Тәуелсіздік туралы толғаныс

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жебе» баспасынан «Ғасырға бергісіз 30 жыл» атты жинақ жарық көрді. Үш бөлімнен тұратын бұл кітапта елу автордың тәуелсіздік туралы толғаныстары топтастырылған. 
Иә, ел егемендігін қалыптастыруда тақтайдай тегіс жол болған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаңында көптеген қиындықтар кездесті. Нарықтық қатынастардың қиындығы мен күрмеулі түйіндері көп болатын. Өз алдына дербес ел болған мемлекет қай бағытты таңдауы керек? Қай жолмен жүргенде мемлекетімізді бай да қуатты елге айналдыра аламыз? Міне, осы сауалдарға жауап табу және алғашқы баспалдақтарды аттап өтіп, әлемдегі озық елдердің қатарына қосылу үлкен қажыр-қайратты талап етті. Іргемізді бекемдеп, байтақ шекарамызды мызғымастай етіп бекіту, ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбарлы армия құрып, экономиканы өркендету жолында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев тұрды. Бүгінде Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қабырғалы ел болды. Бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет қалыптастыру Қазақстан халқына оңай болған жоқ, әрине.
Міне, сол өтпелі кезеңдерде ел тізгінін ұстаған азаматтар бастан өткерген ауыр күндерді және соны еңсерудегі тәжірибелерін ортаға салады.
Кітап қалың оқырманға арналған.

С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз