Теміржол – қауіпті аймақ

Адамдарға қауіп төндіретіндіктен темір жол қашаннан-ақ аса күрделі аймақ болып саналады. Ең басты қиындық, адамдардың немқұрайдылығында, балаларға деген жауапкершіліктің аздығында. Ата-ананың бақылауын сезінбеген балалар вагон үстіне мініп, темір жол арасында жүгіріп, ол жерді ойын алаңына айналдырады.

Негізінен, темір жолда адамдардың жарақаттану жағдайларының көп болуына басты себеп, олардың қаупсіздік ережелерін білмеуі, сақтамауы, асығыс жүріп, арнайы аспа көпірді пайдаланбауы және балалардың бұзақылық істерге барып, ойын ойнауы жатады.

Бір қарағанда өздігінен тұрған вагондар қауіп төндірмейтін сияқты болып көрінеді. Алайда, оған жақындауға, астынан өтуге тыйым салынады. Өйткені, стансада тұрған әрбір вагон жұмыс үстінде тұр деп есептеледі, әр секундта ол қозғалысқа келуі мүмкін. Вагоннан шығыңқы әрбір зат киімге ілініп қалса, адамды дөңгелек астына тартып әкетеді.

Сондықтан, темір жолда уақытты қысқартамын деп өзіңе ыңғайлы жерден өтуге болмайды. Тек арнайы белгіленген орындардан ғана өту керек. Мысалы, аспа көпір, егер жоқ болса, темір жолды кесіп өтуге арнайы төсемелерді пайдаланған жөн. Бұл бағытта Шымкент стансасының желілік полиция бөлімі тарапынан ұдайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Мұндағы мақсат – жаяу жүргіншілерді темір жолда жүру ережелерімен, жол белгілерімен таныстыру, сақтық шараларына шақыра отырып, жолда жүру мәдениетіне тәрбиелеу. Иә, адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Сондықтан, темір жолдың қауіпті аймақ екенін ұмытпайық, әрдайым сақтық шараларын сақтайық, өз өмірімізді өзіміз қадірлейік.

Мәди АБДУЛЛАЕВ, Шымкент стансасының бастығы.

Пікір қалдырыңыз