Жүргізушілердің де өз «тілі» бар

Шынында тәжірибелі жүргізушілердің өздеріне түсінікті «тілі» болады. Ал, көлік тізгінін жаңадан ұстағандар ол «тілді» тезірек түсініп алуы қажет. Өйткені, біз сөз еткелі отырған қарапайым ережелерді білген адам көлігінен шығып, басқа жүргізушілермен сөйлеспей-ақ жол үстіндегі жағдайларды, қозғалысты оңай түсінісе алады. 

Мысалы, сізден жол сұраған көлікті өткізіп жіберсеңіз, ол бірден апаттық белгіні жағады. Негізінде ол сіздің жол беріп, қолайлы жағдай жасағаныңыз үшін осылайша алғысын білдіреді. Егер сізге де біреу жол берсе, осындай ишарамен рахмет айтып кетіңіз. Әйтпесе, бұлай алғыс білдірмесе, кейбір жүргізушілер жол бергеніне өкініп қалуы мүмкін. 
Сарапшылардың айтуынша, жүргізушілер арасындағы сыйластық жолдағы қозғалыстың қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі екен. Сондықтан біз қарастырып отырған жүргізушілердің «тіліне» жататын терминдерді есте сақтап, жолда қолданып жүріңіз. 
Қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлік жарығын екі рет жылдам жағып, өшірсе, бұл – «алдыңда жол полицейлері тұр» деген сөз. Немесе сіз бет алған бағытта қандай да бір жол апаты, жол жөндеуі секілді кедергілердің бар болғаны. Әдетте, мұндай белгіні қарсы бағыттағы бірнеше жүргізуші көрсетеді. Сондықтан әрбір жүргізуші тек алдын ғана емес, жан-жақты да бақылап отырғаны абзал және жанашыр жүргізушілерге қол көтеріп, рахмет айтуды да ұмытпаңыз. 
Артыңыздағы көліктің алысқа түсетін жарығы бір рет жанып, өшсе, «жол бер!» дегені. Мұндай кезде жолдың оң жағындағы жолаққа ауысып, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлікті өткізіп жіберу қажет. Сонымен қатар, қала ішінде қарсы бағытта келе жатқан көлік жүргізушісі алысқа түсетін жарығын бір рет жағып-өшіріп, «жол беремін» деген белгі береді. Бұл белгі, әсіресе, жолдан бұрылатын кезде және кептелісте көп көмегін тигізеді. 
Әрбір жүргізуші бұрылыс белгісін жағуды дағдыға айналдыруы қажет. Тіпті, өзінен басқа ешкім жоқ болса да осы әрекетті жасауға дағдыланғаны дұрыс. Себебі, кез келген жерде бұрылыс белгісін жақпай бұрыла салып, жол апатын тудыруыңыз әбден мүмкін. Сондай-ақ, бір көліктен басып озар кезде сол жақтағы, ал басып озып, сол көлік жүріп бара жатқан жолаққа ауысатын болсаңыз, оң жақтағы бұрылыс жарығын жағу қажет. 
Егер артыңызда келе жатқан көліктің оң жақтағы бұрылыс жарығы бірнеше рет жанып-өшкенін байқасаңыз, онда ол жүргізушінің сізге «жол жиегіне тоқта» дегені. Бірақ, солай істеді екен деп бейтаныс аумақта, танымайтын көлікке тоқтай беруге де болмайды. Өйткені, қазір ұзақ жолда «жемтігін» күтетін арампиғылдылардың да жүруі әбден мүмкін. 
Бұрылыс белгісіне қатысты тағы да бірнеше ереже бар: 
● Жақын маңдағы қиылыстан бұрылғыңыз келсе, бірнеше қиылыс бұрын бұрылу белгісін қосуға болмайды. Бұл әрекетіңізбен басқа жүргізушілерді шатастырасыз; 
● Бұрылғаннан кейін бұрылыс белгісін өшіруді ұмытпаңыз. Әлбетте, қазіргі көліктердің бұрылыс белгілері автоматты түрде өшеді. Бірақ, кейде ол жүйе істемей қалып, басқа жүргізушілермен түсініспей қалуыңыз мүмкін; 
●Егер өзіңіз жүріп келе жатқан жолақтан шықпайтын бұрылыс болса, белгіні қосудың керегі жоқ; 
● Артқа қарай қозғалғанда да бұрылатын жақтың белгісін қосып қойыңыз. 
Алдыңыздағы жүк көліктерін басып озу кезінде абай болу қажет. Себебі, олар үлкен әрі ұзын болғандықтан, қарсы бағытта көлік келе жатқаны көрінбеуі мүмкін. Оның үстіне, биік көліктің жүргізушісі сіздің озғалы жатқаныңызды оңайлықпен көре алмайды. Бұл жағдайда жарықты қайта-қайта жағып, өшіріп, бұрылыс белгісін қосу көмектеседі. 
Алдыңыздағы көліктің апаттық белгісі бірден қосылып, тежегіштің жарығы қайта-қайта жанып-өшсе, жолда қандай да бір кедергінің бар болғаны. Мұндай сәтте сіз де апаттық белгіні қосып, тежегішті басып, көліктердің арақашықтықты сақтауын ескертуіңіз керек. Сондай- ақ, алдыңыздағы көлік түнде апаттық белгісін қосса, оған қолайсыздық тудырып жатқаныңызды білдіруі мүмкін. Мұндай сәтте алдымен алысқа түсетін жарықтың өшкен-өшпегенін тексеріңіз. Себебі, ол қосылып тұрса, алдыңыздағы жүргізушінің жолды көруіне кедергі келтіреді. 
Негізінде жүргізушілер арасында мұндай ым, ишаралар өте көп. Біз барлығына ортақтарын ғана атап өттік. Сондықтан көлік жүргізетін адам жүргізушілер арасындағы белгілер жайлы ізденіп, хабардар болып жүруі қажет. Өйткені, жолда жалғыз сіз жүрмейсіз, мұндай жағдайда жүргізушілердің өзара тіл табысуы өте маңызды.
Пікір қалдырыңыз