«Тау ішінде» туралы тағы не білеміз?

Қарт адамның бір ермегі теледидар көру, радио тыңдау. Осындайда телеарналардағы концерттік бағдарламалардан ара-тұра Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін есітіп қаламыз. Әннің сезімді тербеткен әсері болмаса, осы күнге дейін айтылар ма?! Білмейтіндер бұл әнді Сәкен Көкшетауда жүріп шығарған деседі. Бірақ, бұл жаңсақ пікір. Сондықтан Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы (№28) 10 ақпан күні жарияланған «Тау ішінде» атты мақаласына жүгінейік.
«Сәкеннің туған інісі Мәжиттің күйеу баласы (үлкен қызы Рымжанның күйеуі) Қарпық Құсайынов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Рухани жағынан жан-жақты білімді, ой-өрісі кең, әдебиет пен музыкаға зерделі эстет жан. Ғалымдар қауымының ортасында беделді, сыйлы азамат. Бойындағы ізеті, пәк сезімді тазалығы, ішкі мәдениеті жан біткенді жылы мейірмен баурайды. Бұл кісімен көп араластым. Қисыны келіп әңгімелесіп қалсам, өзі туып-өскен Жаңаарқа елінің арғы-бергі тарихын түптеп тартып, тереңнен қозғайды» дей келіп, осы Қарпықтың Сәкен ағаның қияметтік досы, рулас ағайыны, бала кезінен бірге өскен Әзімхан ақсақалдан естігенін жыр етіп айтып береді:
«Ұйқыға әнімді есітіп берілмессің,
Маужырап төсегіңде керілмессің.
Ақырын үйден шығып, уәделі
Жеріңе келуге сен ерінбессің, – деген сөзді бар жанын салып құштар сезіммен айтқанда екі көзі ымырттай үйіріліп, өзі рахатқа батқандай тамылжиды. Жұрт демін ішке тартып, сілтідей тынып тыңдайды. Сәкен төс қалтасынан бүктелген қағазды алды да жас жігітке берді. Сол күннен бастап Сәкеннің «Тау ішінде» әні қолдан-қолға тиді, ауыздан-ауызға тарап, бірте-бірте алыс-
алыс жерлерге қанат қағып кете барды».
Әзімханның айтуынша, «Тау ішінде» әні 1919 жылдың мамыр айында дүниеге келген ән. Бұл кезде Сәкен үйленген. 
Ал, белгілі қазақ жазушысы, жерлесіміз Еркінбек Тұрысов «Тау ішінде» әнінің шығу тарихын басқаша баяндайды. 2018 жылы «Қазақпарат» баспасынан шыққан «Бәйдібек» атты кітабындағы «Сәкен деп өткен бір өмір» деген әңгімесін:
Талай сыр, ертегіні ел айтады,
Ызыңдай таудан соққан жел айтады.
Сырласып, сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз түн, күңіренген көл айтады», – деп Сәкеннің өз өлеңімен бастап, бізді қызықтырған әннің дүниеге қалай келгенін, жұртқа қалай тарағанын әңгімелейді.
Бірде Еркінбек ағамызға «Оңтүстік Қазақстан» газетін ұзақ жыл басқарған Әмірсейіт Әлиевтен бір кісі келеді. Ол қалың қалтасынан конвертке салынған хатты алып Ерекеңе береді. Өзін таныстырады: «Мен Әбекең жазғандай, өз заманында теріскейде ел сөзін сөйлеген атақты Әйгелді датқаның немересі, Жайшыбектің баласы Тәукебайдың жалғыз ұлы едім. Әкем совет дәуірінің адамы, ескі большевик, сонау жиырмасыншы жылдары Созақта милиция нәшендігі болған екен. Сәкен Сейфуллинмен сол Созақта кездесіп, дос болған...».
Әкесінің «Датқаның баласы», «Халық жауы», «Сейфуллиннің құйыршығы» атанып, 1938 жылы 14 тамыз күні ұсталғанын, содан ұзақ жыл айдауда жүріп, арада 16 жыл өткенде 1954 жылы елге оралғанын айтады. Сөйтіп, Сәкен Сейфуллин мен әкесінің жайын сөз етеді. Жансауғада жүргенде әкесінің «халық жауы» атағынан жасқанып, бір жамағайынның атын жамылып Кәдиров болғанын, ауыл мектебін тәмамдап, жоғары оқу орнын – Ташкент финанс-экономика институтын бітіргенін айтады. Совхоз директоры, көп жыл Жетісайда аудандық қаржы бөлімін басқарғанын, сол жұмыстан зейнетке шыққанын әңгімелейді.
