«Тақыр кедей» жалғыз Марат па?

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Марат (есімі өзгертіліп алынды) – туабітті ІІ топ мүгедегі. Жеңіл-желпі жұмыс болмаса, ауыр тірлікке жарамайды. Қырықтан асқан азаматқа қазір ауылда қолайлы жұмыс жоқ. Бір мекемеде күзетші болып жүрген жерінен қысқартуға ілініп кеткен. Аз да болса жәрдем-ақысына сеп еді. Басқа жұмыстың ретін қарастырып, Шымкентке дейін шарлап қайтты, жолы болмады. Бұл секілді мүмкіндігі шектеулі жандар түгілі, аяқ-қолы балғадай жігіттердің өздеріне екі қолға бір күрек табу қиын қазір.

Отбасында асыраушы жалғыз өзі. Үйде өзінен басқа төрт жан бар. Келіншегі де жұмыссыз. Қыс түспей аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне барған. Ондағылар: «Екі қара мал мен он шақты тауығыңыз бар екен. Сондықтан атаулы көмек алуға мүмкіндік жоқ» деп мұны кері қайтарыпты. Қорасында бір сиыр мен құнажыны болғаны рас. Көмір және малға жем-шөп алу үшін бір сиырын базарға амалсыз шығарған. Ендігі бар үміт – буаз құнажында. Биыл қуаңшылық тағы жалғасса, күніміз не болмақ деп қауіп қылады. Балаларын ағарғаннан тағы айырғысы келмейді. Басқа кіріс көзі жоқ, тек жәрдемақымен жан бағып, қара шаймен, қара нанмен отырған отбасының ертеңгі күнге деген көңілдері алаң... 

Халықаралық норма бойынша күніне 5,5 АҚШ долларына өмір сүретін адам кедей, ал, 1,9 доллардан аз ақшаға күнелтетіндер «тақыр кедей» саналады екен. Қазақстан бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларға тең. 5,5$ дегеніміз – 2530 теңге, 1,9$ – 874 теңге, 2,8$ – 1288 теңге! 

Енді есептеп көрейік, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2-топ мүгедегінің жәрдемақысы 55 108 теңге болды. Мұны отбасындағы 5 жанның бір айдағы күнкөрісіне бөлсек, тұтас отбасы бір күнде 1836 теңгемен, әрбірі 367 теңгемен күнелтеді екен!  

Осы өлшеммен алсақ, Мараттың отбасы – «тақыр кедей»! Біздің өңірде осындай «тақыр кедей» жалғыз Марат па? 

Кедейшіліктің себебі көп, дегенмен, оның басты «қоздырғышы» – жұмыссыздық. Ендеше, халықты кедейшілік қамытынан құтқарудың бір жолы – тұрғындарды жұмыспен қамту. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне жүгінсек, өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 102,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. 

Дәл осындай «ресми ақпараттарға» халық түгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сенбейді. Тіпті, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ресми органдардың  мәліметтерді асыра көтермелеп жариялайтынын сынға алды. Ал, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев таяуда аудан әкімдеріне «сіздердің жұмыстарыңыздың көрсеткіші қанша жұмыс орындарын ашқандарыңызбен өлшенеді» деп қатаң ескертті.  

«Бүгінде 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді. Бұл соңғы 10 жылдағы  ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра жан басына шаққандағы табыс көлемі, орташа жалақы ұдайы өсіп келеді деп көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Шынында да тек қана жәрдемақымен өмір сүріп жатқан жандар аз емес. Кейінгі 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірістері 80 пайыздан 67 пайызға дейін кеміді. Ал, оның орнына әлеуметтік трансферттер 17 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғайды. Бұл тұрғындардың елеулі бөлігінің бюджеттің шығысына тәуелді екенін көрсетеді» деген еді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің жаңа Үкіметіне кедейлікке қарсы күрес жөніндегі  бағдарламаны әзірлеуге екі ай уақыт берді. Белгіленген мерзім аяқталып келеді. Жаңа бағдарлама жұмыссыздар мен кедейлерді қаншалықты жарылқайтынын уақыт көрсетер. 

Ал, дәл қазір Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын әрбір он мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру дейтін мәселе қаралып жатыр. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев әрбір аудан мен қала әкімдеріне жұмыс орындарын көбейту жөнінде нақты міндет жүктеп, олардың қызметі осындай критерийлер бойынша бағаланатынын қадап айтты. 

«Күнде алдарыңызда әр ауылдағы жұмыссыздардың тізімі тұруы керек». «Сіздерді оларды қалай жұмыспен қамтимын, не істеу керек?» деген сұрақтар мазалауы тиіс» деді Ө.Шөкеев. 

Орынды мәселе. Тек аудан, ауылдарда бұл мәселе де науқаншылдыққа ұласып, біреуге шұғыл кәсіп ашқызып, ол біреуді жұмыспен қамтымақ түгілі өзі жұмыссыз қалып, соңында мемлекетке қайтадан қол жаймаса  екен... 

 P.S. 2021 жылы 25 ақпанда Бейжіңде өткен «Кедейшіліктен құтылудың шешуші шайқасын бүкіл мемлекет бойынша қорытындылау жиналысында» ҚХР төрағасы Си Цзиньпин: «Біз кедейшілікпен күрестегі шешуші шайқаста толықтай жеңіске жеттік» деп баршаға жар салды. Қытай экономикалық реформасын бастаған өткен ғасырдың 80-жылдары халқының 1 миллиардтан астамы кедей санатында еді. 40 жылдан астам уақытта елдің даму кезеңінде халқының 800 миллионға жуығы кедейшілік қамытынан құтылды. Құдайы көрші, аспан асты елінің тәжірибесінен тәлім алып жатсақ, ешкім бізге «тәйт!» дей қоймас, сірә?!

Пікір қалдырыңыз