Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы немесе Тәуелсіздікті ақындар қалай жырлап жүр?

Адамзат тайпалық қоғамнан бастап ұлт, мемлекет болғалы басқаға тәуелді болмаудың қамын ойлап жүр.Тәуелсіздік жолындағы сөз де, ой да әрбір халықтың көне дәуіріндегі фольклорынан қайнап, жазба әдебиетінде таңбаланатыны белгілі.Ұлттық әдебиетіміздің тарихында да солай. Ал, енді Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды. Осы отыз жылда тәуелсіздік қазақ өлеңінде қалай жырланды деген сұрақ оқырманды қызықтырса керек. Тәуелсіздік тақырыбын өлеңнің көркемдік талаптарымен жаңашылдықта жырлаған қазақ ақындары арасында Т.Медетбек, Е.Раушанов, Н.Оразалин, С.Ақсұңқарұлы, С.Нұржан секілді белгілі ақындар тізбегін ұсына беруге болады. Бұл тақырыпта ақын, ғалым Әділғазы Қайырбеков арнайы диссертация қорғаса, ғылым докторы Рахымжан Тұрысбек республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік» журналында сериялы мақалаларын жариялады. Ал, енді тәуелсіздікті жырлауда орта буын мен жас ақындардың салмағы қандай дегенге келсек, қиянға шығып, қыранша қалықтағандары болғанымен, тақырыпты ашуда жаңалық әкелгені көрінбейді. Қазіргі буыннан Ерлан Жүніс, Бақытжан Алдияр өлеңдеріндегі ізденістер жайында «Қазақстан ғылымы мен өмірі» ғылыми журналы мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде арнайы мақала бергенбіз. Оны қырағы оқырман біледі. Бүгінгі өлең сөзде «Алтын көпірліктер (Т.Медетбек)» көкесі Маралтайдан бастап А.Елгезек, Қ.Сарин, Е.Бейілхан, М.Қарт, А.Сейдазым, Ә.Шегебай, Д.Берікқажыұлы, Т.Толқынқызы, Ж.Елеусіз, М.Мыса, Б.Қарағызұлы, тағы басқа жас толқынға дейін өлеңде «Тыныштықбекше құбылыс» тудырмады. Әрине әрқайсысының өлеңде өз өрнегі бар, ізденісте жүрген ақындар. Ал ақын мен суреткерліктің, суреткер ақын болудың табиғаты екі басқа. Осы буын ішінде Жанна Елеусіздің өлеңіндегі иірімдер бөлек. Жаннаның әлеуметтік желідегі парақшасынан бір мысал. «Мәдениет порталы» жариялаған бұл өлеңіне ақын, сыншы Ертай Ашықбаев қысқаша тоқталған екен.
Бұйра-бұйра бұлт көшкен
Бұрқасынға сыңармын.
Қира-қира гүл өскен
Қырқасында тұрармын.
Иір-иір тірлікте
Иілермін,шыдармын!..
Үйір-үйір билікке
Үйрікпеген шұбармын...
Екі бөлген Есілдей
Ағылармын,тынармын.
Есте қалған Есімдей
Кіммен хандық құрармын?..
Өлеңде бұрқасынға сыңар, қырқасында тұрар, үйрікпеген шұбар сынды сурет бар. Бірақ ол сурет ақын сөзі салған сурет емес. Әлдебір талантты суретшінің салған суретіндей. Яғни сурет қозғалыссыз. Теңеу ішіндегі өмір тоқтап тұр.Үйрікпеген, үйреніспеген шұбар шаппайтын тұлпардай семейіп тұр. Ал, Есіл мен Есімге келсек өмір шындығынан алыстау. Нақтылықтан ауытқу. Есіл екі бөлінгеннен сарқылған жоқ. Сарқылудан аулақ әрине. Ол экологиялық процеске тиесілі. Есім заманы мен бүгінгі тәуелсіздік кезең жүгі, бағы бөлек әрине. Сондықтан Ертай ақын айтқандай өлеңде адамның ішкі әлемінің үні мен шарасыздығынан хабар бар. Біздің айтарымыз өлеңде бүгінгі дәуірдің әлеуметтік психологиясымен астасатын Мағжандық торығу бар. Ақын Жаннаның жетістігі осында. Біз қазіргі жас ақындар арасындағы өрнегі өңге Жанна ақынның өлеңін мақала мақсатына орай дара талдап отырмыз. Себебі басқа жас ақындарда кездесе бермейтін Жанна өлеңдерінде әлеуметтік психологияны аша түсер Алаштану идеясы мұндалайды. Алаштану – қазақтану – адамтану Тәуелсіздік кезеңі тудырған әдебиеттегі ұлттық философиялық концепт. Тәуелсіздікті жырлаудың соны бір ізденісін танытар көркемдік дәстүрден жаңашылдық байқатқан ақындық таным. Ақындық дүниетанымнан әрленген өлең шеберлік тудырады. Мұндай шеберлік қазіргі жас ақындар шығармаларында әлі кездесе қоймады. Есесіне аға буын ақындарында түрлі шеберлік жолын салып өлең идеясын, философиясын тереңдете түсті. Бұл қазіргі жас ақындарға әлі де үйрене түсерлік өлең мектебі барын еске түсіреді. Ендеше қазіргі қазақ поэзиясындағы Тәуелсіздік философиясын жырлаудың көркемдік шеберлігін ақын Қасымхан Бегманов поэзиясын талдау арқылы таныстырайық.
