Жер асты суы көздерін пайдаланбақ

Түркістан облысы мен Түркістан қаласын ағын сумен қамту бағытында тағы бір тың жоба қолға алынды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған жобаны жүзеге асыру барысын қадағалау үшін жұмыс сапарымен Кентау қаласында болды. Соңғы кездері қаладағы шахталарда жер асты суы көтеріліп, тұрғындарға аздап қауіп төндіріп жатыр. Соның әсерінен қаланың кейбір аймақтарының жері төмен түсіп, ойық жерлер пайда болуда. Бұлай жалғаса беретін болса, қалада апатты жағдай туындауы мүмкін.

Сол қауіптің алдын алу және ол су көздерін Түркістан мен Кентауды көгалдандыруға пайдалану мақсатында облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен тың жоба қолға алынғалы отыр. Жоба бойынша бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 4 сусорғыш орнатылып, Кентаудағы саябақта орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен арықтарға су жүргізу көзделген. Жоба жүзеге асса көшелерде су ағып, нәтижесінде ағаштар жасыл желегін сақтап, тұрғындарға жайлы орта қалыптасады.
Сонымен бірге артық суды «Қосқорған» су қоймасына жіберу жоспарланған. Кентаудағы «Мірғалымсай» кен орнында шахталық сутөкпе мен дренаждар салынады. Қондырғылар 115-130 метр тереңдікке дейін орнатылмақ. Жобаның бірінші кезеңі сарапшылардың оң бағасын алған. Жақында жүзеге асады деген жоспар бар.
Өмірзақ Шөкеев бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, Кентау қаласының әкіміне және құрылысқа жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Пікір қалдырыңыз