Жапондар АҚШ-ты қалай жаулап алды?

Өткен жылы бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Дәлірек айтсақ, жапондық Toyota компаниясы АҚШ-тағы сатылым бойынша үздік болып тұрған американдық General Motors автомобиль компаниясын алғаш рет басып озды. Сондықтан біз Toyota-ның АҚШ нарығына қалай кіргенін және осындай дәрежеге қалай қол жеткізгенін әңгімелемекпіз. 

General Motors компаниясы – соңғы 90 жыл бойы АҚШ-тағы автомобиль сату бойынша көшбасшы болып келген кәсіпорын. Бірақ, бұл тұрақтылықтың артында алпысыншы жылдардан бастап АҚШ нарығына ентелей кіре бастаған жапондық компаниялар тұрған. Осылайша олар діттегендеріне жетіп, бүгінде Штаттарда сатылған он көліктің жетеуі жапондық өнім болып отыр. Ал, сол жеті көліктің төртеуі Toyota компаниясына тиесілі. Яғни Америкадағы ең қуатты жергілікті автокомпания бәсекеде ақыры жеңіліп тынды. Мұның қалай болғанын бүге-шүгесіне дейін білу үшін аздап тарихқа көз жүгірту қажет. Сондықтан бүгінгі мақалада 60 жыл бұрынғы АҚШ автонарығындағы жағдай, Toyota-ның ұзақ жылдар бойғы стратегиясы мен табандылығы, жетпісінші жылдардағы әлемдік жанармай дағдарысының әсері сынды тақырыптарды қозғамақпыз. 

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары американдық автомобильдер көлемі үлкен V8 қозғалтқышымен жұмыс істеді. Жанармайды көп тұтынатын қозғалтқыштарға кететін шығын ол кезде адамдарды қинай қоймаған. Ал, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүр сілкінген Жапония тұрғындардың жағдайына қарап, қарапайым, сенімді әрі үнемді көліктерді шығаруды қолға ала бастады. АҚШ-қа ең бірінші Toyota-ның 45 аттың күші бар «Toyota Crown» атты седаны барған. Бірақ, ол кезде алпауыт компанияның Land Cruiser-лері болмағандықтан, қарапайым көліктер Штат тұрғындарын қызықтыра қоймаған. Деректерге сүйенсек, сол кезде АҚШ-та жыл сайын 150 ғана жапондық көлік сатылады екен. Бұл бүкіл нарықтың болмашы ғана пайызы болатын. Себебі, жапондық көліктер жергілікті автомобильдерге қарағанда әлдеқайда ықшам, салмағы жеңіл әрі ыңғайсыз еді. Содан жапондықтар қорытынды жасап, 1965 жылы штаттарға жаңа модель – Toyota Corona-ның үшінші буынын апарады. Бұл автомобиль Америкада танымал болған немістің «қоңыз көлігінен» екі есе күшті және көлемі де үлкен еді. Ең бастысы, көліктің автоматты берілісі мен кондиционері бар. Сонымен қатар, бағасы да қолжетімді болатын. Нәтижесінде  1965 жылы 6500 дана Corona сатылып, үш жылдан кейін 71000, ал, 1971 жылы оның 300 000 данасы сатылған. Бір сөзбен айтқанда, Toyota көліктері АҚШ тұрғындарына ұнай бастады. Сөйтіп, импортталған автоөндірушілер арасында Volkswagen-нен кейінгі екінші орынға шығады. Айта кету керек, Toyota Corona АҚШ-та ғана емес, Жаңа Зеландияда, Оңтүстік Корея мен Оңтүстік Африкада сатылымы мол болған алғашқы жаһандық көлік атанды. Бірақ, жапондар мұнымен тоқтап қалғысы келмеді. 

1963 жылы АҚШ-та Toyota-ның 125 дилері болды. Әбден жігерленіп алған компания 1966 жылы таңқаларлық және өте қымбат 148-2000gt спорттық көлігін өндіріп, 53 данасын сатты. Ал, бірнеше жылдан кейін АҚШ-та Toyota Corolla-ның алғашқы буыны пайда болып, ол ақырында әлемдегі ең танымал көлікке айналды. 1969 жылы Америка Hilux деген атауды алғаш рет естіп, бір жылдан кейін одан да танымал Toyota Pickup көліктерін мінді. 1971 жылы көпшілікке қолжетімді, бағасы арзан, сапасы жақсы алғашқы Celica көлігі таныстырылды. Бұл көліктің танымал болғаны соншалық, өндірісі 2005 жылға дейін жалғасып, 2,2 миллион данасы сатылған. Осы орайда сапаны бақылау тұрғысынан Toyota компаниясы әрқашан көш басында болғанын атап өту қажет. Ол үшін жапондықтар автоөндіріске ұзақ уақыт бойы инвестиция құйып, қысқамерзімді пайдасын құрбан еткен. Көптеген жылдар бойы өз брендтеріне мүлдем басқа түсінікпен қарады. Осы факторлар мен ең заманауи технологияларды кеңінен қолдану арқылы Toyota брендінің бүкіл әлемдегі беделі көтерілді. 