Қазақ поэзиясының Тәуелсіздік кезеңінде Алаштану идеясын көркем бейнелеу санаулы ақынға ғана тән қолтаңба болды. Санаулының ішінде ақын Қасымханның Алаштану-қазақтану-адамтану поэтикалық бағытындағы ақындық шеберлік қырлары әдебиеттанудың өлеңтану саласында арнайы зерттеле де қоймады. Алаштану мақсатында жазылған поэзиялық үлгілердегі әдеби дәстүрдің жаңғыртыла берілуіндегі көркемдік әдістер Қасымхан Бегманов стилінде өлеңге өңге реңк кіргізді. Ақынның «Алашорда аманаты» поэмасы тарауларындағы өлең өлшем-өрнектерінің ойды беру амалына орай түрленіп келу пішіндері соның айғағы. Дастандағы Алаштану мұратындағы метафоралық дүниетаным аспектілерінің «бейнеленуіндегі» маңыздылығы көркемдік құрылымды ашу барысында дәйектеле түседі. Алаш зиялыларының көркем бейнесін сомдау әдебиетте бар дәстүр. Алаш ұранын жазған суреткер ақын Сұтанмахмұт Торайғыровтың «Таныстыру» поэмасын оқығанда тарихи тұлғалардың адами болмысына жақындай түсетініміз бар. Ақын Қ.Бегмановтың «Алашорда аманаты» поэмасы сол дәстүрді жаңғырта келген туынды. Жаңғыртылған дәстүрде жаңалық та қоса жүретіні аян. Поэманың 1-тарауында дала бейнесін берген лирикалық «мен» сол даланың қайғы-қасіретін ұғынып, басқаның да бір уақ дала үніне құлақ салуын қалайды. Баяндау түрінде жазылған дастан кіріспесінің алғашқы шумағында-ақ, айтылар ой-идеялардың трагикалық мазмұнынан хабар берілген. Бұл, оқырман жадында бар тарихи кодты қозғау арқылы жырланар тақырыптың өзекті, күрделі, елдік мәселе екендігін аңдату әрі психологиялық қабылдауға даярлау тәсілі. 
Оқып көрелік: Дала бұл қара жолы ширатылған,
Қаласы, моласы да қиратылған.
Зорығып жел өксиді, опырылған,
Қарқылдап топ қарға ұшты зиратыңнан (Бегманов Қ.Алашорда аманаты Қазақ әдебиеті №16,15.04.2016.8-б) Мұндағы 1-2-тармақтан қазақ даласының әр түкпірінде бар қиранды қалалардың кескіні көз алдыңызға көлбеңдей қояды. Қара жол да, мола да ауыл баласына таныс сурет. Жалғыз-жарым зират та, ескірген қала үйіндісі де далада өскен қазақ баласы үшін тарих. Тарихтың деректі дәйегі. Бала күнімізде ескі Сауранның қабырғалы төбелеріне шығып, қылыштасып қанша ойнадық. Сонда соққан желдің өксік үнін бала бейіл аңғармаған да шығар. Мына өлең жолдарынан кейін шынында да ескі қорымды қаланың желі жылап тұратынын, даусының өксіп шығатынын қайта естігендей боласың. Опырылған зираттан топ қарға да, торғай да, кептер де үрке ұшатынын талай көргенбіз. Бірақ, ылғи да топ қарғаның ұша беруі нанымсыз көрінер еді. Мұндағы қарқылдаған топ қарғаның ұшуын айту, фабулалық желіге сай жасалған жамандықтың орнын алмастырып беру үшін қажет болған. Желдің зарыға өксуі, қарғаның қарқылдауы бір қиянат атаулының болғанын хабарлап тұрған символикалық қолданыстағы ұғымдар. Дастанның 1,2-тараулары Алашорда жайлы баяндау лирикасымен берілген ақын «менінің» толғаныстарынан бас құрайды. Толғаныс басы дала бейнесіндегі тарихтың тіл қатуынан өрбиді. 
