Көшеңіз кімнің атында?

Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы күн өткен сайын көріктеніп келеді. Аз уақытта түрлі ғимараттар бой көтеріп, саялы саябағы, салқын субұрқағы сәнін кіргізген әдемі қалаға айналды. Түркістанның ерекшелігі тек қарқынды құрылысымен ғана емес, көшелерімен де ерекшелене түсті. Бүгінде қалада 876 көше бар. Ол көшелерге Абылай хан бабамыздан бастап батыр, би-сұлтандарымыздың, жырауларымыз бен еліне еңбегі сіңген бірқатар қайраткерлеріміздің есімдері берілген. Рухани астанадан түркі әлеміне танымал Ататүрік пен Тұрғұт Озалдың атындағы көшелерді кездестіресіз. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі Ыстамбұл, Нью-Дели, Баку, Каир, Берлин, Душанбе, Ташкент, Бішкек және Киев секілді ірі қалалардан көше иемденгенін ескерсек, бауырлас түркі елінің дара тұлғаларына бұл құрмет әбден лайық.
Жасыратыны жоқ, қайбір жылдары қолынан келіп тұрғандар қала, аудан, ауылдық жерлерде өзінің әкелерінің, аталарының, бабаларының атына көше алып беруден өзара бәсекеге түскен. Бұл үрдіс 2017 жылы әкімшілік аумақтарға, бірліктерге және оның құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруге шектеу қойылғанға дейін созылды. Әсілінде қала көшелерінің атауы жолаушыларға бағыт-бағдар беріп қана қоймайды, ол тарихымыздан, бабаларымыздың ерлігі мен ұлттық мұратынан хабардар етіп тұрады. Бұл болашақ ұрпақтың тарихымызды ұмытпауы үшін де керек. Сондықтан болар, қала тұрғындары Түркістан көшелерінің тарихи тұлғаларымыздың атымен аталғанына қуанышты.
– Бірде немерем «ата, Қазтуған деген кім?» деп сұрады. Балама жауап беру үшін өзіме тарихты шолып шығуға тура келді. Демек, бүгінгі жастарымызды көшелердің атауымен-ақ тарихымызбен таныстыруға болады екен. Жер-судың аты – халықтың хаты деп бекер айтылмаса керек, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Серікбай Рашев.
Бүгінде мағынасы идеологиялық тұрғыдан ескірген көптеген көшелердің атауы жаңартылып, Юрий Гагарин, Миронов секілді бірер көшелерден басқасы түгелдей дерлік қазақы есімдерді иеленіп болды.
– Қаламыздың барлық көшелері хандарымыздың, халқымыздың бостандығы мен еркіндігі жолында басын бәйгеге тіккен батырларымыздың, имандылық жолында өшпес із қалдырған даналарымыздың есімін иеленіп жатыр. Бұл келешек ұрпағымыздың өз тарихын терең түсініп, ұлтжандылық болмысын қалыптастырады деуге болады,– дейді Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Бақытжан Рахметов.
Бір-екі жыл бұрын атауы жоқ көшелер тұрғындардың Жедел жәрдем шақыруына, мекенжайын көрсетуде біршама қиындық тудыратын. 2019 жылы облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың қаулысы негізінде қаладағы атауы жоқ 330 көше жаңа есім иеленді. Соның нәтижесінде Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Күлтөбе деп аталатын көшелер пайда болды. Жақында ғана Есім хан мен Шəмші даңғылы ашылып, халықты тағы бір қуанышқа бөледі.
Түркістан уақыт өткен сайын жаңарып та келеді, кеңейіп те келеді. Оның аумағында әлі де жаңа құрылыстар бой көтереді, демек, көшелер де көбейері сөзсіз. Алдағы уақытта түзілетін жаңа жолдарға Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген Шақшақ Жәнібек батырдың анасы Кәмилә ханым Бектасбиқызы, Жанқыз, Бәсентиін Ханым бике Қазанғапқызы, Бопай ханым Қасым Сұлтан қызы, Абылай ханның бәйбішесі Қарашаш аналардың есімдері берілсе құба-құп болар еді. Жаңа тәртіп бойынша тарихи тұлғалардың тізімін Президент әкімшілігі бекітетіні белгілі. Дегенмен, жергілікті мәслихат тиімді ұсыныс жасап, кесене маңына жерленген діни-рухани тұлғалар, Темір, Шәйбан әулеттері мен қазақ хандары, сұлтандары мен би, батырлары, датқа-болыстары мен игі жақсыларының аталмай қалғандары түгел бір-бір көшені иеленіп жатса, нұр үстіне нұр.
Осы орайда қарапайым еңбек адамдарын бағалай кеткеніміз теріс болмас. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергеновтен бастап, Боранбек Шүкірбеков, Науат Егембердиева, Жұмагүл Қошуаққызы, Жұмакүл Сәуірбаева, Рыскүл Махатова, Қылышбай Омаров, Дәмеш Шахабаева, Жабақ Сатыбалдиев, Жотабай Әділбеков, Алтынбек Абдуллаев секілді Еңбек Ерлері де көше иеленуге әбден лайық деп ойлаймыз.
Академик Ісмет Кеңесбаев, тіл білімінің маманы Құлмат Өмірәлиев, әдебиетші-ғалым Керімбек Сыздықов сияқты ғалымдарымыз да бар. Түркістанның топырағында дүниеге келіп қазақ руханиятына сүбелі үлес қосқан ақын-жазушыларымыз Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Сәуірбек Бақбергенов, Төлеген Тоқбергенов, Бәтима Батырбекова, Тоқаш Бердияров, Өтебай Тұрманжанов, Тұтқабай Иманбековті де ұлықтай білсек артықтық етпес. Сондай-ақ, Әмірсейіт Әлиев, Әсілхан Оспанұлы, Әдіхам Шілтерханов, Әсет Тілеукеев, Жұмамұрат Тұяқбаев секілді қалам иелері де еленіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Пернебай САПАРОВ.