Түркістанның тұңғыш Халық қаһарманы

Сабырбек олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң ел үшін еткен елеулі еңбектері, жеткен жетістіктері, қоғамға үлгі болған істері, әр саладағы абыройлы зерттеулері үшін мемлекеттік марапаттар белгіледі. Солардың ішінде ең жоғары дәрежелі – «Алтын қыран» ордені, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары бар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының басқа да ордендері, медальдары, құрметті атақтары және Құрмет грамотасы бар.
Енді ең жоғары наградаларға жеке-жеке тоқталып өтелік.
«Алтын қыран» ордені – Қазақстан Республикасындағы ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі. Республикаға сіңірген мемлекеттік ерекше еңбегі үшін КСРО-ның ордендерінің бірімен марапатталған Қазақстан азаматтарына беріледі.
ҚР Президенті лауазымы бойынша айрықша үлгідегі «Алтын қыран» орденінің иегері болып
табылады.
Елге сіңірген аса үздік еңбегі, оның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы жауынгерлік ерліктері үшін – «Халық қаһарманы» атанғандарға Алтын жұлдыз белгісі және «Отан» ордені қоса тапсырылады.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы – еліміздің экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. Оған қоса Алтын жұлдыз және «Отан» ордені қоса тапсырылады.
Ордендер мен медальдардан бөлек Мемлекеттік сыйлықтар да бар. Айталық, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығы экономикалық және әлеуметтік дамуды жеделдетуге ықпал еткен қазақстандық ғылым-техниканың озық жетістіктері мен қолданбалы зерттеулер саласындағы үздік нәтижелері үшін 2015 жылдан беріліп келеді.
Былтыр әл-Фарабидің туғанына – 1150, Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай аталған аса көрнекті тұлғалар атындағы Мемлекеттік сыйлық тағайындалды.
...2005 жыл. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі майдангерге ең жоғары награда – «Халық қаһарманы» атағын табыс етті. Соның бірі – шардаралық Мәулен Қалмырзаев болатын. Оңтүстік жұртшылығы үшін бұл айтулы оқиға болды. Оңтүстіқ Қазақстан облысынан шыққан тұңғыш Халық қаһарманына құттықтаулар, ыстық тілектер толассыз ағылып жатты. Бұл – бүкіл оңтүстікқазақстандықтар үшін үлкен мақтаныш болатын. Президент қарт майдангердің омырауына «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» орденін салтанатты түрде табыс етті.
Бүгінде Түркістан топырағынан осынау биік марапатты тұңғыш иеленген Мәулен Қалмырзаев атаны біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан Халық қаһарманы туралы аз-кем баяндап беруді хош көріп отырмыз.
Мәулен Қалмырзаев 1919 жылы Өзбекстан Республикасының Жызақ облысы, Фарыш ауданы, Киров атындағы кеңшарында дүниеге келген. 14 жасынан бастап еңбекке араласқан. Неміс басқыншылары Кеңес Одағына баса-көктеп кіргенде кіші сержант М.Қалмырзаев Украинаның Бердичев қаласында азаматтық борышын өз қатарластарымен бірге өтеп жүрген еді. Соғыс өрті тұтанғанын олар маусымның 22-сінен 23-не қараған түні естиді.
Дабыл қағылды. Полк үдере көтеріліп, ұрыс қимылдарына кірісіп те кетті. Кіші сержант Мәулен Қалмырзаев ІІІ Украина майданының 6-шы армиясы, 8-ші танк дивизиясы, 4-ші мотоатқыштар полкының құрамында соғысқа қатысады. Бердичев, Львов қалаларын жаудан қорғау үшін жан аямай ұрыс жүргізеді. Әсіресе, Киль бағытындағы соғыс жауынгерлерге аса ауыр тиді. Қарға адым жер үшін жан берісіп, жан алысқан қанқасап күндер баяу өтіп жатты.
Өлім мен өмір арпалысқанда кіші сержант Мәулен ерекше ерлігімен командирлерінің көзіне түсіп қалған еді. Сол ерлігі үшін оған алғаш рет «Отан соғысы» ордені берілді.
Мәулен Қалмырзаев майданда барлаушы болған. Жау тылынан бірнеше рет тіл әкеліп, соғыс тактикасын жаңа бағытқа бұруға үлес қосты. Бірде ол екі танк арасында қалып кетті. Сол аяғының өкшесін ауыр танк таптап өте шыққан. Содан бері М.Қалмырзаев сол аяғын сылтып басушы еді.
Соғыстан оралған ол еңбек майданына білек сыбана кірісіп кетті. Қызылқұм ауданындағы «Шымқорған» кеңшарында зоотехник болып қызметін бастаған ол қойма меңгерушісі, кәсіподақ комитетінің төрағасы, кеңшар директоры болып жұмыс істеді. Созақ ауданының «Тасты» кеңшарында директор болып қызмет істеп жүргенде Шу өзенінің үстінен көпір салдырғаны сол жылдардағы елеулі оқиғалардың бірі болатын. Кеңшардағы 21 мың қой аз ғана уақытта 37 мыңға жетті. Бірінші сортты қаракөл елтірісі 82 пайызға дейін өсті. Ал, ол директор болып тағайындалғанына төртінші жыл толғанда асыл тұқымды қой саны 53 мыңға жетті. Осындай еңбектері арқасында ол 1958 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1966 жылы екінші мәрте Ленин орденін кеудесіне тақты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шардара ауданының құрметті азаматы Мәулен Қалмырзаевтың ескерткіші «Тұңғыш Президент» саябағында тұр. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Халық қаһарманының өмірдерегі, көзі тірісінде тұтынған заттары, құжаттары сақтаулы.
2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы үздік жетістіктері үшін, сондай-ақ, белсенді қоғамдық қызметі үшін Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі. Алина Соловьева «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Оған «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» ордені табыс етілді.
Иә, теберікті Түркістаннан әлі талай Халық қаһармандары мен Қазақстанның Еңбек Ерлері шығатынына күмән болмаса керек.