Тәуелсіздікке жол ашқан ЖЕЛТОҚСАН

Мұхтар ШАХАНОВ.

Желтоқсан алаңы 
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.
Жоқ!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.
Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.
..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.


Ақтық сөз
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып,
«Ақ сауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!»...

Ал енді қазір неткен күн,
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры,
Қарғыс атқан Алаңда
Қарғыс атқыр жеткен күн.

Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың!
Қатарым жусап қалғанда,
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артта қалған ата-анам,
Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,
Жоламай ешкім қасыма.
Бара қалсаң, сәлем айт,
Сырттағы құрбы-досыма.

«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айырылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.

Осы айтылған ақтық сөз
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын
Басыңа түскен қатердің.
Ақтық сөзді енді мен
Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!

Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.

Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!

Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВ
(Өлең ықшамдалып алынды). 

Тәуелсіздік тұғыры
Осы жайлы айтқым келеді сыр лайым,
Ішімдегі шықсын жырмен бір уайым.
Қайраттарды қыршынынан қидырған,
Желтоқсанның жайын айтып жырлайын.

Сол кездегі қатаң, қатал сынды ұқтым.
Ол оқиға куәсі сан сұмдықтың.
Бәрімізді қуантады әрине,
Жеңгендігі түбінде ащы шындықтың.

Егемендік елге қымбат бұйымдай.
Алла берген алашыма сыйындай.
Ұлтымыздың болашағы сол жастар,
Қиындыққа қарсы тұрды құйындай.

Тәуелсіздік бізге үлкен белес деп.
Бұл айтылған тек бір арман емес деп.
Жан ұшырған даусы келеді құлаққа,
Қорлық көрген бейнелері елестеп.

Кешегі Қайрат, Ләззат бауырлардың,
Тек қана тәуелсіздік аңсағаны.
Егемендік алғанда өздері жоқ,
Халқымның құрбан болды қанша жаны.

Оларда бәйтеректің бүршігі еді.
Еске алып далам соны күрсінеді.
Ызғары жүрегімді тіліп өтіп,
«Желтоқсан» десе жаным түршігеді.

Алдымнан азаттықтың желі еседі.
Бірлігі мықты әрдайым ел өседі.
Елу ел қатарынан орын алдық,
Елімнің жарқын болып келешегі.

Гаухар ЖҮСІПӘЛИЕВА.

КӨК ТУ МЕН ТЕКТІ ҰЛ
Көзін күннен көлегейлей кеп тура,
Сығырайып көп қарады ол көк Туға.
Ойын қуған көп баланың бірі емес,
Ұқсайды өзі ерек туған текті ұлға.

Туға қарап, пыс-пыс етіп мұрыны,
Ешкім сезбес күй кешіп тұр бір ұлы.
Қолын неге көкірегіне қойды екен,
Құлақ түрсем таныс әуен ыңылы.

Әнұран ғой, ой, сабазға қарашы,
-Ау, ағайын, мынау кімнің баласы!?
Мына бала – ертеңі ғой еліңнің,
Кірлемесін жағасы, әй, мамасы!

Тұрған Туға жөніменен желбіреп,
Әнұранды қосқанын айт елжіреп.
Ақын болар сөзі мығым – зеңбірек,
Батыр болар, бәлки, ертең ер жүрек.

Суретшілер қалт жібермес мұндайды,
Жырға енгізіп жатыр едім бұл жайды.
Анадайдан «Алпамыс» деп, шақырып,
Алды анасы...
Экспромтымды Ту жайлы,
Бітіргізбей және экстерн ұл жайлы.

Тәуелсіздік қадіріне жетті кім,
Көк Туыңсыз, оу, қазағым, жоқ құның!
Алты жасар Алпамыстан үйренсін,
Қалай сүю керектігін көк Туын!

ЕГЕ – МЕН
Басымды ием, тағзым ете мың рет,
Тәуелсіздік, баға жетпес құдірет!
Сен дегенде қабырғамды сөгердей,
Кеудемдегі жұдырықтай жұмыр ет.

Өзің жайлы ойлайтыны көптің не,
Ойлайтыным: «қадіріңе жеттім бе».
Тәу етейін Туға қарап, қаласаң,
“Тәуелсіздік” алаңына кеп күнде.

Көгерер ме бақша менен бау елсіз,
Ән бола ма сазсыз және әуенсіз?
Тәуелсіздік жоқта болмас еркіндік,
Еркіндіксіз ел бола ма тәуелсіз?

Аталса атың кетер қозып делебем,
Сені адамзат қастер тұтқан көнеден.
Тәуелсіздік!
Бастан ұшпас сен барда,
Егеменді елге мына еге - Мен!