Алашорданы таныстыру сипатындағы 2-тарауда да метафоралық ойды идеяға орай құбылту шеберлігімен өрнектеу бар. «Ауық-ауық бұлттары жылап алған//Жылап алған... дұшпанға сыр бермеген// Тау суын алып қашты төмен жыра//Етпеттеп теріс қарап жата қапты-ау//Ортасын жолдар бөлген белең мына//Жырыпты жиектерін қара жолдың// Тау суы ауылды орап тасып аққан//Арланның азуында ғасыр ұлып// Жоғалды топ-топ иттер асыға үріп//Топырақ сұп-сұр бопты сазбеттеніп// Сұмдықтар жата қалған жасырынып//Бораны сары шәйнектей сақылдаған// Бейітті беткейдегі бүркеп алып//Қашқан су бұрқылдайды лайланып//Жұлдыздан шашу шашты қараңғылық//Қасқыр ит, қара жорға, қараша үй//Сағынып табынғандай табалдырық//Өксігін ішке тартып өзендерім»(Бегманов Қ.Алашорда аманаты Қазақ әдебиеті №16,15.04.2016.8-б). Осы тармақтардың қай-қайсысы да Алаштану идеясын бейнелеуде метафоралық ойлаумен поэмаға көркемдік мазмұн дарытқан. Поэманың жаңашылдығы да осы көркемдік мазмұнда. Алғашқы екі тарау баяндау лирикасымен 11-12 буынды түр өлшемінде қалыпты баяу ырғақпен жазылған. Себебі, мұнда баяндаушы автор болғанмен, Алашорда баянын жеткізуші дала бейнесі. Дала бейнесі мәтін ішінде сұлбаланған. Мәтін ішіндегі дала бейнесі бабалар, балбал болып, аталар, арыстар болып сөйлейді. Лирикалық «меннің» кейде дала бейнесіне сіңіп кетуі де содан. Ендеше, алғашқы екі тараудың қалыпты баяу ырғақта, 11-12 буынды өлшеммен жазылуы поэтика заңынан туындап отыр. Дала бейнесін абыз бейнесі деп қарасақ, абыз ақсақалдың сөзі баяу ырғаққа бағынатыны мәлім. Поэманың 3- тарауы қалыпты ырғақты кілт үзіп, арнау лирикасына ойысады.
О туған жер!
Аспанда анау қаңқылдай ұшқан 
қаздарың,
Даусында оның азба мұң.
Арқырай соққан, дүркірей шапқан 
құлақта қалған саздарың,
Жерошақтарда қып-қызыл шоқ боп
маздадым.
Шарт етіп түскен сол шоқтан өртеніп 
кете жаздадым,
Жазған жоқ мұны сәл көңіл бөлсең 
аз дарын.
