Жаздық шинадан неге шулы дауыс шығады?

Жүргізушілердің басым бөлігі қыс немесе жаз мезгілі аяқталғасын, көлік доңғалағының маусымдық шинасын ауыстырады. Соның ішінде жазғы шинамен жүргенде доңғалақ тұсынан шығатын шулы дыбыс күшейіп кетеді. Осы орайда «жазғы шина қысқы шинаға қарағанда неліктен қатты дыбыс шығарады?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. 

Біз бүгінгі мақалада тек қана жазғы шинаның шулы дыбысы жайлы сөз қозғаймыз. Өйткені, кейбір жүргізушілер жазғы шинаны салғаннан кейін өзгеше дыбыстар естіп, жағдайға алаңдай бастайды. Сондықтан алдымен әртүрлі маусымға арналған шина түрлерінің қандай айырмашылығы бар екенін түсініп алайық. Біріншіден, шина әр мезгілде әртүрлі қызмет атқаруы тиіс болғандықтан, оларды өндіруде қолданылатын резеңке қоспасының құрамы да әртүрлі болады. Мысалы, жаздық шина кез келген ыстыққа шыдап, тозу процесіне максималды түрде төзімді болуы қажет. Ал, қысқы шиналар өндірісінде әлдеқайда жұмсақ резеңке қолданылады. Себебі, аяз кезінде резеңке кей материалдар сияқты қатып қалмай, қарлы, мұзды жолмен жақсы жанасуы керек. Екінші айырмашылық – жолмен жанасуына байланысты. Мәселен, жазғы шиналардың протекторлары таяздау болса, қысқы резеңкелердікі қар мен мұз басқан көшемен жақсы жанасу үшін терең болып құйылады. Енді екі түрлі мезгілге арналған шиналардың айырмашылықтарын түсініп болсақ, жазғы шиналардың шулы дыбысы неге қаттырақ шығатыны жайлы айтайық.
Біздің елімізде кейбір жолдарды салғанда қабатын толтыру үшін көп мөлшерде қиыршық тас қолданылады. Бұл шинаға асфальт жабынына қарағанда әлдеқайда өзгеше әсер етеді. Яғни қиыршық тастар қозғалыс кезінде материалы қатты жазғы резеңкенің протекторына тиіп, қаттырақ дыбыс шығарады. Тиісінше, қиыршық тас әлдеқайда жұмсақ болып келетін қысқы резеңке протекторына тисе, бұлай қатты дыбыс шықпайды. 
Жазғы шиналардан шығатын шулы дыбыстың екінші себебі – шинаның айналуы кезінде пайда болатын ауаның микро-түтіктері. Яғни жолда жылдам қозғалған кезде жазғы шиналардың тігінен құйылған протектор блоктарына енген ауа тез шығып кете алмайды. Ал, көптеген ойықтары мен бағыттары бар қысқы шиналардың протекторы ауаны барлық бағытта еш қиындықсыз өткізіп, шулы дыбыстың шығуына жол берілмейді. Сол себепті кейбір өндірушілер жазғы шиналардың осындай шуылын азайту үшін протекторға арнайы бүйірлік ойықтар қосады. 
Дөңгелектің ішіне үрленген ауаның қысымы да жазғы шиналардан шығатын шулы дыбысқа әсер етеді. Бірақ, кейбір жүргізушілер дәл осы доңғалақ «желінің» қысымына мән бермейді де, не көп, не аз болып қалады. Физикалық заңдылықтарға сәйкес, ол қысымның да белгіленген межесі болады ғой. Сондықтан дөңгелектің ауа қысымын мамандарға тексертіп немесе өзіңіз біліп алып, әрдайым бақылауда ұстаған жөн. Доңғалаққа үрленген ауа қысымының 0,1-0,2 шкалаға төмендеуі шиналардың жолмен жанасуын жұмсартып, ыңғайлы әрі дыбыссыз ететінін ұмытпаңыз. Бірақ, көлігіңізге ауыр жүк артатын болсаңыз шинадағы қысымды төмендетуге тыйым салынады. 
Сондай-ақ, жазғы шинадан шығатын шуылдың себебі – шинаның өзі болуы мүмкін. Егер арзан шина салсаңыз, оның сапасы да төмен, құрамы да әлсіз болады. Ал, ондай шинаның шулы дыбысы қатты шығуы әбден мүмкін. 
Тағы бір айта кетерлік мәселе – кейбір өндірушілер шинаның қаттылығын және оның жолдағы қауіпсіздігін арттыру үшін жақтауын арнайы күшейтеді екен. Әлбетте, бұл тауардың қауіпсіздігін арттырады. Дегенмен, мұндай шиналардан шу қатты шығатын көрінеді. Сондықтан жазғы шина алатын кезде барынша сапалысын таңдауға тырысыңыз. Бірақ, қандай жағдай болмасын, жазғы шиналардан шулы дыбыс шығатыны заңдылық. Алайда, мұндай дыбыстан құтыламын деп, жаз мезгілінде құрамы жұмсақ қыстық шина салуға болмайды. Өйткені, суық мезгілге арналған резеңке ыстық ауа райында тез тозады.
 
Бауыржан Ерман.
Пікір қалдырыңыз