Бағаналы орда – бас қала!

1997 жылы егемен Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. 1998 жылы жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, арнайы медальмен марапатталды. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді. Астанадағы терең әрі кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды.  
Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан.
Бүгінде қала жедел қарқынмен дамып, сәулеті асқан заманауи қалаға айналды. Аз уақытта  қаланың бет-бейнесі айтарлықтай өзгерді. Айналдырған бірнеше жылдың ішінде қаланың халқы үш есеге көбейді. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қала тұрғындарының саны 1 136 008 адамды құрайды. Бұл – Алматыдан кейінгі Қазақстандағы екінші көрсеткіш.
Ел астанасы саяси, экономикалық-іскерлік қарым-қатынастар мен рухани келісімнің негізгі ордасына айналды. Алғашқы жылдары елордаға келген қонақтар да осыған көз жеткізді. Мәселен, 2001 жылы Астанаға келген Рим папасы Иоанн Павел II ұшақтан түскен бойда  «Мен ұлтаралық бейбітшілікке жол ашқан осы жерді үлкен толғаныспен сүйіп отырмын» деп өз қуанышын жеткізген еді. Ал, бір жылдан соң Астанаға табан тіреген БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанның жаңа елордасын көріп, оның өсу деңгейіне таң қалғанын жасырмаған.
Аз жылдың ішінде Астана беделі мен қуаты асқан, әлемге өз үлесін қосқан жасампаз қалаға айналды. Жылдар жылжыған сайын табысы тасқындап, әлемдік қауымдастықты таң қалдыруда. Бұл ретте, ең шоқтығы биік, әлемдік деңгейдегі алқалы жиын деп 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Астана саммитін айтуға болады. Сондай-ақ, Азиада Ойындары да әлем назарын өзіне аударды. Бұдан кейін 2012 жылы елордамыздың күллі түркі дүниесінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен алып шыққанын айтпай тұра алмаймыз.
2019 жылы 23 наурыз күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың атауын ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы астанасының атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертілді. 
Бағаналы басты ордамызға айналған Нұр-Сұлтанның келешегі кемел, еңсесі биік, тұғыры берік, болашағы жарқын болатынына сеніміміз мол.
Саясат бөлімі.

(Астана күніне арналған материалдар топтамасы 4-5-беттерде жарияланып отыр).
Пікір қалдырыңыз