Аптап ыстықтан қалай қорғану керек?

Синоптиктер шілде айында еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы қырық градустан асатынын айтқан болатын. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласының мамандарымен пікірлескен едік. Олар аптап ыстықта денсаулықты күту туралы бірқатар кеңес берді. 
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық, әсіресе, гипертониктер, егде жастағы адамдар мен балалар үшін өте қауіпті. 
«Күннің ыстығынан ересек адамдардың қан қысымы көтеріледі, криздер, инсульттер жиілейді, балаларға күн өтеді, бас ауырады, лоқсу, құсу, тіпті, талып қалу жағдайлары да кездеседі. Сондықтан күн қатты ысыған кезде түскі сағат 12.00-ден кешкі сағат 17.00-ге дейін серуенге шықпаған жөн, күннен қорғайтын бас киім киіңіздер, қолшатыр ұстаңыздар» дейді маман. 
Сонымен қатар, дәрігер ағзада сусыздануды болдырмау үшін сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу керектігін атап өтті. «Сонымен бірге, бөлме температурасындағы суды ішу қажет. Себебі, қатты суық су шөлді қандырмайды және тамақ ауруын туғызуы мүмкін. Дені сау адамдарда судың көлемі тәулігіне үш литрден аспауы тиіс, басқаларда екіден аспауы керек. Физикалық жүктемені шектеу қажет, өйткені, ағза онсыз да артық салмақ көтеріп тұр, тер қатты бөлінеді, жиі душ қабылдауды, шомылуды ұмытпаңыздар» дейді мамандар.
«Қазгидромет» орталығының синоптиктері шілде айының соңында ауа температурасы қатты жоғарылайтынын айтқан. Түнде ауа температурасы +19, +24 градусқа дейін барады. Ал, күндіз +35 пен +40 градус аралығында температура сақталады.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз