Қара сөздің Қабанбайы Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы туралы бірер сөз

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».
Былтырғы сәуір самалы әдеттегісінен өзгеше, сұрапылдау соқты. Екпіні тым қатты болғаны соншалық, бәйтерегімізге дейін бүктіріп, есімізден тандырды. Қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғалары Қабдеш Жұмаділов, Есенғали Раушанов, Қажығали Мұқанбетқали, Әнес Сарайды сәуірдің сол бір салқыны ұрып кеткендей әсерде қалдырды...«Қазақ әдебиеті» газеті 2021 жылғы 9 сәуірдегі №15 санында «Қош бол, көкжал!..» деген бас мақаласында «Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов дүниеден озды. Тәңірден өзгеге бас имеген, қандай қиын сәтте де тізесі дірілдемеген, заманға күйлемеген, заманы илемеген көкжал текті рух иесі, мәрт мінезді жазушы арамыздан аттанды. Ол қазақ даласын біріктірген, шекаралармен шектелген қарға тамырлы жұртының бір тудың астында жиналуын көксеп өтті. Рухы шекараға бағынбаған, ойы шеңберге сыймаған қаламгер Қазақ даласының Шығысын қорғап жатуды аманаттаған екен... Тарбағатай тауларының сағасында енді Қабдеш бар!.. Дарабоз Қабдештің рухын күзеткен таңғажайып мекен бар!..» деп жазды.
Міне, осылай 85 жасқа қараған шағында қазақ әдебиетіндегі алыптар шоғырының аса көрнекті өкілі бұл дүниені тәрк етіп тастап кете барды. Ол 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аумағы, Шәуешек ауылында дүниеге келген еді. Қазасы да сәуір айында болды.
Өзге де қаламгерлер сияқты Қабдеш аға да әдебиетке поэзия арқылы келді. 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен оның тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Осыдан соң ол бірыңғай прозаға бет бұрды. 1968 жылы, яғни араға бір жыл ғана салып, «Қаздар қайтып барады» деген әңгімелер жинағы жарық көрді. Араға тағы бір жыл салып, «Көкейкесті» атты романы оқырмандар қолына тиді. Осыдан соң қаламгер «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние», «Қылкөпір» сынды салмағы ауыр романдарды бірінен соң бірін өмірге әкеліп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырды. Қабдеш Жұмаділовтің тіл көркемдігі мен халық ауыз әдебиетінің мол мұраларын шығармаларында кеңінен пайдалана білуі, сөзбен сұлу суреттер сала білетін суреткерлігі оқырмандарын өзіне баурап алды. Оның қай туындысы болсын қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған елеулі мұра.
Әдебиетті жақсы көретін барлық оқырмандар сияқты Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын мен де жоғары сыныпта оқи бастадым. Сондағы алғашқы қолға түскен кітабы – «Көкейкесті» болатын. Осыдан соң-ақ Қабдеш Жұмаділов атты жазушы менің іздеп жүріп оқитын қаламгеріме
айналды.
Әрине, әдеби сыншы не зерттеуші емеспіз. Шындап кетсем, бәлкім, қара сөздің Қабанбайы – Қабдеш аға шығармалары туралы бірқыдыру дүние жазып тастар ма едім, алайда, ағамен кездесулердегі кейбір көңілге түйген жәйттер жөнінде ғана тоқталмақпын.
Түптеп келгенде, қаламгердің қай туындысы болсын, оның бір-бір перзенті. Қай ата-ана перзентінің жаман болғанын қаласын?! Қабдеш аға да әр шығармасына бөбегіндей өбектеп қарады. Соның бірі – «Аранға түскен аққулар» хикаясы еді. Хикаят 2011 жылы «Жұлдыз» журналының №1 санында жарияланды.
– Осы хикаятты жазу үшін көп іздендім. Архив ақтардым. Соңында АЛЖИР (Акмолинский лагерь жен изменников родины) түрмесін барып көрдім. Тас қабырғаларынан маған жас тамшылап тұрғандай көрінді. Сұмдық тебірендім. Шошындым да ширықтым, – деп еді аға әңгімесін бастап.
Тарихи хикаят 1937 жылғы қуғын-сүргінде азап-тозақты ер-азаматтармен тең тартқан әйелдер қауымы, олардың қуғындалған туған-туыстары туралы. Айталық, белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың жұбайы – Дәмеш, Сұлтанбек Қожановтың жұбайы – Күләндам, Сәкен Сейфулиннің жұбайы – Гүлбаһрам, Бейімбет Майлиннің жұбайы – Гүлжамал, тағы басқа да ардақты азаматтардың аяулы жарлары бастан кешкен азапты тағдырынан сыр шертеді. Мұндағы негізгі оқиға қоғам қайраткерлерінің әйелдері Дәмелі мен Ғазиза, белгілі қаламгердің әйелі Нұржамал, басқа ұлт өкілдерінен маршал М.Н.Тухачевскийдің қарындастары Елизавета мен Галина бейнелері арасында өрбиді.
