ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің миссиясы аяқталды

«Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салды» деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін елдеріне шығарып салу рәсімі бір минуттық үнсіздікпен басталды. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының саптық алаңында өткен бітімгершілік контингенттерді шығарып салу рәсіміне ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері тобының қолбасшысы, генерал-полковник Анатолий Сердюков барлық жеке құрамға батыл шешімдері мен әскери борыштарын мінсіз атқарғандықтары үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар, қолбасшы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығына көпұлтты бітімгершілік контингентінің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектескені үшін ризашылығын білдірді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына елдегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін Біріккен бітімгершілік контингентін енгізу туралы өтініш жасағанын атап өтті.
«Сіздер стратегиялық және басқа да маңызы бар нысандарды күзетуді қамтамасыз еттіңіздер. Бітімгершілік контингент келіп қазақстандық әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері содырларды іздестіру және ұстау бойынша өздерінің тікелей міндеттеріне кірісе алды» деді Мұхамеджан Таласов. 
ҚР Қорғаныс министрінің атынан Ұжымдық бітімгершілік күштері контингентінің әскери қызметшілеріне алғыс білдірілді. 
Бірқатар бітімгерлер ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін» медальдарымен және грамоталармен марапатталды.
Пікір қалдырыңыз