Үздік отандық тауар өндірушілер анықталды

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен көрме байқауда азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында және құрылыс индустриясында өзіндік орны бар 70-ке жуық тауар өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, Түркістан облысы кәсіпкерлік субъектілерінің саны жөнінен Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін үшінші орында келеді. 

– Кәсіпкерлерік – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10 мыңға артып, бүгінде 155 мыңға жетті. Бұл Мемлекет басшысының  және Сіздердің еселі еңбектеріңіздің нәтижесі. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге үлкен қолдаулар көрсетілуде. Енді тек шикізат пен тауар шығарып қана қоймай, оны тереңірек өңдеу мәселесіне бет бұру керек, – деді.
Өңір басшысы отандық өнімдер қойылған көрмені аралап, өнім өндіруді қолға алған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Шынтуайтында, көрмеге қатысқан тауар өндірушілердің қай-қайсысы да бәсекеге қабілетті. Қала берді, көрмеге алғаш қатысып отырған 20-дан астам кәсіпкердің де тауардың сапасы мен бағасына барынша көңіл бөлгені байқалады. Содан болар, көрмені тамашалауға келген тұрғындар мен қала қонақтары отандық өндірушілердің тауарларына сүйсініп, бірден сатып алып жатты. 
Кәсіпкерлер ісін қаржыландыруда КМF микроқаржы ұйымының орны ерекше екенін айрықша атап өткен жөн. Құрылғанына биыл 25 жыл толып отырған компания Қазақстандағы шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығына микрокредит ұсынады. KMF-тің аймақтық директоры Нұриддин Жасымбековтың айтуынша, ұйымның Қазақстан бойынша 260 мыңдай клиенті бар.
– Қаржы ұйымы 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Өңір бойынша 250 мыңнан аса клиентіміз бар, соның 80 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері. Компанияның өзінде бизнесті дамытуға арналған кешенді бағдарламалар бар. Соның аясында клиенттердің қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесін тиімді жүргізу бағытында арнайы дәрістер өткіземіз. Мұның барлығы компания есебінен жүргізіледі, – дейді Нұриддин Әбдіәшімұлы.
Компанияның шағын және орта бизнестің дамуына үлкен қолдау көрсетіп жатқанын кәсіпкерлер де растап отыр. Көрмеге қатысқан түркістандық Шухрат Нәбиев басшылық ететін «Divalux» серіктестігі жиһаз өндірумен айналысады. Бүгінге дейін 10 мыңға жуық жиһаз жасап үлгерген шеберлер тапсырыстың республиканың әр түкпірінен келіп түсетінін айтады.
-Біздің серіктестік Қарашық ауылында орналасқан. Қазір ондағы бірнеше цехта 250 адам жұмыс істейді. Алғашында бұл істі түрік компаниясымен бірге бастағанбыз. Олардан көп нәрсе үйреніп, кейін өзіміз жеке серіктестік аштық. Әрине, кәсіп бастаған соң оған қаржы керек. Өндіріс қуатын арттыру үшін соңғы үлгідегі станоктар қажет болды. Ол үшін КМF қаржы ұйымына жүгіндік. Бес жыл бойы компаниямен тығыз жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесінде бүгін осындай ауқымды көрмеге қатысып отырмыз. Сондықтан кәсібіміздің өрге басуына қолдау көрсетіп келе жатқан КМF-ке алғысымыз шексіз, – дейді Шухрат Нәбиев.
Ал, отырарлық кәсіпкер Сымбат Жамалқызы ұлттық киімдер тігумен айналысады. 2012 жылы шағын кәсіп ашып, кейінгі ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді.
– Қазақтың ұлттық киімдерін, қазақтың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтарын біз дәріптемесек, ол басқа ешкімге керек емес. Бұл кәсіппен 10 жылдан бері айналысып келемін. Әлі есімде, сол кезде КМF-тен болмашы ақша алдым. Алған тапсырыстарды орындап, ол несиені бірден жаптым. Содан бері тығыз қарым-қатынастамыз. Қаржы керек бола қалса, КМҒ-ке барамын. Былтыр 3 миллион теңге алдым. Мұның барлығы кәсіпкерлерге деген үлкен қолдау, –дейді кәсіпкер. Бүгінге дейін қаншама кедергіні еңсеріп, көптеген жетістіктерге жеткен кәсіпкер қажет кезінде  қол ұшын созған КМF-ке алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында Сымбат Жамалқызы пандемия кезінде мұқтаж жандарға тегін маска таратып, 150 оқушыға ақысыз мектеп формасын тігіп бергені үшін KMF-Демеу компаниясы тарапынан әйел кәсіпкерлер арасында «Әлеуметтік жауапкершілікті бизнес» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Хабибулла-Ата» ЖК және «ART Boilers» серіктестігі жеңімпаз атанса, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «SEM BRAND» ЖК, «Арай» ӨК, «Арыс Минералды Су» ЖШС-і топ жарды. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Бөрте милка» ЖШС, «Хамит» АТК және «Көрік» ЖШС-і өзгелерден оқ бойы озық көрінді. Өзге де аталымдар бойынша үздіктер анықталды. 
Айта кетейік, өңірлік көрме KMF микроқаржы ұйымы және «KMF-Демеу» қорының демеушілігімен өтті.
Пікір қалдырыңыз