«Нұр Отанның» атауы өзгерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 22-ші съезіне еліміздің түкпір-түкпірінен 399 делегат қатысты. Съезде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, «Nur Otan» партиясын модернизациялау бағытындағы жоспар ұсынылды.
Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов саяси ұйымның жұмысын жандандыратын 7 басымдықты атап өтті. Олар: халықпен қарым-қатынаста кері байланыс эффективтілігін арттыру; жергілікті жердегі партия өкілдіктерінің беделін көтеру; партия жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету; партиялық бақылауды арттыру; партия берген уәделерінің нақты іске асуы; қоғамның әр саласымен байланыс орната білу; «Jas Otan» жастар қанатын қайта жаңғырту.
Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының төрағасы Ерлан Қошанов партия атауын «Аmanat» деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл ұсынысқа қолдау білдірді, партияның жаңа атауын съезд делегаттары да бірауыздан қолдады. Жиында партияның Жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілді.