Әжелер мектебі. Ол қандай?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
Ұлттың ұлт болып ұйысуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Осы құндылықтарды қалыптастырып, негіздеуші рухани бастаулар отбасылық тәрбиеде жатыр. Отбасылық тәрбие адам өміріне әсер етіп қана қоймай, дүниетанымын да қалыптастырады. Өнегелі шаңырақтан шыққан жанның қоғамдағы орны да биікте болмақ. Осы ретте отбасындағы ата мен әженің ролі ерекше. Өйткені, бала да, немере-шөбере де алдымен ата-анасының, сосын атасы мен әжесінің қас-қабағына қарап өседі. Солардың берген тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, ержетеді.
Бұл жолғы мақаламызда біз әжелер мектебіне тоқталмақпыз. Қазақ даласында әжелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызының зор болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ретте Абайдың әжесі Зере, Шоқанның әжесі Айғаным, одан қала берді Ұлжан мен Ұлпан әжелер туралы айтсақ та жеткілікті. Иә, әжелер – даналықтың бұлағы. Қай бала да әжесінің әлдиі мен ертегісін, ұлағатты сөздерін ести келе жақсы азамат болып өседі. Әйткенмен, бүгінгі таңда немерелеріне ертегі айтатын әжелер азайып кеткендей алаңдаймыз. Әсіресе, қалада тәрбиеленгендер бесік жырын былай қойғанда немерелеріне ертегі айтып бере алмайды. Бүгінде ұлттық жабдықтар сататын дүкендерде токқа қосса баланы тербетіп, тіпті ән айтып беретін бесіктер пайда болды. Дайын күтуші тұрған соң жас келін бесік жырын жаттап, ертегі оқып қайтеді?
Кешегі кеңестік жүйенің «күйесі» әлі де толық тазарып бітпегендей көрінеді. Себебі, көшеге шыға қалсақ, атасы мен әжесінің немересімен орысша сөйлесіп бара жатқанын әлі де көріп қаламыз. Бұл ұрпақ қамын, сол арқылы ұлт қамын ойламаушылық, жанашырлықтың жоқтығынан емес пе екен? Қағынан жеріген құлан сияқты өз құндылығынан безінген бірнеше буынның салқын-сызынан әлі де толық кетіп үлгермегеніміз жасырын емес. Сол ұрпақтың балалары, немерелері ескі сүрлеуден әлі шыға алмай келеді.
Бүгінгі заманның аталары мен әжелері шын мәнінде «ата», «әже» деген атқа сай болғылары келсе, ең алдымен немере-шөберелерімен өз тілдерінде сөйлесулері керек. Адам үшін басты байлық денінің саулығы болса, ұлттың басты байлығы – туған тілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені жеріне жеткізе айтып келеді. Жаңа Қазақстанның жаңа тіректері бүгінгі жас буын, жеткіншектер. Егер баланың тілі қай тілде шықса, ол сол ұлттың өкілі. Қай тілде сөйлейді, сол ұлттың дүниетанымын қабылдайды.
Құндылықтардың құлдырап, ұғым-түсініктердің өзгеріске ұшырап отырған осындай тұсында жоғарыдағыдай олқылықтарды болдырмау, сол арқылы өскелең ұрпағының болашағын байыпты ойлаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың бастамасымен өмірге келген әрі тиімді жұмыс істеп жатқан аталар мен әжелер мектептерінің жұмысын ерекше атап өтер едік. Бүгінде облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында, тіпті ауылдарында осындай мектептер жұмыс істейді. Айталық, облыстық әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөрееваның айтуынша, осындай ұйымдар 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әжелер мектебі ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын, жөн-жоралғыларын жаңғыртып, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беру жолында түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Айталық, «Ақ орамал – әжелер ажары», «Кимешек», «Келінің келісті болса», «Енесі жақсының уығы алтын» сияқты семинар-кеңестер, тәрбие сағаттарын өткізулері құптарлық іс. Бүгінде Жетісай ауданының құрметті азаматы Айжамал Қоңырбаева, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы Гүлшат Мәуленова, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Бағила Исмайлова, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Гүлбибі Ешенқұлова жастардың бойына ұлылықтың, даналықтың дәнін сеуіп жүр. Бұлардың барлығы әжелер алқасын басқарады. Бұл орайда ордабасылық Гуля Тайтелиеваның да еңбегін ерекше атап өту керек.
Қысқасы, ата болсын, әже болсын, шешендік сөздердің, жырлар мен өлеңдердің тамаша үлгілерін немерелері мен шөберелеріне үйретіп, қазақы қалыпта тәрбиелей білсе, онда ұрпағыңыздың да, ұлтыңыздың да ғұмырлы болатындығы сөзсіз. Өмірдің мәнін терең түсінген, ұрпағының болашағына ой жүгірткен үлкендер ұлттық құндылықтарды бойтұмардай сақтап, кейінгі буынға шашау шығармай аманаттай алса, нұр үстіне нұр.
Иә, тәрбие деген терең ұғым, терең тағлым. Сол тәрбиенің тиегін ұстап отырған тәлімгерлердің тиянақтылығы дәл қазір ауадай қажет.