«ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАРАЙ 10 000 ҚАДАМ»

 

Түркістан қаласында референдумды қолдау аясында «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» акциясы ұйымдастырылды. Аталмыш шараның өткізілуіне «AMANAT»  партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесі мен Түркістан облыстық спорт басқармасы мұрындық болды. Киелі шаһарда алғаш рет өткізіліп отырған науқанға Төлеби ауданы, Кентау қаласы, сондай-ақ мегаполис Шымкенттен де белсенді азаматтар келіп қатысты.

Акцияға Түркістан облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, мәслихат депутаты, кеңес төрағасы Ғалымжан Елшібай ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, қатысушыларды  Ата заңдағы енгізіліп жатқан өзгерістерді атап өтіп, алда өтетін референдумды қолдауға шақырды.

– Мемлекет басшысы ұсынған Жаңа Қазақстанды құру идеясы елдің дамуына үлес қоспақ. Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар билік пен халықты барынша жақындастырады. Өзім заңгер ретінде әрбір заңның баптары мен тармақтарына жекелей шолу жасадым. Және де бұл референдум болашаққа нық қадаммен жету үшін өте маңызды деп толық сеніммен айта аламын. Сондықтан Жаңа Қазақстан идеясын қолдағанымыз абзал, - деді Қ.Балабиев.

Ал, Ғ.Елшібай «Денсаулыққа 10 000 қадам» акциясын өткізу туралы шешім қоғамдық кеңестің отырысында қабылдағанын, Түркістанда басталған осы игі дәстүр республиканың басқа өңірлерінде жалғасын тапса деген тілегін жеткізді.

Партия филиалының атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев салауатты өмір салтын қалыптастырудағы жаңа бастамаға сәттілік тілеп, реформалардың бастауы саналатын референдумды бірауыздан қолдауға шақырды.

Жалпыхалықтық шараға облыстық мәслихат депутаттары Қ.Жантөреева, Б.Шойбеков, И.Намазбаева, Н.Атаева, қалалық мәслихат депутаттары, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдері, мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары, туризм университетінің ұжымы мен студенттері, партия белсенділері мен қызметкерлері, жастарды құрайтын жалпы саны 800-ге жуық азамат қатысты.

Қатысушыларға қойылған басты талаптың бірі 7 шақырым жолды орта есеппен 10 000 қадам жасау арқылы межеге жету болатын. Марафон «Керуен сарай» ойын сауық орталығынан бастау алып, кесене маңы, Тұңғыш Президент саябағы мен Визит орталығы аралығын қамтыды.

 

 

Шара соңында межеге жеткен 30 қатысушыға аталмыш акцияға қатысқаны үшін арнайы сертификат табысталды. Ал, қатысушылардың арасындағы 5 жасар Мансұр Серікбай ең жас қатысушы ретінде марапатқа ие болды.

 

                                      Ысқақ САДЫҚ,

                                      «Оңтүстік Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз