Кітап оқуды дағдыға айналдырыңыз

Барлық білім, қазына кітапта екені даусыз. Бірақ, оны үзбей оқуды күнделікті дағдыға айналдыру бүгінде екінің біріне нәсіп болмай тұр. Көп адамның кітап оқуға мүмкіншілігі жете бермейді. Ендеше, біз сіздерге кітап оқудың жолдарын көрсетпекпіз. Алдымен, кітапты не үшін, қандай мақсатта оқитыныңызды анықтап алыңыз. «Жұрт оқыды» деп кез келген кітапты қолға алуға болмайды. Кітап оқу арқылы қандай жетістікке жеткіңіз келеді? Осыны біліңіз. Бұл сіздің кітапқа деген қызығушылығыңызды арттырады.
Екіншіден, бірден 50-100 бетті оқып тастауға тырыспаңыз. Миыңызға артық салмақ салып алуыңыз әбден мүмкін. Соңында тіпті кітапқа қарағыңыз да келмей қалады. Сондықтан аз-аздан бастаңыз. Кітапты тезірек бітіріп тастауды емес, оның ішіндегі дүниенің мазмұнына үңілуді ойлаңыз.
Үшіншіден, кітап оқуды дағдыға айналдырудың қарапайым жолдарын қарастырыңыз. Мәселен, сіз ас үйге кіргенде шайыңыз қайнағанша кітап оқып алуды дағдыға айналдырсаңыз болады.
Төртіншіден, кітапты үнемі өзіңізбен бірге сөмкеңізде, көлігіңізде алып жүріңіз. Бұл да сізге бос уақытыңызда кітабыңызды оқып алуға мүмкіндік береді.
Кітап оқу арқылы ғана сіз өзіңізді дамыта аласыз. Сондықтан оны дұрыс оқудың да ережесіне көңіл бөлгеніңіз абзал. Мәселен, кітапты әрдайым жарық жерде оқыңыз. Және әр жолды оқығанда қалам, қарындаш сияқты заттармен жүргізіп оқыған жөн. Ол көзге түсетін салмақты жеңілдетеді.
Екіншіден, кітапты отырып оқыңыз. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, кітаптың мазмұнын, ондағы ақпараттарды отырып оқыған кезде жақсырақ түсінесіз.
Үшіншіден, өзіңізге ыңғайлы кезді таңдау үшін алдымен таңғы, түскі және кешкі уақыттарда кітап оқып көріңіз. Соңынан қай уақыт сізге ыңғайлы болатынын таңдайсыз.
Төртіншіден, кітап оқу барысында өзіңізбен бірге дәптер немесе парақ алып алыңыз. Маңызды және ойыңызда қалған дүниелерді сонда түртіп отырыңыз.
Ғалымдардың дәлелдеуінше, мұндай әрекеттерді дағдыға айналдыру үшін 21 күн бойы үзбей қайталау қажет екен. Сонда ғана ол күнделікті дағды болып қалыптасады.
Дилара Бименова.