Ел дамуының жаңа бағыты

2020 жылы Арыс қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен  «Арыс қаласынан Ұлы Абай ауылына дейін» атты танымдық сапар  ұйымдастырылып, зиялы қауым өкілдері, журналистер, зияткер жастар тартылған құраммен бірге Абай елімен танысып қайтқан болатынмын. Он күндік сапарды саяхат деуден гөрі, ұлы ақынның рухымен қауышып, өскен ортасын, табаны тиген киелі жерлерді көзбен көріп, сананы сілкінту дер едім. Абай елі – ұлы тұлғалардың алтын бесігі. Ол қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, философ, композитор, аудармашы, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Өзінің өлеңдерімен, терең пәлсапаға толы қара сөздерімен, нақылдарымен, аудармаларымен саналы қазақты ойландырады. Демек, жаңа облыстың әр қазақпен мәңгі жасап келе жатқан Ұлы Абай есімімен аталуы исі қазақты қуантары анық. 
Халқымыз «Шөліркеген бұтаққа су керек, ұлтқа рух керек» демей ме? Президент айтқандай, Абай облысының құрылуы – қазақ еліне өлмес рух пен  ел дамуының жаңа бағыты – Жаңа Қазақстанның бастауы болады деп сенемін!

Жұлдыз ӨТЕГЕНОВА,
Арыс қалалық Мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі.
Пікір қалдырыңыз