Бәрі де дұрыс болғанмен, 
уақытты қайтем зырлаған,
Алашорданы алдымда менің 
жырлаған,
Сұлтанмахмұт пен Мағжаның! (Бегманов Қ.Алашорда аманаты Қазақ әдебиеті №16,15.04.2016.8-б). Әуелгі екі тараудағы дала абызбен мұңдасып, Алашордасын жоқтап, рухынан кешірім сұрап отырған лирикалық «мен» үшінші тарауда лирикалық қаһарманға айналады. Өлеңнің өлшем-өрнегі де ойдың бейнеленуіне орай өзгеріп, 16-18 буыннан да асып жатады. Жыраулық поэзияға тән қаһарман рухының зорайып, ойдың төкпелеп, құйылып келуіне орай шұбыртпалы ұйқас құраған. Арқырай келген ой екпінінің күші арагідік сегіз буынды жыр тармақтарына түсуі де өлеңдегі жыраулық рух пафосының көрінісін айқындайды. «Аспандағы қаңқылдап ұшқан қаздарың// Даусында оның азба мұң» – бұл туған жерге сұрау сала айтылған халықтың өзімен сұхбаттасушы ақын сөзі. Мұндағы риторика қаншама ғасырлық оқиғаларды «қаздар даусындағы мұң» – поэтикалық тіркесіне жинақтап жіберген. «Қаздардың қаңқылы» – өнер не тарихи тұлғалы адамдар бейнесін типтендіріп беріп тұр. Автор өзіне дейінгі рухани мұра алдындағы жауапкершілігін байқатып, лирикалық «мен» арқылы «біздің» өнер алдындағы міндетімізді аңғартады. Рухани-әдеби мұра – қаздардың қаңқылы арқылы тұспалданып беріліп тұр. «Қаймақ жалау» етістігіндегі сөз тіркесі тура мағынасынан жаңа мән-мазмұнға ойысқан. «Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап» – ақын сөзді ойната, құлпырта отырып өз бейнесіне жақындата түскен (Ислам.Д. Қазақ лирикасы. -А, «Арыс»баспасы,2010.-200б). Қаздар даусы – халық даусының баламасы.Осы тарауда бөліп айтарлық «Ұрпақты қайтем Әлихан менен Мұстафа болып тумаған» тармағы бар. Бұл – қазіргі ұрпақтың бәрі Әлихан, Мұстафа секілді тарихи тұлғалардың деңгейіне жете алмайды деген сөз емес. Әлихан,Мұстафаның заманы бөлек.Олар тәуелді елдің тәуелсіз азаматтары болды. Ақын тәуелсіз ел ұрпағына Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың қаншалықты қадірлі екендігін «биіктік» өлшемі арқылы бейнелеген.Сондай-ақ, қазіргі қоғамның әлеуметтік психологиясынан рухани таяздық шындығының себеп-салдарына да үңілдіреді...
«Жастық шақ біздің көшеде қалған,
пәтерге көшкен пәтерден.
Алашорда ғой еңсені түскен, 
рухты тартып әперген...
...Ауыл шетінде аспанға қарап арлан 
қасқырдай ұлыдық,
Қасиетің мен қасіретің де қатар 
жатыр ма ұлылық,
Базарға шығып ұлы мұраттардан 
айрылып қалып құрыдық.
Дастанның «Алашорда аманаты» тақырыбында көрінетін концепциялық ойдың нақты, өмір материалымен көркемделіп берілуінің дәйектері осы тармақтарда жатыр. Аманат лирикалық қаһарман ғұмыр кешкен уақытқа арналатыны белгілі. Лирикалық қаһарманға айналған ақынның өмірдеректік белгілері тәуелсіздікке дейінгі уақыт шындығын ашқан. «Көшеде қалған жастық шақ» ой байламы лирикалық қаһарманның кейіннен «Көше ақындары» секілді поэтикалық құбылыс тудыруының бастауы болып шығады. Жастық шағын сүйретіп, көшеден көшеге өтіп, пәтерден пәтерге көшіп жүріп жетілу – бүгінгі қазақ зиялыларының қай-қайсысы да бастан өткерген жайт. Кеңестік қазақ қауымының тұрмыстық ахуалының көрсеткіші. Байқасақ, қазақ жастарының төзімін тұрмыс ауыртпалығы да жеңе алмаған, санада бар ұлттық код «желтоқсанда» алаулап рухты оятқан. Алаш аманатына адалдық танытқан. Кеңестік кезеңмен бірге тәуелсіздіктің алғашқы ширегінде «базарға шығып ұлы мұраттардан айрылып» қалған сәттерді де бастан кешірдік. Ақын Қасымхан бұл өлеңінде сөзді ойнатудың да шебері екендігін көрсетеді. 
Көше ақындары, көше ақындары 
арғымақтары даланың,
Алшаңдай басып келе жататын 
тротуарында қаланың.
