Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлайды

Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университетін көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Себебі, аталмыш оқу орнының түлектері қашан да өздерінің жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Журналистік тапсырмамен оқу орнында жиі боламыз. Алдымен көзге түсетіні, олардың қызметтеріне деген айрықша ынталылығы, университет мәртебесіне сай адал қызмет етіп жатқандығы.

Былтыр университет институционалдық аккредиттеуден өтті. Бұл, әрине, білім ордасының барша ұстаздары мен студенттерін ерекше қуанышқа бөледі. Жоғары оқу орнының мәртебесі өсіп, олардың алдағы уақытта тың ізденістермен жұмыс істеуіне ерекше мүмкіндік туды. 1998 жылдан бастап университетте «Химия, биология және экология» кафедрасы жұмыс істеп келеді. Кафедрада мына мамандықтар: 6В01503-Биология,  6В01502 – Химия,  6В05201 – Экология, 6В01505 – Химия-Биология  және 7М01502 – Биология, 7М01501 – Химия   бойынша мамандар даярланады. Ізденімпаз жастарға 3 ғылым докторы, 

10 ғылым кандидаты, 8 магистр аға оқытушы дәріс береді. Олардың арасында жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген мамандар аз емес. Кафедра меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Бердалиева Ақмарал Мақұлқызы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Е.Байбеков, профессор Р.Жаналиева, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Н.Айтбаев, биология ғылымдарының кандидаттары Н.Есқараев, К.Муминова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары Ж.Сапарова, Г.Қылышбаева, А.Исабаева   сияқты ғалымдар ұжымда үлкен беделге ие. 

 «Нәтижелі еңбек – жүйелі жұмыстың жемісі» демекші, кафедрада білім сапасын арттыру мақсатында озық мемлекеттердің тәжірибесін үйрену жолға қойылған. Атап айтқанда, Өзбекстан, Беларусь және Ресей сияқты елдердің маңдайалды жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, оқу үрдісіндегі жаңа технологияларды бірлесіп игеруде. 

Университет өмірінің жан-жақты дамуы мен жаңаруын тілге тиек еткенде, соңғы жылдардағы материалдық-техникалық базасының айтарлықтай өскенін айтпай кетуге болмас. Оқу корпустарының барлығы заманға сай түрленіп қана қойған жоқ, дәрісханалар бүгінгі оқыту технологияларына жауап беретін жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталды. Жүсіп Баласағұнның «Білім – теңіз, түбі де, шегі де жоқ» деген ғибратты сөзі бар. Ендеше, Орталық Азия инновациялық университетінің «Химия, биология және экология» кафедрасының озық кафедра ретінде танылуы – осының дәлелі. Ал, кафедра түлектері жоғарыда айтып өткендей, Қазақстан атты ортақ шаңырағымыздың күн сайын гүлденіп, көркеюіне, одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. 

Д.ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз