Қайтыс болған қызметтестерін еске алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты 2022 жылдың 10 қаңтарын Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Елде мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Бір өкініштісі, ел тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен лаңкестердің шабуылына тойтарыс беру кезінде 16 полиция қызметкері, әскерилер, Ұлттық ұланның және арнайы органдардың қызметкерлері қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. 

Орны толмас қайғылы жағдайға байланысты Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ел тыныштығы жолында құрбан болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді. 

Еске алу шарасында облыстық  ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағлан Халықов «елімізде орын алған террорлық шабуылдар арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетті. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қылмысқа қарсы күресте үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүрген, өз өмірлерін жиі қауіп-қатерге тігетін полицейлердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі өлшеусіз. Қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан әріптестерімізді еске алу және құрметтеу – біздің қасиетті борышымыз. Сондай-ақ біз ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыскерлерді іздестіруге және ұстауға, олардың Қазақстан халқына қарсы жасаған қылмыстары үшін тиісті жазаға тартылуы үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Осы бағытта қызмет атқарамыз» деп атап өтті. 

Полицей болу – күнде жұмысқа шығарда алдыңда не күтіп тұрғанын білмейтін қиын да қауіпті қызметтердің бірі. Соған қарамастан ел қорғаны болған полицейлер қашан да берген анттарына адал болып, мінсіз қызмет етуде. Тіпті, елі үшін жанын қия алатындарына осы жағдайлар дәлел болып отыр. Ендеше, еліміздің батырлары, тыныштықтың сақшысы болған полиция қызметкерлеріне амандық, қызметтеріне абырой тілейміз.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ.                                  

Пікір қалдырыңыз