Қазығұрт және қос пырақ

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Адамдар ерекше қастерлейтін қасиетті ұғымдар, заттар болады. Сондай қастерлі заттардың бірі – тұмар. Оны кейде бойтұмар деп те атаймыз. Қазақ халқы «тұмардай сақта», «тұмардай тұтып қастерле», «бойтұмарыңды бағала» деп жатады. Бұл – бабаларымыздан келе жатқан аманат. Есте жоқ ескі дәуірлерде ұрпақ санасына өшпестей бекіген осынау қастерлі ұғымға ұюдың, ардақ тұтудың арқасында тіліміз бен дініміз, діліміз бен салтымыз, ұлттық ұстанымымыз, халықтық қалпымыз саф алтындай сақталып келеді. Елдің тұтастық келбетін, ұлттың өмірлік ұстанымын бекітуде орны айрықша, тұмардай қастерлі, тұмардай қасиетті ұғымның
бірі – Тәуелсіздік. Ал, тәуелсіз елдердің символикалық бейнесі, мақсат-мұраты, арман-аңсары мемлекеттік рәміздерінде айшықталады. Былтыр еліміз өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ұлан-асыр мереке етіп атап өтті. Ал, сол тәуелсіз елдің айшықты атрибуттық символы – мемлекеттік рәміздерге биыл 30 жыл толып отыр.

