Жаңа қазақстанды құру бірлік пен қажырлы еңбекті қажет етеді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауының маңызы айрықша. Өйткені, бұл құжат қоғамның қажеттілігіне негізделген, еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған бағдарламалық құжат. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін еместігі белгілі. Еліміздегі саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық мәселелерге дейін барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екендіктерін дәлелдеді. Қаңтар оқиғасы бүкіл құзыреттің бір қолда болуына негізделген басқару жүйесінің тиімсіздігін анық көрсетті. Демек, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу елімізді дамытуға жол ашады. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру қажетілігіне орай, Президент ұсынып отырған он бастама біріншіден, қоғамды демократияландырады, екіншіден, мемлекеттің басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді.
Бірінші бастама  еліміздің саяси жүйесінің жаңа жағдайларға бейімделуіне байланысты суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тарту, партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеу, Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге тыйым салу, мемлекет басшысының аудан, ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқық беретін заң нормаларын жою, яғни көп өкілеттігінен айыру саяси жаңғыру үдерісінің дамуын қамтамасыз етеді.
Екінші бастама өкілді билік тармағын қайта құру арқылы Парламенттің рөлін арттыруды және мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтуды көздейді. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізуге сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Азаматтардың өкілді билікке сенімін нығайтуда мәслихаттардың рөлі артып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымы енгізіледі. Үшінші бастама аралас сайлау жүйесіне көшу арқылы азаматтардың құқығын толық ескеруге бағытталған. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Жаңа үлгі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді, жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.
Төртінші бастама партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық тұрғыда дамытуды қарастырады. Партияларды тіркеу ресімі жеңілдеп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға азайтылып, өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіліп,  партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны 1000-нан 700 адамға қысқарады, құрылтай съезін өткізу, филиалдарды құру уақыты көбейеді. Либералдандыру саясаты сайлаушыларының қордаланған проблемаларын шешуге қабілетті жаңа партиялардың пайда болуына жол ашады. Бесінші бастама сайлау үдерісін жаңғырту мәселелерін,  әділ және ашық сайлау өткізу үшін әлемдік үздік дауыс беру тәсілдерін зерттеп, біртіндеп енгізу, сайлау науқанында үгіт-насихат жұмыстары туралы регламентке сәйкес әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беру қажеттілігін айшықтайды. Байқаушылар институты ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі болғандықтан байқаушылардың қызметі заңмен реттеліп, құқықтары мен жауапкершілігі белгіленуге тиісті. Аумақтық сайлау комиссиялары бір азаматтың екі рет дауыс беруіне жол бермей, сайлаушылар бірыңғай электронды базасы арқылы кез-келген учаскеде дауыс беруге, сайлауға ықпал етуге жол бермеу үшін сайлау қоры қаржысының жоғарғы шегін нақтылауға міндетті.
 Алтыншы бастама құқық қорғау институттарын күшейту жолдарын белгілейді. Олардың ішінде заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін Конституциялық сот институтын құру, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру, азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісі бойынша құзыретті Бас прокуратураға беру. Жоғары сот кеңес құрылымы Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді, судьялардың тәуелсіздігіне ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің қатысуына жол ашып, алқабилер институтының дамуы сот жүйесін демократияландыруға, қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Жетінші бастама бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуды талап етеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамына аймақ өкілдері, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы саласының жұмысшылары, бизнес өкілдері кіретін Ұлттық құрылтай құрылады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыра отырып, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналуға міндетті.
Сегізінші бастама еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге арналған. Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты Абай, Ұлытау облыстары құрылып, Семей, Жезқазған қалалары жаңа облыс орталықтары болады. Алматы облысы екіге бөлініп, Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағай, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болады. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді және  ішкі көші-қон мәселесін реттейді.
Тоғызыншы бастама жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыруды реттейді. Билікті орталықсыздандыру өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беруді талап етеді, онсыз азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Саяси жаңғыруда мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару институтының негізгі буынына айналды, олардың өкілеттігін нақты белгілеп, меншік базасын кеңейтіп, өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру өңірлерді дамытуға, еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыруға жол ашады.
Оныншы бастама дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы.  Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын жүзеге асыруға, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, қаржы саласындағы жасанды сұранысты азайтуға міндетті. Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы қажет. Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа жылдам талдау жасайтын, шұғыл шаралар әзірлейтін ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек.
Қазақстан Республикасы Президентінің бастамалары еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертеді. Бұл бастамаларды жүзеге асыруда Қазақстан халқы ауызбіршілікті, ақыл мен сабырды, парасат пен ұстамдылықты  ұстануы керек, себебі біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз әрбір азаматтың конституциялық құқығының мүлтіксіз сақталуы, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуы, маңызды шешімдердің халықтың қатысуымен ашық қабылдануы. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты.  

Н.БАЛАБИЕВ,

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі.


Пікір қалдырыңыз