Өңір кәсіпкерлері көш бастап келеді

Ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі саналатын бизнес саласы жыл өткен сайын өркен жайып келеді. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан түрлі жеңілдіктер мен бағыт-бағдарлар бүгінде өз жемісін бере бастағандай. Қай кезде де көш басынан көрініп жүрген Түркі­стан облысы шағын және орта бизнесті өркендету көрсеткіші бойынша да озық шығып, еліміздегі үздік үштіктің қатарынан көрінді. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір кәсіпкерлерімен болған кездесуде бұл саладағы жетістіктерді айтып қана қоймай, алдағы уақытта атқарылатын ауқымды міндеттерге де тоқталды.  
– Түркістан облысында халық саны күннен күнге көбейіп келеді. Ол – қуанышты жағдай. Енді сол елге қажетті жұмыс орындарын, өндіріс орындарын көбейтуіміз керек. Түркістан өңірінің тұрғындары қашан да кәсіпкерлікке бейім болған. Кәсіпкерлік субъектілері саны жөнінен облысымыз Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Кәсіпкерлер саны биылғы жылдың өзінде он мыңға өсіп, 155 мыңға жетті. Сондықтан біз кәсіпкерлікке үлкен маңыз беріп, «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламалары арқылы қолдау көрсетіп отырмыз. Түркістандағы құрылыстарды де жергілікті кәсіпкерлер атқарып жатыр, – деген Өмірзақ Естайұлы өңірде «Кәсіпкерлік қырандары» атты жобаны іске қосқанын, онда кәнігі кәсіпкерлер ізденіс үстінде жүрген жастарға өз білгендерін үйретіп жатқанын тілге тиек етті.
Кездесу барысында бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлері, өтініштері мен тың идеялары да назардан тыс қалмады. Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов және өңірлік кеңес мүшелері, жеке кәсіпкерлер, облыстық мәслихаты депутаттары мен қаржы институттарының басшылары қатысты. Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
– Түркістан облысында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, бұрын бұл қалада екінші деңгейлі банктердің толыққанды филиалдары жоқ еді. Бұл мәселе Ұлттық банк тарапынан қолдау тауып, «Халықбанк», «Фортебанк», «Жусанбанк», «БанкЦентрКредит», «Сбербанк» филиалдары ашылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаражат мәселесі осылайша оңай шешілді. Сондай-ақ, жылыжайларда тұқымдар мен тыңайтқыштарды субсидиялауға қолдау көрсетіліп келеді. Статистикаға жүгінетін болсақ, облысымызда қазіргі таңда 160 мыңға жуық кәсіпкердің 52 пайызы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүр. Биылдың өзінде біздің палата кәсіпкерлерге тоғыз мыңнан астам ақпараттық қамтамасыз ету қызметін және бір мыңнан астам сервистік қолдау қызметтерін көрсеткен екен. «Атамекен–Түркістан» МҚҰ қазіргі таңда 226 жобаны 1,8 миллиард теңгеге қаржыландырды, – деді ол.
Кездесудің күн тәртібінде колледждерді сенімгерлік басқаруға беру, Түркістан индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың проблемалық мәселелері, Түркістан қаласында қолөнершілер орталығын ашу және өзге де мәселелер талқыланды. Жеңілдетілген несие, субсидия түйткілдері де сөз болды. Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер көптен бері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. 
Сол күні облыс орталығында «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ кезеңі өтіп, онда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл жобаның кәсіпкерге берері көп екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Бұл жобаның бір ерекшелігі – ірі бизнес өкілдері қаржысы жоқ, бірақ идеясы бар жас кәсіпкерлерге жол көрсетіп, қолдау білдіреді. Аталған жұмыс бойынша бүгінде 44 миллион теңгеге 16 жоба мақұлданып, бизнес бастаған жас кәсіпкерлер өз өнімдерін шығарып жатыр. 
Иә, әрекеті бар адамдарды кәсіпкерлікке тартып, олардың бизнес идеяларын қолдау үшін мемлекет тарапынан да көптеген мүмкіндіктер қарастырылған.  
Айталық, «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы кәсіпкерлер 47 миллиард теңгеге жеңілдетілген 6 пайызбен несие алған болса, «Бизнестің жол картасы – 2025» арқылы жыл соңына дейін 40 миллиард теңге беру жоспарланған. 
Ал, «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы бірінші кезекте стартап жобалар үшін қажетті қаржылай қолдау болса, екенші кезекте қаржы салымын жасаған менторлар үшін де инвестиция көзі деп айтуға болады. Яғни, екі тарапқа да тиімді. 
Жобаның осы кезеңіне «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасовтың қатысқанын да айта кетейік. Тағы бір айта кететін мәселе, өңірдегі бизнес саласын одан әрі өркендетіп, жас кәсіпкерлерге жол көрсетуді мақсат еткен жобаны облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі жүзеге асырып отыр. 
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасының үшінші кезеңінде жеті жоба ұсынылған екен. Атап айтсақ, медициналық қалдықтарды жоятын цех, жарқыраған тротуарлық жол плиталарын шығаратын цех, «Тармақтар» кітабы, қолдан ұрықтандыру және ветеринарлық станция, ғарыштық байланыс және спутниктік робототехника кешені, «Eco-Protect» дөңгелектерді қайта өңдеу жобасы және мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әмбебап монша салу бастамасы ұсынылды.
Пікір қалдырыңыз