Мен осы Еркінбек Тұрысовқа жолығатын Бейсенбай ағаны көрдім. Бірге жұмыс та істедім. Мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы болып жүргенде ол кісінің Жетісай аудандық кәсіподақ комитетінің қоғамдық негіздегі төрағасы етіп сайлануына өзім атсалысқан едім. Қарапайым, сабырлы, салмақты, халыққа сыйлы, адамдарды бағалай алатын, кішіпейіл, мейірімді кісі болатын.
Мен Бейсенбай ағаның Сәкен Сейфуллин туралы әңгімесін де талай есіттім. Жолыққан сайын сол жайды қайталап айтып беруін сұранушы едім. Міне, енді ағаның сөзін сіздерге қаз-қалпында жеткізіп отырмын.
... Әкемнің әкесі он төртке енді толғанда Созақта милиция нәшәндігі болған екен. Бір күні, жиырмасыншы жылдары маусым айында кеш түскен кезде үйіне бейтаныс адам келіпті. Жүрісі суыт, көзінде үрей бар.
– Мен Ақмола уезі, Нілді болысының қазағы Сейфолланың ұлы Сәдуақаспын. Жұрт мені Сәкен дейді, – деп өзін таныстырған кісі бірден:
– Жарайды, бауырым, көп нәрсені асықпай кеңесерміз. Алдымен мына қызды бір сенімді жерге жасыру керек. Бұл торға түскен торғайдай күйде. Бір байдың есігінен бостандыққа қашып шыққан беті. Соңында қуғыншы бар. Қалайда құтқару керек. Өз арманына жеткізу керек, бұл қызды, – дейді.
Бір күні кешкі әңгіме кезінде Сәкен өзі алып келген қыз – Меруерт жайлы айтып береді. Ол бір шаруагер адамның қызы екен. Жастай атастырылған жігіті көкпарда аттан құлап, дүние салған екен. «Іні өлсе, біз бармыз» деген қалың мал өтісі бар бай топ адамдарымен қыз ауылына әлек салып, әлсіз шаруаның қызы Меруертті екі кеш арасында көкпардай өңгеріп әкетеді..
– Мына босағадан кетер едім. Мені құтқаратын, қол ұшын беріп, жарық таңыма жеткізетін жан иесі болса, – дейді Сәкеннің бұл жаққа келгенін білген Меруерт.
Осыны естіген Сәкен Меруерттің тілегін орындауға кіріседі. Ақырында оқыған, көзі ашық Мұқаштың айтуымен Меруертті Созақтағы Жайшыбекұлы Тәукебайдың үйіне алып келеді. Кейін Тасбұлақтағы Балықшы шатқалындагы Тазабұлақ жағасындағы Майдамсазға екі үй тіктіріп, біріне Сәкендерді орналастырып, екіншісін ас үйге арнайды.
Сол айлы түні Сәкен өзге дүниені біржола ұмытқандай сыртқа шығып, қайта оралып, үстел үстінде жатқан дәптеріне майшам жарығымен әлденені жазып, қайта тұрып кетіп жүреді. Бірде:
– Тәуке, бұл өлең мына қасиетті тау келбетінің таза ауа, кәусар бұлақ, айлы түнгі дарқан даланың жемісі. Тыңда, – деп оқи бастайды.
Келемін тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп.
Ақбоз ат астымдағы сылаң сағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.
Ақбоз ат менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым,
Көкірек керіп жұттым мен,
Ауаның жазғы жұпарын.
Ей,Сүмбілшаш!
Қара көзің,
Тәтті сөзің,
Білгейсің келгенімді жалгыз өзің.
Ұйқыға әнімді естіп берілмессің,
Маужырап төсегіңде керілмессің,
Ақырын үйден шығып уәделі,
Жеріңе келуге сен ерінбессің.
Осылай өлеңін тебірене оқыған Сәкен Тасбұлақтан ұзай бере бір әуен жетегінде кетіп бара жатты. Бұл – «Тау ішінде» әні еді. Қасиетті тау ішінде қазақтың жайсаң жанды Сәкеннің жүрегінен туған бұл ән Меруертке арналған еді.
Енді «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №122 (30101) санына шыққан Көлбай Адырбекұлының «Ән кімге арналған?» атты мақаласына көңіл қоялық.
