«Сынтас» сырына үңілгенді қалайды

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Редакцияға Қазығұрт ауданы, Қарабау ауыл әкімшілігіне қарасты Сынтас елді мекені тұрғындарынан хат келіп түсті. Аудандық, облыстық деңгейдегі атқарушы органдарға жазған арыз-шағымдарына мардымды жауап ала алмаған ауыл азаматтары мәселеге байыппен қарауымызды өтініп, газетімізге үшбу сәлем жолдаған екен. Хаттың мазмұнынан ауыл азаматтарының жанайқайы сезіледі.

Олардың айтуынша, Қарабау ауыл әкімшілігіндегі халқы ең көп Сынтас ауылы белгісіз себептермен ауыл әкімшілігінің орталығы деген мәртебеге ие бола алмай келеді.

– Аз-кем тарихқа жүгінсек, біз отырған Сынтас ауылы 1945 жылдан 2002 жылға дейін Жаңа тұрмыс деп аталып келді. 1967 жылы 3350 гектар жерімен Қарабау шаруашылығына қосылып, іріленген тұқым шаруашылығы атандық. 1992 жылы қатарымызға Жұмысшы ауылы қосылды. Сол жылдың сәуір айында ауыл аумағынан жаңа әкімшілік құрылатын болып, оған тарихи мәні бар «Сынтас» және «Жартытөбе» атаулары ұсынылды. Осы мәселені сол уақытта аудандық мәслихаттың хатшысы болып қызмет істеген Молдабай Ілиясов ағамыз Жұмысшы, Сынтас және Қарабау ауылы тұрғындарының басы қосылған жиында ортаға салды. Сол жиында әкімшіліктің Сынтас деп аталуына көпшілік қолдау білдіріп, орталығы Сынтаста орналассын деген қаулы қабылданды. Ол кейін ОҚО халық депутаттары Кеңесінің 1993 жылғы 18 наурыз күнгі №14/261 қаулысымен бекітілді. Бірақ, сол қаулы кейін белгісіз себептермен жойылып, әкімшіліктің аты Қарабау болып шыға келді. Ал, оның орталығы болған Жаңа тұрмыс елді мекені бертінде, яғни 2002 жылы ғана «Сынтас» атына ие болды.

Жалпы, Сынтас қалашығы – қазіргі Сынтас ауылының шығысы мен Келес өзенінің сол жағалауында орналасқан төбе. Сонау X-XVI ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында өмір сүрген қалалардың бірі. Төбені алғаш рет 1957 жылы Қазақстан археологиялық экспедициясы тапқан. Одан кейін 1982 жылы Шымкент педагогика институты жанындағы археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде, ақ, көк, сары, қоңыр түсті керамикалық заттардан жасалынған құмыралардың сынықтары мен қақпақтары табылған. Төбенің биіктігі 10-11 метрді құрайды. Қалашық осы уақытқа дейін мазарат болып келді. Қазіргі таңда оның аумағы белгіленіп, археологиялық ескерткіш ретінде тізімге енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды. Міне, қазақ тарихында өзіндік орны бар осы Сынтас қалашығының атын жаңғыртып, Қарабау ауылдық округін Сынтас деп өзгерту жөнінде мәселе көтеріп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Әркім әрқалай түсінеді. Ауылдың бірлігіне сызат түсірді деп отқа май құятындар да табылады. Жоғарыдағылардың мұншалық салғырттығына, ауылдастарымыздың мәселеге немқұрайды қарап отырғанына қарның ашады. Қазіргі таңда Қазығұрт ауданында Қарабау деп аталатын үш ауыл бар. Қарабау ауылдық округіндегі Қарабау аттас елді мекеннен бөлек, Алтынтөбе ауылдық округінде Қарабау деп аталатын ауыл бар. Ал, «Ономастика туралы» заңның жаңа редакциясында, яғни 25-5-баптың 3-тармағында «бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру» көзделген. Демек, ауылдық округте Қарабау атауының екі рет аталуы заңсыз деген сөз. Міне, заңның осы талабы ескерілмей отыр. Сондықтан қазақ тарихында өзіндік орны бар, талай қилы заманды басынан өткерген көне Сынтас қалашығының атымен ауылдық округ аталып, орталығы Сынтас ауылы болса деген пікірдеміз. Көп тілегі жерде қалмаса екен, – деп түйіндепті сынтастықтар.

Идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту, өткенді қайта оралту тарихи әділеттілік қана емес, елдің өткенін уақыт тозаңынан аршып алып, абыройымызды асыру екенін ешкім жоққа шығармайды. Десек те, Сынтас ауылының тұрғыны, зейнеткер Ибрайым Молдабеков әкелген құжаттардан байқағанымыз, ауыл тұрғындары бұл мәселеде ортақ мәмілеге келе алмаған. Былтыр наурыз айында осы мәселе жөнінде екі рет жиын өткен. Көпшіліктің пікірін ескерген ауыл басшылығы Қарабау ауылдық округінің атауы өзгеріссіз қалдырылсын деген шешімге келген. Бірақ, хат жолдаушылар басшылықтың бұл шешіміне күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, әкімшілік өкілдері «егер әкімшілік атауы өзгерсе, шығынын өздерің төлейсіңдер» деп ауыл тұрғындарына үгіт жүргізген. Осыдан кейін көбісі бастапқы пікірлерінен бас тартқан көрінеді. Ал, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 5-тармағында «Облыстарға, аудандарға, қалаларға ат қою мен олардың аттарын өзгертуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебінен жұмсалады» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған.

Ауыл атауын өзгерту жөнінде екі тараптың да пікірін ешкім теріс дей алмайды. Індете іздесеңіз, Сынтас сияқты әр елді мекеннің сәтімен сабақталатын, тылсым тарихтан сыр шертетін өз атаулары бар. Тек соның бәрі уақыт өткен сайын көмескі тартып, жұқара жойылып барады. Кейінгі ұрпақ бұрынғының бағалы атауын біле бермейді. «Сынтас» мәселесінің көтерілгеніне де 30 жылға жуықтапты, бірақ, осы бір елдің елдігін көрсететін шаруаны оң жолға қоя алмай келе жатқандығымыз өкінішті.  

 

 

 

Пікір қалдырыңыз