Үкімет ұрпақ тәрбиелеуді Ұялыжардан үйренсін!

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Серғали Құрымбековтің Ордабасы ауданына қарасты Бөржар ауылдық округінің әкімі болғанына бір жылдан енді асты. «Ауыл әкімі кітап оқыған балаларға қозы беріп жатыр екен» деген хабарды естіп, оны Бөржар ауылдық округінің орталығы Ұялыжар ауылына арнайы іздеп бардық. 

– Осыдан біраз уақыт бұрын ауыл әкімдігіне «Wi-Fi» ғаламтор желісін орнаттық. Жазғы демалыс уақыты басталғалы ауыл балалары әкімдіктің маңынан шықпайтын болды. Қолдарындағы ұялы телефондарын интернетке қосу үшін осы жерге келіп, күндіз-түні тізіліп отырады. Бұған қалай тосқауыл қойсақ болады деген ой мазалай бастаған еді, – деді ауыл әкімі.  
Аудан орталығында әр аптаның дүйсенбісінде актив жиналысы өтеді. Сондай жиындардың бірінде аудан әкімі Бағлан Батыршаев ауыл әкімдеріне «Балалар жылына» орай балаларды кітап оқуға қызықтыру үшін оларға қозы беру секілді бастамаларды қолға алсаңдар болады» деген идеяны ортаға тастайды. Серғали Құрымбеков жиналыс біте салысымен Ұялыжарға келіп, осы ойды өзімен бірге оқыған сыныптас достарына жеткізеді. Олар мұны қоштай кетіп, қораларынан бір-бір қозыдан алып шығады. 
– Ауылдық кітапхана қызметкері Нұрсұлу Бегімбеттен кітапханаға жиі келетін үш баланың аты-жөнін алып, оларды ауыл әкімдігіне шақырдық. Сөйтіп, балалардан оқыған кітаптарының мазмұнын сұрадық. Үшеуі де түсініктерін айтып беріп, қошақандарын құшақтап алып кетті, – деді ол. 
Серғали Құрымбековтің де кішкентай үш бүлдіршіні бар. 
– Өзім де күнде көріп отырмын, бүгінгі өскелең ұрпақты ұялы телефоннан ажырату, алыстату өте қиын. Бұл тәуелділік оларға қолдарына кітап ұстауға мұрша бермейді. Сондықтан ауыл балаларының кітап оқуға деген ынтасын ояту үшін кітапхана жанына бассейн де орнаттық. 
Мен кітапқа ерекше құмартып өстім. Мектепте тарих пәнін сүйіп оқыдым. Сұлтан деген сыныптасым екеуміз тарихи деректерді айтудан жарысатынбыз. Өлең де жазамын аздап. Ауылда ішкі саясат бөлімінде, жастар бөлімінде жұмыс істеп жүргенімде өзім білім алған Абай атындағы жалпы орта мектебіне кездесуге шақырды. «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында өткен бұл шараға ережесіз жекпе-жектен екі мәрте әлем чемпионы болған ауылдасым Бекзат Жәсия да қатысты. Сол кезде бір оқушы «сізді ұстаздарыңыз әлі күнге дейін «Тарих сабағын жақсы оқыды» деп айтып отырады. Неге тарихшы болмадыңыз?» деп сұрады. Тарих пәнінен бізге Қалдыбек Тайғараев пен Бегімбет Абат ағайларымыз сабақ берді. Олар әрбір сабақты баланың есінде мәңгі қалатындай етіп қызықты өткізетін. Сол кезде мен былай деп жауап беріп едім:
«Тарихты қозғап кетсем белден,
Шыққанмын Бөржар атты талапты  
                                                       елден.
Тарихты көп оқитын бір жігіт ем,
Абай орта мектебінен қанат керген. 
Тарихқа деген алғаш іргетасты,
Тайғараев Қалдыбек ағай қадап берген. 
Шырағын сол тарихтың жағып берген,
Ақылымен өміріме бағыт берген. 
Тарихқа деген алғашқы сезімдерді,
Бегімбет Абат ағай жағып берген. 
Кеткен соң атам, ағам, қасымдағы,
Тарихты қойып қойдым басымдағы,
Сол екеуі  екен ғой шын тіреушім,
