Ішкі сезіміміз алдамапты

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында «Жаңа қазақ елінің бас жобасын» құруға барша қазақ жұртын атсалысуға шақырды. Президент өз Жолдауында «қаңтар оқиғасына» тоқталып, оның қазақ елінің тыныштығы мен тұрақтылығын жоюға бағытталған өте қатерлі іс-әрекет болғандығын  және оны ұйымдастырғандардың аяусыз жазаланатынын мәлімдеді.

Біз, қарапайым халық, Президент Қ.Тоқаевтың ел басшылығына келген күнінен бастап, демократиялық бағыттағы бірнеше ұсынысты өмірге ендіргеніне қарап, бұл кісі ел өміріне қалай да бір тың серпіліс әкелуге тиіс деп ойлайтынбыз.  Ішкі сезіміміз алдамапты. Міне бүгін, бүкіл ел-жұртты елең еткізген «Жаңа Қазақстан» атты тың бағдарламаның куәсі болып отырмыз.

– Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Мен елімізге  мұндай түбегейлі реформалар өте қажет екеніне бек сенімдімін. Сондықтан бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту мақсатында, өзіміз осы бүгіннен бастап кіріскелі отырған өте қажетті он ұсыныс айтқалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң  өзгерістер керек. Ол үшін біз, барлық мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын халықпен бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жұлуға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі, нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады, – деді Президент.

Өзінің бірінші ұсынысында  Мемлекет басшысы:   «Мен бұған дейін айтқандай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты.  Қазір бәрі Президентке кеп тіреледі. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз керек. Мен үшін мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен  «AMANAT» партиясы ұйымының төрағалығынан биыл бас тартамын. Мұндай норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жол ашады» дегенді айтты.

Екінші ұсыныста: «Біз Президенттік өкіметті біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айрықша арттыруымыз керек»  деді және оны қалай жүзеге асыруға болатын жолды атап көрсетті. Сондай-ақ, осы орайда, Парламенттің республикалық бюджеттің сапалы орындалуын бақылауды күшейтуі үшін Парламент жанынан Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды.

Үшінші ұсынысында: «Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты тек сайлау үдерісі арқылы жүзеге асыруға болады. Бүгінде партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың  сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, өз өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды, – дей келе Қасым-Жомарт Кемелұлы аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Бұдан былай депутаттық корпустың 70 пайызы  пропорционалдық, 30 пайызы мажориторлық тәсілмен жасақталатын болады.

Төртінші ұсынысында: «Жаңа Қазақстанды»  құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан бұдан былай партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегі төрт есеге – яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін қысқарады» деді.

Сондай-ақ, Президент 5,6,7-ші ұсыныстарында дауыс берудің электрондық тәсілі тиімді екенін, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін конституциялық сот құрудың, сол секілді «Жаңа Қазақстан» атты демократиялық мемлекет құруда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі айрықша маңызды екендігіне тоқталып өтті.

Бұдан кейінгі ұсыныстарда Президент «Қуатты өңір – қуатты ел»  принципін алға тартып, елімізде жаңадан үш облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру жайында мәселе көтерді. Бұл еліміздің әкімшілік-әлеуметтік жағдайын жақсартуда тың серпіліс беретін өте маңызды қадам болатындығын атап көрсетті. Сондай- ақ, еліміз бойынша алда атқарылар бірқатар іс-шараларға тоқталып, ауыл округтерін қаржыландыру, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, капиталды елден шығармау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және  көктемгі егіске дайындық секілді өте маңызды мәселелерді тез арада қолға алу керектігін айтып өтті.

– Біздің мұратымыз  – адал еңбек, озық білім мен үздік тәжірибені ту етіп көтеріп, халық үніне құлақ асатын «Жаңа Қазақстанды» құру. Сондықтан өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз, – деді Президентіміз.

Осылай біз жаңа Жолдаумен таныстық. Президенттің бүгінгі ел жағдайын жете біліп, елді жарқын болашаққа қарай бастар жолды жазбай танып, «Жаңа Қазақстан» атты мәңгілік елдің тың жобасын ұсынуы бізді шын қуантты. Бұл біздің халық қашаннан арман еткен, елімізді әлемдегі ең дәулетті, дамыған елдердің қатарына қосатын нағыз даңғыл жолдың өзі екенін түсіндік.  

Бердалы РЫСБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз