«AMANAT» МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТҮЛКІБАСТЫҚ ШАРУАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

        ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық штаб мүшелері Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов және Сырым Ертаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары жалғасуда. Ондағы мақсат - Конституциялық түзетулер жобасын жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру және алдағы өтетін референдумды қолдауға шақыру. Сонымен қатар, басқосу аясында олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, талқылау болып табылады.

 

       Штаб мүшелері іс-сапар аясында Түлкібас ауданына болып, халықпен ашық аспан астында кездесу өткізді. Ең алдымен Мәжіліс депутаттары Т.Рысқұлов ауылындағы мәдениет саласының қызметкерлерімен жүздесіп, онда жалпыхалықтық референдум өткізудің алғышарттарын, ұсынылған реформалардың ерекшеліктерін, демократиялық түрленудің маңызын кеңінен түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, басқосу аясында ауыл шаруашылығы субсидиялар ауқымын көбейту, ағын су тапшылығы сөз болып, ұсыныстар айтылды. Мичурин ауылдық округінде шаруалар және кәсіпкерлермен еркін пікірталас өтті. Мұнда да Конституциялық түзетулер жайы сөз болып, кездесуде ауыл тұрғындарын маңызды бастамаға белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақты аралау барысында жергілікті  халықтың жаңа өзгерістерге деген көзқарасы оң екенін жеткізді.

 

-        Ықпалды Парламент - халықпен жақындасудан басталады. Біз халықтың көтеріп отырған мәселелерін ортаға шығаруымыз керек. Бүгін халықпен етене сөйлесіп,  5 маусымда өтетін референдум мәселесін ақылдасуға келдік. Жалпы облыста халықпен кездесу барысында көтерілген бірнеше мәселелерді ерекше атап өтуге болады. Соның ішінде әйел азаматтарының зейнет жасын қысқарту жайы барлық жерде көтеріліп жатыр. Бұдан бөлек жайылым жер тапшылығы, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу, агро банк құру төңірегінде ұсыныстар да айтылды. Жалпы бұл референдум шын мәнінде әділетті Қазақстан құру жөніндегі саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарты, - деді Д.Мыңбай.

 

Мәжіліс депутаттары ауданға сапары аясында облыс әкімі Ө.Шөкеевпен де кездесіп, республикалық штабтың жұмысы жайлы ақпараттармен бөлісті. Атап өтерлік, 6 мамыр күні облыстық партия филиалы жанынан 18 штаб құрылып, 1132 іс-шарадан тұратын желілік кесте бекітілді. Бүгінге дейін жалпы 446 іс-шара өткізіліп, кездесулерде 17420 адам қамтылды. Ал Мәжіліс депутаттарының өңір бойынша 197 іс-шараға қатысуы жоспарланып отыр. Ал, аймақта республикалық штабтың жұмысы мамыр айының 12-не басталып, шалғай елді мекендерді аралау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маусым айының 3-не дейін жалғасын таппақ.

 

 

 

«AMANAT» партиясы

Түркістан облыстық филиалының

баспасөз қызметі

Пікір қалдырыңыз