Жастарды алаңдататын жайлар көп
Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».
Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университетінде «Білімді ұрпақ – келешек кепілі» атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Сөз сайысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және университет жанынан құрылған «Риторика» пікірсайыс клубының 5 жылдығына арналды.
Дебатқа Алматы қаласынан арнайы келген Ұлдана Төлемісованың айтуынша, студенттер арасында мұндай пікірсайыстардың алар орны ерекше.
– Дебат ойындары жастардың сөйлеу мәнерін, ойлау қабілетін дамытып, көпшілік арасында іркілмей сөйлеуге тәрбиелейді. Қазіргідей жағдайда пікірсайыс турниріне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ге тарта жасты тартудың өзі – үлкен жетістік. Жарысқа Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларымен қатар, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарынан командалар қатысып жатыр. Бұл дебат ойындарының жастар арасында кеңінен дамып келе жатқандығын байқатады.
Әлі есімде, бұдан бес жыл бұрын Түркістан қаласында студенттер арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтетін болып, соған университет атынан команда жасақталды. Ішінде мен де бармын. Сол алғашқы жарыстан үлкен әсер алып қайттық. Пікірсайыс дегеніміз – қызыл сөздің қырманы емес екен. Оған терең білім, ұтымды ой, тұжырымды пікірдің аса қажет екенін ұғынып қайттық. Осыдан кейін «неге бізде пікірталас клубын құрмасқа?» деген ой келді. Міне, «Риторика» пікірсайыс клубының алғашқы кірпіші осылай қаланған болатын. Қазір клубтың 30-ға тарта мүшесі бар.
Биылғы сайыс балалар жылына орайластырылып отыр. Онда балалар құқығының қорғалуынан бөлек, кешегі қаңтар оқиғасынан туындаған мәселелер де қарастырылады, – дейді Ұлдана Уәлиханқызы.
Екі күнге жалғасқан пікірсайыста қатысушылардың еліміздегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерге де қанық екендігі көрініп тұрды. Әсіресе, оларды бүгінгі Қазақстандағы ахуалмен байланыстыру, елдегі демократиялық құндылықтар, қоғамда заң үстемдігін орнатудағы орнықты ойлары дебаттың маңызын аша түсті деуге болады. Тіпті, елімізде ара-тұра орын алып тұратын террорлық оқиғалар, қоғамды жегі құрттай жайлаған жемқорлық проблемалары да жастардың назарынан тыс қалмады. Оларды шешудің жастар ұсынған тиімді жолдарын жоғарыдағылар назарға алып жатса, құба-құп дер едік.
Сонымен, республикалық пікірсайыстың бас жүлдесін Алматы қаласынан келген Нұрсұлтан Нұрсипат пен Бинұр Азатқызы талассыз жеңіп алды. Олардың көтерілген мәселе төңірегіндегі пікірлері нысанаға дөп тиіп жатты. Бірінші орын алматылық Архат Сәрсенбаев пен шымкенттік Рахат Арғынбайға бұйырса, екінші орын тағы бір алматылық тандем Нұрдәулет Өмірзақ пен Ерғали Инкаровтың еншісінде кетті. Ал, үшінші орынға ақтөбелік Исламбек Бетімбай мен түркістандық Мирас Құспанов лайық деп танылды. «Ең үздік спикер» мен «Үздік спикер» аталымдарында шымкенттіктердің мерейі үстем болды. Рахат Арғынбай мен Ардақ Әзімбайдың турнирде асығы алшысынан түсті. Сондай-ақ, «Ең үздік төреші» ретінде шымкенттік Аяжан Төлбасы, «Үздік төреші» – түркістандық Марал Құлымбек, «Үздік мобилограф» – шымкенттік Лаура Аманбай, «Үздік делегация» – Алматы қаласынан келген «Алматы жастары» клубы, «Ең үздік» клуб аталымын Тараздың «Еркін ойлар алаңы» клубы жеңіп алды.