Жеңілдетілген несиені қалай алуға болады?

Өңірде кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау көп. Соның нақты дәлелі ретінде «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айтуға болады. Бұл бағдарлама арқылы  жыл басынан бері облыс кәсіпкерлері 274 жобаға 9,6 млрд. теңге көлемінде несие алды. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізу жолдарын түсіндіру үшін облыстың қала, аудандарында семинар-кеңестер өткізілуде. Бұл туралы халықпен кездесу барысында облыс  әкімі Өмірзақ Шөкеев тапсырма берген болатын. Жеке кәсіпкерлерге арналған несиелеу бағдарламалары арқылы, яғни жеңілдетілген несие беру бойынша өңірде жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Кәсіпкерлерді қолдауға қатысты мемлекеттік бағдарламалар өңірде сәтті орындалуда.  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасын жүзеге асыруда облыс алғашқы үштіктен орын алады.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н.Иманқұловтың ұйытқы болуымен өткен басқосу барысында «DAMU» АҚ-ның Түркістан облысы  бойынша өкілі Н.Азизовтың және «Halyk Bank» АҚ-ның Түркістан облысы  бойынша басшысының орынбасары А.Келдібаевтың қатысуымен кәсіпкерлік төңірегіндегі түйткілді мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерге 6 пайызбен  жеңілдетілген несие беру бағдарламалары, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламаларының қаржыландыру шарттары туралы да толық ақпараттар беріліп, жолдары көрсетілді.
Жеңілдетілген несие кәсіп ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға беріледі. Оны алу, құжаттарды дайындау үшін «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемесі ақысыз негізде қызмет көрсетеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз