Жеңімпаздар марапатталды

Төртінші жыл қатарынан «Нұрсұлтан Назарбаев» қорының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан «Қайырымдылық керуені» байқауы өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен қамқор, мейірімді жандарды анықтап келе жатқан сайыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтті.

Байқауға өңірдегі игі істерімен, мұқтаж жандарға әрдайым көмек көрсетіп жүрген адамдар іріктелді.
Марапаттау рәсіміне «Нұрсұлтан Назарбаев» қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы мен Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева қатысып, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтады. 
«Түркістан – ұлтымыздың өшпес рухани құндылықтарын 1500 жылдан астам уақыт бойы сақтап келе жатқан киелі өлке. «Қайырымдылық керуені» байқауының ақтық сайысының дәл осы өлкеде өткізілуі тегін емес. Себебі, біздің дәстүрлі байқауымыз адамгершілікті, мейірімділікті ұлықтайды.  Жыл сайын «Қайырымдылық керуені» байқауы еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам қайырымды әрі батыл жандарды анықтап келеді» деді Әлкей Марғұланұлы.
Салтанатты шара аясында жеңімпаздарға «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі», «Жануарға мейірім» сынды жеті номинация бойынша медальдармен қатар бағалы сыйлықтар табыс етілді. 
Сондай-ақ, шара барысында елордадан келген Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік бірлестігінің, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының өнерпаздары өнер көрсетті.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз