарыда атаған проблемалар бұл орындардың да дамуын тежеп тұр. Айтуды ұмытып барады екенбіз, мұндай демалыс орындарымен байланысу үшін бірыңғай орталық жоқтың қасы. Тек туристік фирмалар арқылы ғана байланысуға болады. Ғаламторды ақтарып, осындай орындардың тізімін байланыс нөмірімен қоса алғанбыз. Ол телефондарға ешкім жауап бермеді. Біз сияқты ғаламторда көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, байланыса алмаған қаншама турист өңірімізге саяхаттаудан бас тартты екен?..

Бір жылдары еліміз Дүниежүзілік туристік қауымдастықтың «қара тізіміне» енген-ді. Онда Қазақстан туристер үшін қауіпсіз емес делінген. Оған бірнеше себеп бар. Оның негізгілеріне тоқталар болсақ, туристік нысандарда инфрақұрылымның дамымағандығы, ол жерлердегі жергілікті халықтың туристерге деген теріс көзқарастары туралы айтылған. Осы жерде мәдениеттің туризмге әсері туралы әңгіме қозғауға болады. Яғни мәдениеті дамыған өңірде туристерге барынша қолайлы орта қалыптасады. Қанша жерден қанға сіңген қонақжайлылығы болса да, материалдық жағдайы төмен территорияда туристерге оң қабақ танытатындар жоқтың қасы. Мойындайық, бізде туристерге деген мәдениеттің қалыптасуына кедергілер көп.

Елдің атын әлемге әйгілейтін салаларға спорт, мәдениет, туризм кіреді. Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде спорт саласында, мәдениет саласында еліміздің атын шығарып жүрген азаматтар баршылық. Алайда, еліміз үшін туристік имидж қалыптастыру әзірге мүмкін болмай тұр. Оның себебін жоғарыда санамалап айтып бердік. Министрліктің, тіпті жергілікті биліктің деңгейінде шешілетін мәселелер туризм саласының дамуына тежеуші фактор болып тұр. Ішкі туризмнің дамуын патриоттықпен өлшеп қоятындар да жетеді. «Дубайға ақша шашқанша, өзіміздің Оқжетпеске бармайсың ба?» деген секілді пафостық әңгімелерді де анда-санда болса да естіп қалып жатамыз. Бағасы қолжетімді, жағдайы жасалған демалыс орны болса, қазақтың Дубайшылап несі бар?! Осыны білу үшін қаншалықты ақылды болу керек, «патриоттар»?..

Пікір қалдырыңыз