Шардаралықтар ағын судан тапшылық көрмейді

Шардара ауданында биыл 57 800 га суармалы алқапқа әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Осы егістік алқапқа сор шаю, ылғалдандыру және егілген дақылдарға жазғы вегетациялық суару жұмыстарына қажетті су лимитін бөлу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» РМК мекемесіне сұраныс хат жолданды. 
Тиісінше аталған мекеме тарапынан жылма-жыл ауа райының құрғақ болуынан ағын су тапшылығының орын алу мүмкіндігін ескеріп, сұратылған су мөлшерінің 30 пайыз көлемі қысқартыла отырып, ауданға 749,090 млн. м3 ағын су лимиті бекітілді.
Ауданда көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуді ұйымдастыру үшін аудан әкімінің өкімімен аудандық штаб құрылған. Штаб мүшелері бекітілген кестеге сәйкес аудандағы барлық шаруа қожалықтары төрағаларымен басқосу өткізді. Жиында егістік алқаптарға суды аз талап ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді, егістік алқаптардың бойында орналасқан ағын су нысандарын (каналдар, сбростар, ағын су реттеуші қондырғылар, т.б.) талапқа сай ретке келтіру, қатаң түрде кезекпен су алу қажеттігін шаруаларға түсіндіру ұсынылды. 
Осы орайда, ағын суды үнемдеуде және қысқа мерзімде алқаптарды суаруда ауданда ИДЖЖЖ-2 жобасы аясында атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін берді. Шаруалар егістік алқаптарға көктемгі сор шаю, ылғалдандыру жұмыстарына 124,29 млн.м3 ағын су пайдаланған болса, жазғы вегетациялық суару маусымы барысында жобамен 227,92 млн.м3 су пайдалануы мүмкін. 
Жалпы жүйелі ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда көктемгі және жазғы вегетациялық суару жұмыстары барысында су жетіспеушілігі проблемасы орын алған жоқ. Қазіргі таңда «Казсушар» РМК мекемесі тарапынан шаруалардың сұраныстарына сәйкес, егістік алқаптарға қажетті су көлемі толықтай жеткізілуде. 
Айта кетсек, жылда жауын-шашынның аз мөлшерде түсіп, құрғақшылық салдарынан ағын су көлемі азаюы шаруаларға біршама кедергі келтіргені мәлім. Ағымдағы жылы да ағын су тапшылығы орын алуы күтілген болатын. Алайда, биыл көктемгі жауын-шашын мөлшері мен көршілес мемлекеттердің тұрақты су беруі және шаруалардың суды тиімді пайдалануы едәуір оң әсер етіп, диқандар уақтылы ағын су алып отыр. Қазіргі таңда аудан диқандарына қажетті ағын су мөлшері толық жеткілікті.
Пікір қалдырыңыз