АЛЖИР-дегі он мың әйелдің он мың тағдыры бар. Лагерьде кімдер жоқ дейсіз? Білікті ғалым да, білімді дәрігер де, экономист, агроном, мал маманы, әнші, музыкант, мұғалім де осында. Олар жазықсыздан жазықсыз жапа шегуде. Осыншама маманды қу мекиен далада қинағаннан өкімет не ұтты? Бейбақтарды ауыр бейнетке салып қинамай-ақ мамандықтары бойынша жұмыс істеткенде мемлекетке қыруар пайда әкелмес пе еді?!
– «Аранға түскен аққуларға» материал іздей отырып, небір көз көрмеген, құлақ естімеген сорақылықтарға кезіктім. Әйелдерді азаптаудың, өмірлерін өксітудің адам төзгісіз тәсілдерін қолданғанын естіп, аза бойым қаза болды. Бұл шығарма өмірімді өксітіп қана қоймай, жүрегімді жаншыды, ғұмырымды қысқартты, – деп еді сонда Қабдеш аға.
Иә, әр шығарма жазушының жүрек көзінен өтпесе, шынайы сомдалмайды. Жазушының жүрегін жұлмалап кеткен тағы бір шығармасы – «Абылайдың ақырғы батыры» хикаясы. Мұнда қаламгер жаугершілік заманда адамның басынан пирамида жасаған сұмдықты жүрегі қан жылай отырып жазды. Академик Ғарифолла Есім «Жылау – ғұмыр кешу рефлекциясы» дейді. Бағамдап отырсаңыз, жазушының өз басындағы жылау жағдаяттары мен туынды кейіпкерлерінің стихиялық, эмоциялық және психологиялық ахуалдары, сезім көріністері ащы өксік пен қилы тағдырға толы. Қ.Жұмаділов те өз тағдырында қиындық пен жылаудың қай түрін де басынан өткізіп, ұлт жылауындағы қайғылы да қуанышты кезеңдерді көз алдымызға әкелетін кесек полотнолардай шоқтығы биік туындылар жазды.
Кезінде қазақ романдарының білгір маманы, академик Р.Бердібаев «Тағдыр» мен «Соңғы көш» романдары жұрт назарын аударарлық құбылыс» деп бағалады. Ал, профессор Т.Сыдықов «Дарабоз» дилогиясы қазақ тарихында зерттелмей жатқан «ақтаңдақтардың» орнын толтырған дайын докторлық диссертация» деп бағалады.
Әу баста өзіміздің сыншы не әдебиет зерттеушісі емес екенімізді мойындадық. Осы ретпен тағы бір ғалымға жүгінейік. Академик-жазушы Рымғали Нұрғали «Кемел кезең» деген мақаласында «Тұсаукесер туындыларын алғашқы жылымық тұсында аз-кем еркін күндерде дүниеге әкелген буынның талантты өкілдері отаршылықты жәннат деп бағалаған сайқал идеологияның ең қиын-қыстау уақыттарының өзінде ұлттық мұратқа, өнер табиғатына, халық болашағына опасыздық жасаған жоқ. Ашық айту мүмкіндігі болмаған жерде зарлы шындық, ауыр трагедия, сорақы қиындықтарды, бүгінгі күннің ақиқатын ескі тарих, емеурін оқиға, бүркеме ат арқылы айтып бере алды. Сондықтан да бұл буын өкілдерінің бетінде шіркеу жоқ, азат Қазақстанның жаңа төлінің көзіне олар именбей емін-еркін қарай алады. Осы бағлан, байсалды, батыр буынның кеуде тұсында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділов тұр. Сөйтіп, әділін айтқанда, қазақ тарихи романистикасының бүгінгі таңдағы ең беделді өкілінің бірі болып отыр. Бұл оның Қазақстанның бергі бет, арғы бетіндегі досы да, дұшпаны да мойындаған шындық» деп текке жазды ғой деймісіз?!
Әрине, жазушы ұстанымы – тарихи шындық. Ол өмірде болған нақты оқиға мен өзінің қиял кеңдігін пайдалана отырып көркем дүние жасады. Мұның бәрі суреткерлік шеберлікпен ұштаса келе тарихымыздағы ақтаңдақ беттердің шынайы кескінін көрсетеді. Қаламгер де бір сұхбатында «Менің қаламымды қорғаушы күш – шындықты айтуға құштарлық» деген екен. Шындықтың шырағын жаза білген жазбагердің шынайы шығармалар беріп кеткеніне ешкімнің де таласы болмаса керек.
...Сәуір айы басында ғажайып бір түс көрдім. Тарбағатай тауларының етегінен көкжал түсіп келеді екен. Қазақ қарасөзінің дарабозы, тағдыры бөлек тарланбоз Қабдеш аға рухы қазақ даласын қорғап жүр екен деп жорыдым...
Қабдеш Жұмаділов
Сәлем