Өсімдік майы мен ұн өзімізден шығады

Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында өсімдік майын өндіретін жаңа цех ашылды. Агроөнеркәсіптік кешеннің жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобаларды қолдау одан әрі жалғасын табатынын айтты.

Жеке кәсіпкер Мирполат Урумбеков ашқан цехта табиғи, таза өнімдерден мақта және мақсары майлары өндіріліп жатыр. Тазартылған және иіссіздендірілген өсімдік майлары 4,5 және 5 литрлік көлемдегі пластикалық ыдыстарға құйылып шығарылуда. Өндірілген өнімдер облыстың, Шымкент қаласының және Сайрам ауданының сауда орындарына жіберілмек.
Аталған цех қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Өсімдік майын дайындауға және сапасын тексеруге арнайы зертхана бөлмесі жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер осы жобаға 37 млн. теңге жұмсаған.
Кәсіпкер күніне 35 тонна ұн өнімін шығаратын диірменді де іске қосты. Жобаның құны – 370 млн. теңге. Қазіргі таңда диірмен облыс және аудан аумақтарына «Жібек жолы» сауда маркасымен 50 және 25 келі болатын жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын сатылымға шығаруда.
Кәсіпорын шикізатты жергілікті дәнді-дақылдар және мақсары егетін шаруа қожалықтарынан сатып алып отырады. Бидай және ұн-май өнімдерін сақтайтын арнайы қоймалар да қарастырылған. Жергілікті 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Цех пен диірменнің ауыл шаруашылығы мақсаттағы техникасы және тауар тасуға арналған жүк көлігі де бар.
Пікір қалдырыңыз