Желмая жетектеген жиһанкез н е м е с е сіз Қызыр баба туралы не білесіз?

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».
Әр халықтың таным-түйсігі әртүрлі. Айталық, христиандар 31 желтоқсан күні Аяз ата келеді деп үміттенсе, мұсылмандар 21 наурыз күнгі түнде Қызыр баба келеді деп сенген. Жаңа жылға, жаңа күнге, жаңа таңға көрісіп, жаңа нұрға шомылған халық бұл түнді «Қызыр түні» деп те атаған. Яғни «ырыс түні». Сондықтан ертедегі адамдар бұл түні ұйықтамай Жаратқанға құлшылық жасап, ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік тілеген.
Расында, Қызыр баба кім? Этнографтар оны халық санасында ел аралайтын адам бейнесіндегі әулие, қамқоршы, дәулет сыйлаушы деп түсіндіреді. Кейде оны Қыдыр ата деп те атайды. Ежелгі заман адамдарының түсінігі бойынша барлық тіршілік атаулының, табиғат құбылыстарының киесі әрі иесі болған. Ұлыстың ұлы күні Қыдыр баба әр шаңыраққа келіп, ырыс-дәулет сыйлайды деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан әр шаңырақ үйін, киімдерін, ыдыс-аяқтарын, басқа да бұйымдарын таза ұстауға тырысқан. Үйдің іші-сыртын әктеп, қора-қопсыны тазалап, аулаға ағаш егіп, көшет отырғызған. «Үй таза болса, отбасы мүшелері ауру-сырқаудан аман болады» деп сенген. Сондай-ақ, Қыдыр баба үйге кіргенде жап-жарық болып тұрсын деп төрге қос шырақ жағып қояды екен. Таза үйге, ниеті дұрыс адамдар шаңырағына Қыдыр баба түнеп кетеді деп ойлаған. Осыдан барып «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөз қалыптасқан.
Көне кітаптарды, араб әдебиетін ақтарсаңыз «Хазар» деген сөз табасыз. Бұл арабша «жасыл» деген сөз. Демек, Қыдыр баба – жасыл адам дегенді білдірсе керек. Ал, «Хадрауат» деген сөз жасыл көкөністер деген мағынаны білдіреді. Көктемнің өзі жер-жаһанның көгеруінен басталмай ма? Халықтың жасыл түске мән беруі сондықтан шығар бәлкім. Негізінен Қыдыр баба бір жерге аялдап тоқтап кетсе, сол жер жап-жасыл болып қалады екен деген де сөз бар. Ал, бір аңызда Қыдыр баба жасыл киініп жүргендіктен осылай аталады.
Белгілі этнограф-жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» атты кітабында: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қыдыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қыдыр (Қызыр) қасы-көзін жапқан қарт адам болса керек. Қыдыр атаны бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыру үшін Қыдыр ата түн ортасы ауа дала кезеді. Қыдыр түнін ұйықтамай атыру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойындар ұйымдастырып, «Қыдыр назарын аударып бақытты боламыз» деп небір тосын тамаша қызықтар көрсетеді» (228-бет) деп жазады.
Ғалымдар мен зерттеушілер Күн сәулесі жердің шығыс бөлігінен таңғы сағат 00.06-да себезгілеп атқан кезде Жаңа жыл келеді дейді. Біздің қазақ жерінде бұл сағат 00.03-ке тура келеді. Сол себепті қазақ халқы Ұлыстың ұлы күні – Наурызды таңғы сағат 00.03-те қарсы алады. Демек, жастардың түрлі ойын ұйымдастырып, ұйықтамай отыруында осындай гәп жатыр. Бұл түні сондай-ақ әжелеріміз түрлі дәмді ас дайындаған. Думан-той үстінде түрлі салт-дәстүр жоралғылары орындалған.
Қалай дегенде де Қыдыр баба халық ұғымындағы жиынтық бейне. Оны тағы бір зерттеушілер, көнекөздер түйе жетектеген, аппақ киінген адам бейнесінде суреттейді. Орталық Азияда Қыдыр атаны егін шаруашылығына байланыстыра қарастырады. Олар ерте көктемде Қыдыр ата жерді сипалап, мейірімін төксе, егін бітік шығады деп сенген. Сонымен бірге олар Қыдыр бабаны жан-жануарлардың жебеушісі деп біледі. Ұлыс күні аппақ мысық, аппақ ит көргендер бай болады екен деп жатады.
Қазақтың ауыз әдебиеті мен жыр-дастандарында Қыдыр ата аңыз түрінде бейнеленеді. Ол желмаясын жетектеген жиһанкез, абыз ақсақал, халыққа дұрыс жол көрсетуші әулие.
Бала кезімізде әкелеріміз «Пәленше айдалада жүріп Қыдыр бабаға кезігіпті» дегенді құлағымыз шалып қалушы еді. Тағы бір есте қалғаны Қыдыр бабаның бас бармағы сүйексіз, жұмсақ болады екен. Иен далада ойда-жоқта кезігіп, бата берсе бақытты болдым дей беріңіз.
Десек те, «Қыдыр ата» мен «Қадыр түнін» шатастырып алмауымыз керек. Бұл екеуі екі бөлек дүние, екі бөлек ұғым. Қыдыр түні Наурыз айында өтеді. Ал, Қадыр түні Рамазан айының соңғы он тақ күндері келеді. Рамазан айының 27-сі күні жұртшылық Қадыр түнін қарсы алады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Негізінде Құранды Қадыр түнінде түсірдік (Мұхаммед с.а.с). Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан қайырлы. Періштелер мен Жебірейіл періште ол кеште Раббылардың рұқсаты бойынша барлық іс үшін (Жер бетіне) түседі. Ол бейбітшілік кеші (болған Қадыр түні) таң рауандағанға дейін жалғасады» дейді. Демек, бұл – Қадыр түні. Бұл күні Қыдыр ата келеді деген жаңсақ ұғым.
Қалай дегенде де биылғы Барыс жылы Ұлыстың ұлы күні мен қасиетті Рамазан айы бір-біріне жақын тұр. Сәуірдің алғашқы күндері Рамазан айы басталмақ. Бұл да жақсылықтың нышаны деп жориық.