Өмірдің ақиқаты расындағы». 
Айта кетейік, бүгінде Бөржар ауылдық округінде 8 елді мекен бар. 12 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде мектеп жасындағы бала саны 2500-ді құрайды. Серғали Асанұлымен тілдесіп болғаннан кейін ауыл кітапханасына бардық. Кітапханашы Нұрсұлу Бегімбет кітапханада 2000 жылдан бері жұмыс істейді екен.
– Біздің мектеп жасындағы 300-ге жуық оқырманымыз бар. Өткен жолы Әлихан Шекербек, Бекзат Назаров және Әділет Өсербай есімді үш оқырманымыз ауыл әкімі тағайындаған сыйлық – марқа қозыны жеңіп алды. Олар биыл 6-сыныпты бітірді. Ауыл округінің әкімі, бұйыртса, тағы 5 бүлдіршін оқырманға қозы атап отыр. Осы жаңалықты естіп, үздік оқырмандар қатарына қосылуға талпынып жатқан қарадомалақтар қатары күн сайын өсуде. Әдетте әншейінде тып-тыныш тұратын оқу залына жан біткендей қазір. 
Биыл «Балалар жылында» кітапханамыздың кітап қоры балаларға арналған әдебиеттермен толыға түсуде. Жаңа кітаптар көрмесін жасаудамыз. Балаларға арналған басылымдардың да барлығы келеді, – деді Нұрсұлу Бегімбет. 
Кітапхананың жанына қойылған бассейн де ауыл балаларының өмірін, күн тәртібін өзгертіп жібергендей көрінді бізге. Олар алдымен бассейндегі салқын суға шомылып алады да, қайтарда кітапханаға соғып, «Апай, жарысқа қатысып, қозы алуымыз үшін қандай кітаптарды оқуымыз керек?» деп кітапханашыдан оқитын кітаптарын алып кетеді екен. Міне, нәтиже! Бұл дегеніңіз – Ұялыжар ауылының әкімі мен тұрғындарының балаларды кітап оқуға шабыттандыра алғанын көрсетеді. 
Жалпы, қазір балалардың кітап оқудан қалып бара жатқанына айтар сылтау да, себеп те көп. Қарап отырсаңыз, Ұялыжар ауылының әкімі мен тұрғындары балаларды кітап оқуға шақыру арқылы қоғамымыздағы ең күрделі мәселенің бірін шешіп отыр. 
Біз бала күнімізде сабаққа барып келгеннен кейін мал жайғайтынбыз. Одан қалса, алыстан су тасып, отын жаратынбыз. Сонда да кітап алмасып оқуға құштар едік. Бүгінгінің балаларында ондай тірлік жоқ. Әр ауылда әрбір үйге дейін газ бен су құбыры тартылған. Сондықтан олардың кітаппен дос болуға мүмкіндігі көп. Тек сол балақайларды үлкендер қызықтыра алса, кітапты көп оқығандарын «Ой, жарайсың!» деп басынан сипаса болғаны... 

P.S: Бөржар ауылы тұрғындарының ауызбіршілігі зор. Ауылда спортты жанына серік еткен бала көп. Олардың арасында чемпион болып жатқандары да бар. Бұрындары мұнда ауыл балаларын спортқа баулитын, қызықтыратын үйірме болмаған. Грек-рим күресінен бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері Бақытжан Маханбетов пен аралас жекпе-жектен Азия, әлем чемпионатында жүлдегер атанған Бекзат Жәсия ауылына оралып, балақайларға спорт үйірмесін ашып беруге мұрындық болған және ауыл балаларының өмірін түбегейлі өзгерткен. Сол үйірме де біз барған кітапхана жанында орналасқан екен. 
Айтайын дегеніміз, спортсүйер ұлдардан да ауыл тұрғындары аянып қалып жатқан жоқ. Біз әңгімеге тартқан мектеп оқушысы Шахмардан Төлепов Украинада джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінен жеңімпаз болып оралғанда, жерлестері оған ат мінгізіпті. Бұл оның ауылдастары мінгізген екінші арғымағы екен. 


Пікір қалдырыңыз