Жетпісінші жылдардың басында Toyota АҚШ-та күшейді дегенімен, сатылым бойынша жергілікті компаниялармен теңесе алмады. Десе де, компанияның саясатын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, оның негізгі міндеттеріне қысқа мерзімді пайданы ұзақ мерзімді перспективаға арнау, тек тексерілген және жөнделген технологияларды қолдану, үнемі жетілдіру, ақауларға күдік туындаған кезде қарапайым қызметкердің өзі өндірісті тоқтата алатын ерекше жүйе құру, тиімді жарнама стратегияларын әзірлеу (Toyota 1971 жылдан бастап АҚШ-тағы ең ірі 100 жарнама берушінің қатарына кіреді), дилерлердің кең желісі және сатудан кейін де сапалы қызмет көрсету сынды міндеттер кірді. Ақыр соңында түбегейлі өзгерістерге алып келген осы тармақтар «Toyota жолы» деп аталатын негізге айналды. 

Жетпісінші жылдардың басына дейін Toyota-ның тұтынушысына айналған көптеген американдықтар ең алдымен сапаны бағалады. Одан бөлек, жанармайдың үнемділігі де ерекше әсер туғызды. Сондықтан жетпісінші жылдары американдық авто-өнеркәсіп үшін үлкен көлем мен отын шығыны проблемаға айналды. Бірақ, АҚШ-тың көптеген тұрғындары Toyota-ға 1970 жылдан кейін, экологияға қатысты «Таза ауа туралы» заң қабылданған кезде және 1973 жылдан кейін мұнай дағдарысы басталған кезде қызыға бастады. Яғни бензин бағасы кенеттен қымбаттап, көптеген адамдар жүз шақырымға 30-40 литр отын тұтынатын V8 қозғалтқышының шығынына шыдай алмады. Ал, АҚШ өндірушілері көлемі шағын қозғалтқыш жасап шығамыз деп, біраз тұтынушысынан айырылды. Оны жасап шыққанның өзінде көліктерінің өлшемін кішірейтеміз деп ұсқынсыз автомобильдер өндіре бастады. Ал, Toyota дағдарысқа қарамастан сапа мен сенімділікке ерекше назар аударды. Соның арқасында 1970-75 жылдар аралығында Toyota АҚШ-тағы нөмірі бірінші импорттаушы компания болды. Corolla-ның жаңартылған үлгісі 1977 жылы алғаш рет миллионнан астам тираж жинап, одан сайын жаңа үлгілері өндіріле берді. 1977 жылы Celica-ның жаңа үлгісі пайда болып, екі жылдан кейін американдықтарға V6 қозғалтқышымен жабдықталған Celica Supra жоғары деңгейлі купе көлігі ұсынылды. 1979 жылы американдық нарықтағы Тойотаның үлесі 7,6%-ға жеткен. Ал, 1980 жылы штаттардағы барлық автомобильдердің 21,5%-ы жапондық болып, 1983 жылға қарай Американың автомобиль тарихына мәңгілікке Toyota Camry атты жаңа атау енді. 