Бабалар арманы
Тəуелсіздік Махамбеттің арманы,
Исатайдың қында кеткен қанжары.
Хан кененің жортып өткен жолдары,
Сырым батыр айта алмаған жан зары.
Тəуелсіздік Шолпан жұлдыз толқыған
Сұлтанмахмұт көрмей кеткен таңдағы.
Мұстафаның қол жетпеген əуесі,
Ахмет пен Міржақыптың мəуесі.
Мағжан ақын күңіренген құзар шың,
Жүсіпбектің қаламының сəуесі.
Тəуелсіздік Ахаңдардың арманы,
Қайраттардың көрмей өткен таңдары.
Мұқағали аңсап өткен бұл асыл
Бабалардың кештеу жеткен мұрасы.
Тұрардың да шыға алмаған тұғыры,
Шəкəрімнің шорт үзілген ғұмыры.
Ұлы Абай да дəм татпаған бұл күннен,
Сом алтынның болса дағы сынығы.
Абай түгіл көрмеген ғой Құнекем
Қазағымның қайта тумас ұлығы.
Жүрегімен жыр арнаған бұл күнге
Қасымдайын қара өлеңнің тұнығы.
Момышұлы сыр арнаған бұл күнге,
Құрманғазы күй ғып қосқан күмбірге.
Арқарлар да арман болған бұл күнді
Ел жанына қара сөзбен сіңдірді.
Тəуелсіздік мен жырлаған осы жыр
Кеудемдегі ұға білсең күмбірді.
Кетсе дағы келер күнге үн қатып,
Димаш ағам жете алмаған бұл бақыт.

Абай ҚАЛШАБЕК.

Тулайды кеудең кек кернеп

Езілген еңсе, егілген жанар,
Боркеміктенген босқын ел.
Өз басымызға көрінген болар,
Қорқыт қаша алмай көмілген мола.
Дешті жер
Төсінде түнеп, бауырын жайлап,
Омырауынан сүт ішіп,
Тереңде қалған тамырыңды ойлап,
Қаның кегіңмен бітісіп
Тулайды қаның
Тулайды жаның,
Тулайды кеудең кек кернеп.
Биіктер беттен жұрдай қыларын,
Білсекші.
Аяз қойнында көкпеңбек
Босағасына еркін өмірдің,
Кірпішін қалап кетті олар.
Ертеңгі күннің дертімен нұрлы,
Жыртысын жамап кетті олар.
Еркін ертеңнің елесі күлгін,
Жас жанға бәлкім жұбаныш,
Төріне шығып келесі өмірдің
тым алыс
Жылайды бәлкім ағыл да тегіл,
Жылай да жылай тәубе етер:
«- Бейбіт ел!
Бас азат, азат жаның да сенің,
Шаңырағыңды ал көтер!!!»

ІІ
Бейнетсіз көрдім егемен күнді,
Бейнетсіз кештім жақсы күн
Кермегін тартып келем ендігі,
Тақсырым...
Ит алып қашқан тымақты ойладым,
Тосыннан тәубем дағарып.
Ертеңгі күнге мұрат байладым,
Тәуелсіздігім тәбәрік!

Сезім МЕРГЕНБАЙ.


МОНОЛОГ
Қаламын деп тарихта ойламадым бұлай мен,
Бас тiктi деп жас өскiн, өтiнемiн, мұңайма ел!
Айдағандай қасқырға, қуса-дағы құмаймен,
Қорықпадық қаскөйден бiрге болып құдаймен.

Оты барлар кеудеде жану керек халқы үшiн,
Отаны үшiн күйгеннiң, әу бастан-ақ даңқы – шың!
Сақамыздың жаратқан түсiргенде алшысын,
Мойындатты жас Алаш жер шарының жартысын.

Өзегiнен өркеннiң тепсе-дағы со жылы,
Жат боп қала жаздады өз елiне өз ұлы.
Руhы асқақ адамның асқақ әр кез сезiмi,
Руhы ақсап қалмастан жеттi қазақ төзiмi.

Намысы үшiн, ары үшiн, ұяты үшiн, жаны үшiн,
Өктем шықты оның да, менiң және дауысым.
Қайталанбас бұл бiзге сабақ болды, әрi сын,
Сондықтан да, бүкiл жас қайрап салды намысын.
Жалындаған жас едiк, жаңа келген ауылдан,
Қимай-қимай қол үзiп, ата-ана hәм бауырдан.
Тәуелсiздiк – ұлы арман, қорықпадым жауымнан,
Қорықпады арулар. Қорықпадық қарудан.

Ендi мiне үңiлем, көктен кейде қызыға,
Ерiдi ақыр кеудемнiң қатқан сеңгiр мұзы да.
Құрғап қапты бiз сұлап, жатқан жердiң сызы да,
Алаң бiткен көгерiп, қызыл гүлдер сызыла.

Тәуелсiздiк қол жайсақ өздiгiнен жетер ме,
Құрбан болып кетпеппiз сол кезеңде бекерге.
Жұрт тағдырын тапсырып, қояр ма едiк бөтенге,
Ел бақыты, байлығы – азаттығы екен де.

Көк туыңда қыран құс күн астында самғады,
Дербес елдiң жадырап, қуаныштан жандары.
Жарқын болсын әрқашан болашағы, бағдары,
Бабалардың арманы, балалардың таңдары!





Пікір қалдырыңыз