Бойтұмардай бағалап, төрімізге оздырған, төбемізге көтерген Елтаңба өзгеше пішінімен, айбарлы айбынымен айрықша. Елтаңбаға терең үңіле қараған адам көп сырға қанығады. Көңіл көк дөненін ала қашып, сізді әр қиырға бастайды. Қос қанатты пырақ бейнеленген Елтаңба ұлтымыздың ғасырлар бойғы арманын асқақтатып тұр. Қос қанаты болмаса құс та ұшпайды. Ал, Елтаңбадағы қос қанаттың бейнеленуінің өзіндік тарихы бар. Грек аңызында Жеңіс құдайы саналатын қос қанатты Ника атты пырақ бар. Біздің қасиетті дінімізде Мұхаммед (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарымызға Жабраил, Мекаил, Израил, Исрафил періштелер қос қанатты болып аян бермеуші ме еді?! Қазақ жерінен табылған алтын диедемадағы қанатты адам, қанатты ат, қанатты және мүйізді аттар мен таудағы қанатты барыстар (қазақтың қасиетті символы Барыс, биыл Барыс жылы) Елтаңбадағы қос қанатты пырақтың пайда болуына түрткі болған.
Естеріңізде болса, 1991 жылы 2 қазан күні (Қазақстан бұл кезде тәуелсіздігін алған жоқ еді) қазақ ұланы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан болатын. Сол кезде тұңғыш қазақ ғарышкерінің жүрек тұсында елтаңба үлгісінде жұлдыз бен ай және шаңырақ бейнеленген еді. Осы таңбаны белгілі сәулетші, Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлиханов құрастырған болатын.
Қазақстан Елтаңбасына конкурс жарияланғанда Жандарбек Мәлібекұлы – Ташкентте, Шота-Аман Уәлиханов Алматыда еді. Олар бұл кезде бірін-бірі білмейтін. Әйткенмен, екеуінің жасаған Елтаңба үлгісі бір-бірімен қатты ұқсауы неліктен? Бұл тылсым күш құдіреті ме? Әлде Жаратқанның сыйы ма?
Жалпы, Қазақстанның Елтаңбасын қарастыруға авторлар 293 жоба ұсынды. Авторлар алғашқыда бесбұрышты жұлдыздың орнына Күн мен Айды қоюды ұсынады. Тұңғыш Президент әрбір адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы болсын деген нышан-ырыммен бесбұрышты жұлдызды ұсынды. Иә, кез келген мемлекеттің басты рәміздерінің қатарында елдің Елтаңбасы әрдайым маңызды орын алмақ. Ол тұтастай алғанда ел мен мемлекеттің мемлекеттік саясатын сипаттайтын айрықша белгі болып табылады.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Жебе» баспасының директоры әрі «Қазығұрт» қайырымдылық қорының президенті Жарқынбек Төлтебаевтың ұйымдастыруымен Елтаңба авторларының бірі – Жандарбек Мәлібекұлымен кездесу өтті. Мен Жандарбек ағамен сол кезде таныстым. Ертесіне Қазығұрт тауына бардық. Кемеқалған шыңына көтерілдік.
– Елтаңбаға конкурс жарияланғанын естігеннен менен тыныштық кетті. Содан Елтаңба үлгісін сазбалшықтан жасап, кейін оны гипспен қатырдым. Елтаңбаның көлемі өте үлкен еді. Оны портфельге салып жүре алмайсыз. Сондықтан «КамАЗ» жүк көлігін жалдадым. Елтаңба көліктің қорабына зорға сыйды. Бұл өте құпия да құнды еңбек еді. Сол үшін де Ташкенттен түнделетіп шықтық. Қазығұрт тауына келгенде жүрегім өрекпіді. Ойыма нелер келіп, нелер кетпеді десеңізші! Адамзаттың алтын бесігі саналатын киелі таудың құдіреті де керемет қой. Маған бабалар рухы дем беріп, қолдап тұрғандай сезілді, – деп сыр шертті Жандарбек аға.
Біз белгілі суретшіні тақымдай түстік. Аға қамшы салдырған жоқ.
– Елтаңба – Мемлекет символы, Рух кітабы, ұлттық дүние-танымның байтақ әлемі. Елтаңба – ұлттық мемлекеттің идеологиялық картасы. Біз Елтаңбада Шаңыраққа көп мән бердік. Шаңырақ – ғарыштың символы әрі Орда, Мекен, Әулет, Отбасы, Ұя деген ұғымдарға саяды. Қазақ әу бастан шаңырақты қастер тұтқан. Сондықтан мемлекеттік Елтаңбаның негізі ретінде шаңырақты таңдадым. Шаңырақ – мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі. Ол – Күн шеңбері. Күн үнемі қозғалыста болатын, әлемге жарық шашатын планета. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі, көшпенді түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Осылардан артық қандай құндылықтар бар?! Ал, түндік – көк аспанды бейнелесе, шаңырақтан түсіп тұрған үш күлдіреуіш – қазақтың үш жүзінің бекемдігін бейнелейді. Шаңырақтан шыққан уықтар күн арайлары емес пе?!
Баһадүр бабаларымыз үшін тұлпардың орны ерекше. Ол – ер азаматтың қос қанаты, сенімді серігі, жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың бейнесі. Тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныс! Қазақ поэзиясында қанатты тұлпар бейнесі кең тараған. Ол – ұшқыр қиялдың, таңғажайып жасампаздықтың, талмас таланттың, асыл мұраттың, жақсылыққа құмарлықтың кейпі. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті білдіреді. Ол өлмес өмірдің бейнесі. Қазақстан халқы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрсе, олардың өсіп-өркендеуін, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесін айшықтайды, – деп Жандарбек аға көсіле түскенде оның шешендігіне сүйсіндік.
Сыр-сұхбатта Жандарбек Мәлібекұлының Қызыл­орда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында қарапайым теміржолшы отбасында дүниеге келгенін, Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітіргенін, сол қаладағы ғылыми-жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетші қызметтерінде жүріп еңбекқорлығының, зейіні мен зердесінің арқасында көзге түсіп, көптің қошеметіне бөленгенін білдік. Ол Ташкентте еңбек ете жүріп, Әндіжан қаласындағы әуежай, Ташкенттегі Үкімет үйі, Ферғанадағы облыстық пошта, Самарқандағы облыстық әкімшілік үйі, Ангрен, Ферғана, Самарқан қалаларындағы зәулім тұрғын үйлер, драма театры мен орталық кітапхана ғимараттарының архитектуралық үлгісін жасаған, Самарқанда өзбектің аса талантты ақыны Хамит Әлімжан атындағы академиялық драма театры бар. Міне, осы театр ғимаратының да келісті келбеті Жандарбек ағаның қолынан шыққан. Осы еңбектері үшін ол Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовтің Жарлығымен «Өзбек-стан Республикасына еңбегі сіңген архитектор» атанады. Ал, Қазақстан Республикасының Елтаңбасын жасаудағы үлесі үшін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жәнібек Мәлібекұлы – Нұр-Сұлтан қаласының архитектуралық ажарына да өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалы азамат. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны Наурыз мерекесі қарсаңында І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
– Барыс жылы кеудеме «Барыс» орденінің қадалуы да мен үшін үлкен мәртебе және мұны ерекше тылсым күштің құдіреті деп білемін. Кеудемді шаттық кернегенде Қазығұрт тауының етегінен қос пырақ жерден көтеріліп, биікке көтеріліп бара жатқандай сезінемін. Мұны Қазақстанның жаңа белестерге көтерілуі деп жоримын, – дейді бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Жандарбек аға.
Кім білсін-ай, бір құдіреттің елімізді желеп-жебеп жүргені рас та ғой. Сол құдіретпен бірге Жандарбек сынды жасампаз, жайсаң ағалар, әкелер Қазақстан сынды алып шаңырақтың бір-бір уығы болып шаншылып тұр емес пе?!
Құдайдың құдіретімен Қазығұрттың басында кеме қалған!
Қазығұрт десек, адамзаттың қайта дәуірлеу заманы еске түседі!
Қазығұрт – Адамзаттың алтын бесігі!
Қазығұрт десек, қойнауынан көкке көтерілген қос пырақ еске түседі!
Қос пырақ – Елтаңбаны еске түсіреді!
Ендеше, екеуі егіз ұғым!

Пікір қалдырыңыз