Ескерткіштер – ел тарихы

Жалпы, ескерткіш дегеніміз — халқымыздың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарихи-мәдени ескерткіштердің жиынтығы мұражайлық заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді қамтиды. Ал, ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштер тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) ескерткіштер болып бөлінеді. Сондай-ақ, ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. Оған адамзаттың көне заманнан бастап күні бүгінге дейінгі дамуы жолындағы түрлі саладағы аса маңызды жетістіктерінің ерекше қайталанбас заттық-рухани үлгі нұсқаларын жатқызамыз.

Адам өміріндегі оқиғаларды, белгілі бір елдің, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңін еске түсіретін құндылықтарды, қастерлі мұраларды ескерткіш деп атау да қалыптасқан. Олардың қатарына шартты түрде ауыз әдебиеті ескерткіші, жазба ескерткіші, өнер ескерткіші, сәулет ескерткіші, ұлттық дәстүрлі қолөнер ескерткіші, діни ескерткіш, тағы басқа да ескерткіш түрлерін жатқызуға болады. Мысалы, адам қабірінің басындағы оба, қорғандардың, сақ және көне түркі кезеңдерінен жеткен тас мүсіндер, құлпытас, қойтас, сағана, төртқұлақ, кесене, т.б. археологиялық және сәулет өнері ескерткіштері ең алғашқы ескерткіш түрлері қатарына жатады.
Монумент деп ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалған мүсіндік туындыны айтамыз. Монументтер әдетте дүние салған адамның құрметіне тұрғызылады. Ескерткіштің кең тараған түрі де осы монументтер. Олар көбінесе көрнекті жерлерге, ауыл немесе қаланың орталық алаңына, саябаққа, тарихи орындарға, тарихи адамдардың туған жерлеріне орнатылады.
Отырар өңірі — тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Жалпы, ауданымызда 200-ден астам археологиялық және сәулет өнері ескерткіштері (оның ішінде 3-еуі республикалық деңгейдегі ескерткіш, олар: Отырар қалажұрты, Оқсыз қалажұрты, Арыстанбаб кесенесі)  тізімге алынған. Олар Отырар қалажұрты, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Ақтөбе, Қостөбе, Көкмардан, Марданкүйік және тағы басқа ортағасырлық тарихи-мәдени археологиялық ескерткіштер. Бұл ескерткіштердің барлығы көне тарихтан сыр шертетін орта ғасырларда ата-бабаларымыз өмір сүрген қалалар мен тұрғынжайлардың орындары болып табылады. Сәулет өнері ескерткіштеріне келсек, өңіріміздегі  архитектуралық құрылысы жағынан ерекшеленетін Арыстанбаб, Найман әулие кесенелері (ХІХ ғ.) мен Икрам ата мешіттерін (ХХ ғ. басы) айтуымызға болады. Бұл ескерткіштер ХІХ-ХХ ғасырларда тұрғызылып, өз кезеңінде діни орындар (мешіт, медреселер)  қызметтерін атқарды.
Ал,  ХХ ғасыр басындағы вокзал ғимараты 1903-1905 жылдары Орынбор–Ташкент теміржолын салу кезінде тұрғызылған. Қабырғасы қыштан қаланып, шатыры темірмен жабылған. Отрабад разъезінде орналасқан су айдау мұнарасы ХХ ғасыр басында тұрғызылған. Темір стансасы теміржол вокзалының кешеніне кіретін инженерлік ғимарат үлгісі болып табылады. Ал, насос стансасына келсек, Шәуілдір ауылы шетінде орналасқан. Станса тұрғын үй және өндірістік ғимаратынан тұрады. Бұл ғимараттардың барлығы ғасыр басындағы архитектуралық ескерткіштер үлгісі болып саналады.
Ауданымызда Кеңес Одағы кезінде пайдалануға берілген тарихи ғимараттар мен ескерткіштер де бар. Солардың қатарында Кеңес Одағының Батыры Т.Ибрагимов пен қоғам қайраткері Д.Алтынбековке қойылған ескерткіштерді атап өтуге болады. Жас ұрпақ бұл ескерткіштерді көргенде тарихи тұлғалар туралы біліп қана қоймай, еліне деген отансүйгіштік рухтары оянатынына кәміл сенеміз.   
Тәуелсіздік алғаннан кейін тұрғызылған тарихи тұлға ескерткіштері мен тарихи-танымдық кешендер ауданымызда көптеп салынып келеді. Олар «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешені, «Даңқты бабалар» саяжолы, Отырар қорғанысы бейнеленген панно, Құрмет тақтасы, Киелі ағаш, Ақ арка, «Қасиетті кітап» кешені, Төбешік, Тәуелсіздік белгісі, Жаяу жүргіншілер көпірі, Қақпа, Ш. Қалдаяқов ескерткіші, Социалистік Еңбек Ерлері аллеясы, Батыр аналар аллеясы, Кеңес Одағы Батырларының ескерткіші, Ауданның құрметті азаматтары аллеясы, Әбу Нәсір әл-Фараби, Қажымұқан Мұңайтпасов, Асанбай Асқаров пен Жамалбек Шәймерденовтің ескерткіш мүсіні, қоғам қайраткерлері Дүйсенбай Алтынбеков, Нұртас Оңдасынов, Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткіші – осылардың барлығы ауданымызға сән беріп қана қоймай, жас ұрпақтың елінің тарихын тануында үлкен маңызға ие екенін білеміз.
 Бүгінде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК  осы ескерткіштерді зерттеу, сақтау және қалпына келтіру жұмыстарын атқарып отыр. Отырар өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, сақтау және келушілерге таныстыру тарихымызды ұлықтау және ұлттың ұлылығын көрсететін мәдени мұрамыз деп білеміз.
Қорыта келе, өңіріміздегі ғасырлар қойнауынан жеткен археологиялық және бүгінгі таңда салынған сәулеттік ескерткіштер шын мәнінде кез келген адамға ғажайып әсер қалдырады. Бүтін бір халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезеңдерін басынан өткерген, тарихтың бізге беймәлім сырлары тұнған бұл мұралар халқымыздың өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді. Сондықтан да осы ескерткіштерді зерттеу, сақтау, қалпына келтіру және жас ұрпаққа насихаттау – басты борышымыз деп білеміз.

Мақсат БАЙТАСОВ,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық
музей-қорығы» РМҚК ғылыми қызметкері.



5 пікір

  • Роза
    Роза

    Өте тамаша

  • Серік Жанарман
    Серік Жанарман

    Өтте керемет жазылған

  • Серік Жанарман
    Серік Жанарман

    Өтте керемет жазыл ған

  • Кұдайберген балнур
    Кұдайберген балнур

    Өте керемет көп көп рахмет

  • Оразхан Әлия
    Оразхан Әлия

    Мен бұл жауапқа келісемін. Бұл жауап маған ұнады.

Пікір қалдырыңыз