Білмейді оны бүгінгі мынау тәртібі 
жақсы жас ақын, –
деген жолдарда қаншама сыр мен ақиқат жатыр. Автор өлеңтанушылар тарапынан айтылып, түсіндіріліп жататын «ақындық тұлға» мәселесін де өлең жолымен дәл айшықтаған. «Алшаңдай басып келе жататын тротуарында қаланың» дегеннен бізге ақын Қасым, Мұқағали, Тоқаш, Жұмекен, Жарасқан, Жүсіп, Жұматайлардың ақындық болмысы елестей кетеді. Әрқайсысының жыр жолдары санада оқылып, ақындық тұлғасына жақындай түсіреді. Кешегі ғасырдың романтикалық асқақ арманға толы буынымен қауыштырады. Адалдық, тазалық, бекзаттықты ұлықтаған жайсаңдар жаны сүйіндіреді. Осы бір «көше ақындарын» құрайтын арманшыл адамдар ғұмыры сағындырады. Қазақ дертімен ауырған халықтық идеалдарды бүгінгі тәртібі жақсы қоғамнан іздеудің қиындау екендігі де шындық. Ақынның қолданып отырған «тәртібі жақсы» сөз тіркесінен бүгінгі дәуірде жоғалтып отырған асылдарымыз бен кейбір ұлттық қасиеттеріміздің де шеңбері тарылып бара жатқандығын аңғаруға болады. Тура мағынасында алсақ бүгінгі өркениетті тұста «тәртібі жақсы» болу заңдылық. Бірақ, қайран қазекемнің жайлау көңілді ұлдары сол заңдылықтан да шаршамасына кім кепіл. Олай етпейін десе, жыр түсінбейтін қоғамдағы тоғышарлық сана оған ерік бере қояр ма екен? Бүгінгі жұрт өлеңнен алшақтап бара жатыр емес пе? Сен өлеңді емес, өлең сені іздеп келіп мазаңды алатын қазақы болмыс жағалауынан ұзап барамыз ба қалай? Меніңше, авторды ойландыратын мұндай кереғар тіршілік «тәртібі жақсы» дейтін сөз тіркесін ойнату, құлпырту арқылы ұлттық сананың тоқмейіл тұстарын мінеуге ұласып тұрған сыңайлы. Өлең тақырыбынан туындайтын идеялардың өзі мәтіндік мазмұн желіні шебер тұтастырып тұр. Көше ақындарын ұлттық санаға ой елес арқылы көшіріп, автор ұлттық идеялардың рухын жоғары пафосқа көтеріп азаматтық позициясын танытқан. Ұрпақ бойында тарихи жадыны жаңғыртумен қатар, өткен трагедиялы ахуалдың бүгін зор махаббатқа ауысқанын тақырып атауының поэтикасына сыйдырып жіберген. «Көше ақындары» образдылыққа айналған атау. Өткен ғасырлар қойнауынан естілетін өкініш, армандар тынысы. Кешегі күн ғұмыр кешкен ақындар тіршілігінің аянышты жайы. ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының дертті психологиялық күйі. Арманы тұншыққан қазақы болмыстың бейнелі ғұмыры. Дастанның эпикалық кеңістігінде тарихтың өткен шағы мен қазіргі қозғалысы тұтастанып берілсе де, әр уақыт психологиясындағы өмір шындығы дара көрінеді. Мәселен, мына шумақты қараңыз:
Санама менің себездеп түскен алыс 
жылдардан жарығың,
Топырлап жүрген түңіліп кейде 
төңірегіме налыдым.
Айналдым сенің саңқылдып жеткен 
даусыңнан,
Мәскеу мен Берлин мәңгілік қалай 
қаусырған.
Жат топырақта қалай жатсыңдар 
осындай кезде алаңсыз,
Ғасырлап күткен Тоныкөктейін алыбым 
(Бегманов Қ.Алашорда аманаты Қазақ әдебиеті №16,15.04.2016.8-б).
Әуелгі тармақта Алаш идеясының өлмегендігін, кейінгі ұрпақтың өткен ғасырдан жеткен ұлттық рухқа қайта бас дендегені байқалады. 2-тармақта лириқалық қаһарманның ғұмыр кешіп отырған бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік ортасына көзқарасы берілген. Алаш мұраты тұрғысынан қараған лирикалық қаһарманның бүгінгі «тобырлық санаға» көңілі толмауы да өмір шындығына жанасады.Тәуелсіздікті жырлауда аға,ата буын өкілдерінен үйренеріміз әлі көп екенін ұмытпайық жастар.

Досбол ИСЛАМ.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы, қауымдастырылған профессор.
Пікір қалдырыңыз