«Поэзия, менімен егіз бе едің?»

Стендаль «Қасірет – оның жанын өнер сүюге үйретті» дейді өзінің басты кейіпкері туралы. Сол сияқты қазақ ұлтының маңдайына біткен жарық жұлдызы Мұқағали ақынның өмірі «тар жол, тайғақ кешулермен» өтсе, ғұмыры өлеңмен өрнектелгенін жақсы білеміз.
«Мұқағали Мақатаев 1931 жылдың ақпан айының 9-шы жұлдызында асқақ Алатаудың баурайында орналасқан Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен шаруа адам болған. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан. «Анасы Нағиман апа өте жұмсақ, қарапайым, ақкөңіл жан еді. Отбасында үнемі дастарқаны жаюлы, даяр тұратын. Ауыл адамдары Мұқағалидың қайсарлығы, бірбеткейлігі туралы тура Мысқал әжесіне тартқан деп отыратын. Атамыз Мақатай қарапайым шаруа кісі, өз бейнетімен өмір сүрген, момын адам болған» дейді бір сұхбатында ақынның Құдай қосқан қосағы Лашын Әлімжанова.
Ия, ұлы ақынның жастық, балалық шағы табиғаты тамаша, шұрайлы да, көк майса шалғын, тек ертегілерде айтылатын керемет жерде – Қарасазда өтті. Айналасы жоталы биік тау, оның баурайында әсем де, сәнді көкпеңбек қарағайлар сыңсып тұр. Тау бөктерін жағалап аққан үлкен өзен, қысы-жазы сылдыр қағып, айналасына өмір нәрін сыйлап, табиғат кереметтерімен қоса үндесіп жатады. Содан да болар, Мұқағалидың ақындық жолы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, он төрт жасында қалыптаса бастаған-ды.
Ақынның қайсыбір өлеңдерін алып оқысаңыз да жаныңыз ерекше бір жадырап, күш-қуат алып, рухыңыз көтеріліп, бойыңыз жазылғандай болып қаласыз. Өлеңнің әсері, рухы сіздің тоқсан тоғыз тамырыңызды жаулап алғандай күйге енесіз.
«Қазақ жері» өлеңінде:
Пай! Пай! Пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер!
Тұлпарлар дүбірлеп төккен жер!
Ғашықтар бірін-бірі өпкен жер!
Сарылып сал-сері кеткен жер!
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке,
Мына аймақ,
Бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкіршілік етемін қашан да,
Осы бір Отанда тұрғанда! –
деп, туған жері туралы тебірене толғанса, халқына, Отанына арнаған отты өлеңдері әрбір оқырманның жүрегіне жол табады.
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Саған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан да нарқым менің.
Ал, екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеге түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе Отан дер ем,
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен».
Ия, Мұқағалидың жүрек үні әлемдік поэзияның үнімен жалғасып жатқаны даусыз ақиқат.
«Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім,
Алаулатқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім,
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан...
...Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз қып жаратқан ба?» –
деп ақынымыз асқақтата жырлайды.
Мұқағали өзінің отты өлеңдерімен әрбір қазақтың отауына өмір шырағын жаққандай.
Күн батты ма, түн келді ме,
таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе
қайта адам?
Ар ма, өмір бар әлемді бауырына алып
шайқаған!
Әлем – дархан, саялаңдар, бәріңе де
орын бар,
Қорған емес, салтанатты, сәнді сарай
салыңдар,
Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату
болыңдар! –
деп адамзат баласын бір-бірімен ағайын-туыс, бауырлас болып, тату тәтті, дарқан өмір сүрулеріне тілектес болады, бейбіт өмірге жетелейді.
Мұқағалидың поэзия әлеміне үңілген сайын оның терең философиялық ой-толғауларынан Алла жаратқан жалған жарық дүниенің шексіз кеңдігіне, құдіреттімнің адам баласына берген дарқандығына көзің де, көңілің де жете түседі.
Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллаға сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!
Қызыл коммунистер басқарған ХХ ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары Құдіретті Алланы жырлаудың өзі нағыз батырлық емес пе?!
Мұқағали сайын даласын, туған жерін, елін, тұла бойы тұнып тұрған ақынжанды дарқан, кең пейілді халқын шексіз сүйіп өтті.
Дала жатыр өн бойы тұнған өлең,
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігінде,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем –
деп, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын Абайды, қазақ даласын «Дала данышпаны» өлеңінде күңіренте жырлайды.
Мұқағали ақынның махаббат туралы жазылған өлеңдері бүгінде әнге айналып кеткен.
– Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
– Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
– Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
– Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін –
деп ғашықтар құстың қос қанатындай үндесе жырлайды.
Ия, Мұқағали Мақатаев халқымыздың біртуар ақыны.
Жарық дүние-ай!
Жарығың неткен жақсы еді!?
Жаңылыспаспын, жарым деп айтсам
нақ сені.
Құшаққа сыйсаң, құмарым қанып, өбер ем,
Құшақтап тұрып, өлер ем.
Жарық дүние, жанарым менің жайнаған,
Жап-жарық неткен айналаң?!
Нұрың сенің миллион бояу ойнаған,
Құмартып кетер қомағай көзім тоймаған... деген өлеңді оқыған адамның өмірді сүймеуі мүмкін бе?
Мұқағали Мақатаевтың керемет ақындығымен бірге аударма саласындағы еңбектері бір төбе. Дүние жүзіне танымал ақын-жазушылар Уолт Уитменнің, В.Шекспирдің, Роберт Бернстің, Евгений Евтушенконың, Дантенің және тағы басқа дарын иелерінің қайталанбас туындыларын қазақ тілінде сөйлетуі Мұқағалидың әлем деңгейіндегі біртуар ақын екенін көрсетеді.
Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын тереңдете зерттеу болашақ ұрпағымыздың, ғалымдарымыздың еншісінде екенін айта келе, сөзімді ақынымыздың мына бір тамаша шумақтарымен түйіндегім келеді.
Шаттық пенен қуаныш,
Өкініш пен мұң-қайғы
Өмір бақи тұрмайды, алма кезек зулайды.
Жыла, жаным, жылай бер...
Мен де мәңгі тұрмаймын.
Зарыңды кім тыңдайды?
Ертең келіп басқа ақын бақытыңды
жырлайды.
Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
ақын.