«1919 жылы жазғытұрым Арқадан бет ажары келісіп келген кісі ат арытып, арып-ашып Созақ өңіріне келеді. Ол кеңес өкіметінің өкілі деп Қаратаудың қойнауында отырған Тоқабай Ерімбетовтің үйіне табан тіреген. Тоқабай жөн сұрасып, Сәкен Сейфуллин екенін біледі. Қонақтың Омбыдағы Колчактың түрмесінен қашып, Дүйсенбі деген лақап атпен Павлодардағы Баянауыл арқылы туған жері Жаңаарқаға, яғни Әулиеатаны бетке алып бара жатқан жайы бар екен.Тоқабай ақжарма пейілін білдіріп, құрметін көрсетеді. Арада біраз күн өткен соң Сәкен өзіне өзі келіп, көңілі жайланып, шырайланып шыға келген. Ауылдағы ойын-тойда, алтыбақан, сауық кештерінде ән салып, жұрттың ыстық ықыласына бөленеді...
Осы жерде артқа шегініп, Сәкенге күйін, жағдай жасап жүрген Тоқабайға тоқталайық.
Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде Дина Тоқабаева деген қарт ана тұрады. Қазір жасы тоқсанның төрінде. Сол кісіні сөйлетейік: «Әкем Тоқабай атақты Сүгір күйшінің немере інісі. Созақта колхоз басқарған жан. Ол Байқадамдағы ыстының шанышқылы руынан тараған Иса деген кісінің қызы Сұлушашқа үйленеді. Ол – менің анам. Анам көрген жан көз ала алмайтын бет біткеннің ажарлысы еді. Тоқабайдың босағасын аттағанда толған айдай толықсыған он сегізіндегі кезі екен, – дей келіп, анасы Сұлушаштың Сәкенді мол дастарқанға барын қойып, қонақты жақсылап күткенін жыр етіп айтып береді. Сұлушаштың сылаңдаған жүріс-тұрысын, ұзын қара шашы, көз арбаған сұлулығы ақынды сезімге бөлеп, шабытына әсер етіп, тау ішінде серуендеп жүріп, ән шығарады. Қайырмасын: «Сүмбілшаш, қара көзің, тәтті сөзің, білгейсің келгенімді жалғыз өзің» деп шырқағанда жаңа әнді ауылдың жастары қағып алып, ауыл-аймаққа таратып жібереді. Сәкен: «Бұл әннің аты – «Тау ішінде». Сіздерге менен тарту болсын» деген екен. Солай ақын кетіп, артында әні қалған».
Енді жасы тоқсандағы Дина апаға сөз берейік: «Бірде анам оңаша отырғанда: «Қызым, бұл әнді Сәкен маған арнаған» деп, сол жылы ақынның айға жуық үйде болғанынан сыр шертіп еді. Мен: «Ал, әннің қайырмасында Сұлушаш деп емес, Сүмбілшаш деп айтылады ғой. Неге?» деп сұрадым. Анам: «Ел ішінде өсек тарап кетпесін деп атымды солай өзгерткен» деді ұяң үнмен.
Енді филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбетті тыңдайықшы: «Сәкен Сейфуллиннің Созақта болып, Тоқабайдың үйінде бірер ай дамылдағаны рас. «Тау ішінде» әні Сұлушаш анамызға арналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сәкен сері ай десе аузы бар, күн десе көзі бар Сұлушаштың қолынан дәм татып, ризалығын сол әнімен жеткізген ғой. Бұл әнді теріскейдегі созақтықтардың салтанатты жиындарда, той-томалақтарда жиі шырқайтындары сондықтан».
Әннің шығуы жайындағы шындықты анықтау үшін Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен тағдырын терең зерттеп, талай туындылар жазған ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Ән Қаратауда туған. Сәкен Колчактың Омбы түрмесінен қашып шығып, Арқаны көктей өтіп, Әулиеатаға бет алып бара жатып, Созақта бірер ай аялдайды. Сол жердегі Сұлушаш деген жас көрікті әйелге арнап шығарған. Оған ешкімнің күмәні болмасын» дейді.
Көрпені өзіне қарай тарта түсу қазақтың әдеті ғой, менің Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнінің біздің Созақ даласында шырқалғанына күмәнім жоқ.
Сондықтан жұмыс бабымен Созаққа барғанда Сәкен Сейфуллин жолдарымен жүргім келді, жүрдім де. Сол жердің адамдарымен сөйлесіп, ой бөлісіп, талай сырлар айтылды. Сәкеннің «Тау ішінде» әні туралы әңгімелер де айтылды. Таудың төбесінде тұрып осы әнді шырқадық. Әнді шырқаған сайын ақын Сәкен Сейфуллин ағаны еске алдық.
Иә, бұл ән Сәкен Сейфуллиннің атын қазақ ән өнерінің тарихына мәңгіге қалдырған дүние. Ал, мәңгі өлмес әннің тарихын біліп жүру мәдениеттіліктің, зиялылықтың белгісі болмақ.

Өмірбек КЕРІМБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз