Отбасы бақыты үшін бәріне көнген ана...

Бұл жағдай біздің көз алдымызда өтті. Бүгінде төрт ұл-қыздың қызығына кенеліп, бақытты ғұмыр кешіп жүрген олар осыдан оншақты жыл бұрын қандай еді? Әсіресе, әзәзіл араққа бой алдырған отағасын осыншалықты өзгереді деп кім ойлаған? Бұл бақыттың бастау жолында бар ауыртпалықты сабырмен жеңген әйел-ананың асқан төзімділігі мен әр нәрсені әріден ойлайтын терең ақылдылығы жатқанын жұрт білсе дейміз. 

Иә, әдеттігідей Талғат бүгін де қызара бөртіп келген. Әйелі Гүлнұр бәйек болып жылы суын, сабын, сүлгісін дайындап, балаларына «әкелерің келе жатыр, кейін тұрыңдар» деп жүгіріп жүр. Талғат беті-қолын шала жуып шайға отырды. Әйелі тамағын дайындап қойған еді, екі баласы кіріп келді. Шайын құйып беріп, балаларына «әкелерің жұмыстан шаршап келді, тамағын ішіп алсын, сендер шыға тұрыңдар» деп сыртқа алып кетті. Талғат тамағын шала-шарпы ішіп, отырған жерінде қисая кетті. Есіктің саңылауынан сығалап балалары жүр. Міне, осы көрініс бір ай, екі ай емес, жылдар бойы жалғаса берген соң, ондай үйде береке қайдан болсын, кейде балалардың аузына тосатын тамақ табудың өзі мұңға айналды. Айлығын алмай жатып, қарызын сұрап келетіндер көбейді. Бәрін де жылы сөзімен қарсы алып, алдарқатып шығарып салатын әйелдің төзімділігіне көршілері де таң қалатын. Расында да бір қабақ шытпайды-ау, бір қабақ шытпайды...
Күйеуінің көңіл-күйін баққан келіншек бірде еркелегісі келіп: «Талғат жаным, арақ ішпеші, балалар да әбіржіп кетті. Бұрын жап-жақсы жігіт едің, не болды саған?» деген. Сол айтқан сөздері кейін өзіне таяқ болып тиді. Бірақ, бәрін сабырмен, төзіммен жеңіп үйренген келіншек енді өзін кінәлай бастады. Бәлкім, зіңгіттей жігіттің бағын байлап жүрген өзі шығар... Шамадан тыс момындығы, айдағанға жүретін көнбістігі өзіне сор болды ма екен? Бәрібір ішкі түйсігі осы жүрісін жөнге балады. Тағдырдың ащы таяғын тек өзі ғана татқанды дұрыс көрді. Қанша қиыншылық көрсе де әке-шешесіне мұң шаққан емес. «Айтқанда не болады, ортамызда балалар бар, екі жақ бір-біріне тілі тиеді, көңілі қалады. Одан түзелсе жақсы... Балалар ер жетсе бәрі де жақсы болады» деп өз-өзін жұбатумен жүрді. 
Балаларды тарықтырмау үшін жұмысқа шыққанды жөн көрді. Бірақ, үйелмелі-сүйелмелі төрт балаға кім қарайды? Осындайда ата-енесімен бірге тұрмайтынына қынжылды. Көпшілікпен тұрған қандай жақсы, ә? Қасынан қайынсіңлілері қалмай еркелеп жүретін құрбыларына қызыға қарайды. Ондай бақыт, бәлкім, бұған бұйырмайтын да шығар... Өйткені, бақыт та берекелі отбасын паналайды емес пе?! 
Ақылды ана отбасылық бақыттың дәмін тату үшін бәріне де дайын еді. Бар тілеуі балаларының амандығы мен күйеуінің саулығы болды. Осылар аман болса әлі-ақ бақытқа қол жеткізетініне алғаусыз сенді. Сол сенім алдамапты, бар тапқанын арзан ойын, жеңіл күлкіге сарп ететін Талғат та ойланса керек, арақты аузына алмайтынын айтып, сөз берді. Иә, ұрыс-жанжалдан да, мағынасыз өмірден де жалыға бастаған күйеуі кейінгі кезде оңаша қалып жиі ойланатын болып жүрген. Бүгін сенімді сөзін айтты. Балаларын бауырына басып, әкелік мейірімін төкті. Сол-ақ екен, көптен бері мейірімге шөліркеп қалған балалардың да жүзіне жылулық дарып, шаттанып шыға келді. Ал, шаттыққа бөленген шаңырақтан қонақ та үзілмейді екен, оны да енді біліп отыр. Гүлнұр кейде өткен күндері көрген түстей өте шыққанына таң қалса, кейде кешігіп болса да бетін бұрған бақытына шүкіршілік айтады. Бірақ, бұл бақыттың бастау жолында өзінің салмақты мінезі мен сабырлы келбеті, алғаусыз сенімі мен аяулы сезімі жатқанын білген жоқ. 
 
Камалбек ОРТАЕВ.
Сырабад ауылы, Жетісай ауданы.

Пікір қалдырыңыз