Сонымен АҚШ компаниялары қандай көлік шығарамыз деп бас қатырып жүргенде нарыққа 2 литрлік қозғалтқышы бар Camry кіріп келді. Кіріп келді де, екі жыл ішінде 125 000 американдық сол көлікті сатып алды және ол штаттардағы ең көп сатылатын автомобиль атанды. 1981 жылы жапондық автомобиль компаниялары экспортты шектеуге келісіп, Toyota-ны Солтүстік Америкада құрастыруға кірісті. Бұл мәселе 1984 жылы шешіліп, 1986 жылы конвейерден алғашқы жергілікті Corolla FX16 шықты. Оған 800 миллион доллар инвестиция құйылып, тоқсаныншы жылдары тағы екі зауыт салынды (Индианадағы құрастыру зауыты және Буффалодағы қозғалтқыштар мен трансмиссиялар өндірісі). 1984 жылы Toyota Фримонтта (Калифорния штаты) автомобиль құрастыру бойынша GM компаниясымен бірлескен кәсіпорынға кіріп, екі жылдан кейін Джорджтаунда (Кентукки) үлкен зауыт салды. Ал, 1988 жылы бір жылда миллионнан астам автомобиль сатқан алғашқы шетелдік автоөндіруші болады. 1984 жылы Camry мен Corolla үнемі дамытылып жатқан жаңа үлгілерінің қатарына 4Runner жол талғамайтын көлігі, 1986 жылы Celica Supr көлігі қосылды. Кейіннен жапондықтар өздері үшін ықшам көліктер жасап, Америка үшін V6 қозғалтқыштары бар және сыртқы түрі өзгерген үлкен автомобильдер өндіре бастады. Сөйтіп, 1987 жылы Toyota өзінің Lexus атты брендінің пайда болғанын жариялап, бірнеше жылдан кейін әлемге V8 қозғалтқышы орнатылған LS 400 седанын, одан кейін ES 250 алдыңғы жетекті седанын ұсынды. 1991 жылы Lexus АҚШ пен Еуропадағы сапаны зерттеу бойынша ең сенімді автомобильдердің бірі болды. 

Тоқсаныншы жылдардың тағы бір жетістігі – Toyota RAV4. Толық жетекті бұл автомобиль кроссовер класының негізін қалаушы болып саналады. Ол содан бастап тұрақты түрде өндіріліп, жыл сайын әлемдегі танымалдылығы артып келеді. Негізі RAV4 бірден танымал болып, тіпті 2017 жылы жыл сайын 400 000-нан астам данасы сатылатын Camry седанынан басып озған. Сондай-ақ, тоқсаныншы жылдардың соңында Toyota АҚШ нарығына тағы да екі жаңа модельді шығарды. Олар американдықтарға ұнайтын Tundra пикабы мен әлемдегі алғашқы сериялық гибрид — Prius болатын. 1993 жылы Toyota Аризонада TAPG техникалық орталығын, 1994 жылы Коста-месте (Калифорния) жаңа алаңын ашып, 1996 жылы IndyCar жарыс сериясына қатысады және жылына 20 миллионнан астам көлік сатады. 1997 жылы Camry АҚШ-тағы ең танымал жеңіл автокөлікке айналады. 

ХХІ ғасырдың басында Toyota Америкада өте берік позицияға ие болды. Бұған түрлі көлік үлгілері, көптеген жеке зауыттар, әртүрлі техникалық және дизайнерлік орталықтар, кеңейтілген дилерлік желі мен көптеген марапаттар әсер етті. Сөйтіп, 2002 жылы Toyota командалық және жеке есепте IndyCar-да жеңіске жетті. Ең бастысы – АҚШ-та шығарылған автомобильдердің жалпы саны да, олардың американдық нарықтағы үлесі де үнемі артып отырды. Сонымен қатар, екі мыңыншы жылдары Toyota екі бірдей мамандандырылған құрастыру зауытын салу арқылы үлкен көліктерді өндіру бойынша қуаттылығын белсенді түрде дамыта бастады. Қазіргі уақытта АҚШ-та Toyota-ның 20-ға жуық үлгісі шығарылады екен. Олардың ішінде гибридті, толықтай электрлі нұсқалары да бар. Сондай-ақ, екі мыңыншы жылдары Toyota-ның беделі Еуропа, Канада, Мексика және Азия нарықтарында да өсе бастады. Бірақ, бұл уақытта штаттардағы прогресс үнемі сақталып отырған. Ал, 2021 жылы үш жаңа өндірістік кәсіпорындарының негізгі инвестициялары 1,7 миллиард доллардан асып, Солтүстік Каролинаға қарасты Либерти қаласындағы батарея зауытына тағы 3,4 миллиард доллар жұмсалған. Toyota қазір ең көп инвестиция салатын компанияға айналып, электрлік бағытты таңдап отыр. Қазір АҚШ-та сатылған әрбір төртінші гибрид-элек-тромобиль Toyota-ның өнімі болып саналады. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы жапондар Америкада шығарылған 30 миллионыншы көлікті атап өтті. Ол 30 миллион көліктің 10 миллионы Camry екен.

Бауыржан Ерман.

Пікір қалдырыңыз