«Балапан» – мақсатына жеткен бағдарлама

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Кеңес өкіметі кезінде, яғни біздің бала күнімізде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мұқтаждық болған жоқ. Бәріміз де балабақшаға бардық. Зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда, дәл осы уақыттарда Орта Азияда мектеп жасына жетпеген балаларды балабақшамен қамтуға келгенде Қазақстан оқ бойы озық тұрыпты. 

Тәуелсіздік алған 1991 жылы елімізде 8743 балабақша жұмыс істеген екен. Облыс, қала, аудан, ауылдардың ешбірінде балабақша тапшылығы сезілмеген. Алайда, оңтайландыру кезінде балабақшалардың бір бөлігі жекешелендірілсе, енді бір бөлігі тозығы жетіп, қирады. Қаңырап бос қалғандар да аз болмады. Халықтың барлығы бірдей балаларын балабақшаға бере алмады. 
1991 жылы өңірімізде 652 мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемесі болды. 1 мен 6 жас аралығындағы балалардың 13 пайызы (яғни 93960 бала) ғана балабақшамен қамтылды. Балабақша жетіспеушілігі барлық ата-ананың алдынан шықты. 
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2000 жылы мемлекетімізде бар болғаны 1144 балабақша жұмыс істеген екен. Мемлекетіміздің барлық аймағында  балабақша  тапшылығы күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселеге айналды. Бұл түйткіл, әсіресе, демографиялық даму көрсеткіші жоғары оңтүстік өлкесінің «бас ауруы» болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай кезде Үкіметке жаһандық дағдарысқа қарамастан «Балапан» бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Аталмыш бағдарлама аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жөндеуден өткізілді. Жекенің меншігіне кеткендері ел игілігіне қайтарылды. Жаңа ғимараттар бой көтере бастады. Дегенмен, бұл жұмыстар аздық етті. Сондықтан мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарының қатарын ауыл-аймақтардағы мектептердің бір бұрышынан ашылған шағын орталықтар толықтыра түсті. 
Мамандар мұндай жүйе бірқатар шет мемлекетте тәжірибеден өткізілгенін айтады. Мәселен, Франция, Германия, Канада, Венгрия, Ұлыбритания секілді әлемнің бірқатар дамыған елдерінде 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың балабақшаға баруы міндеттелген. Дәл осы жаста балалар оқуға қабілетті келеді деседі. 
Облыста балалардың балабақшамен қамтылуына және «Балапан» бағдарламасының нәтижелі болуына кәсіпкерлер де едәуір үлес қосты. Оларға мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілді. Осылайша, облыста қаншама бала «Балапанның» шарапатына бөленді. 
Сала мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, қазір өңіріміздегі 1416 мектепке дейінгі ұйымның 73 пайызын осы жекеменшік балабақшалар құрап отыр. Тарқата кетейік, 1416 балабақшаның 268-ін мемлекеттік, 1033-ін жекеменшік, 115-ін мектеп жанынан ашылған шағын орталық құрайды. Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелерінде 1 және 6 жас аралығындағы 156899 бала тәрбиеленуде. 
Қысқасы, қазір елімізде балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші кеңестік кезеңнен асып түспесе, кем емес. Өйткені, балабақша кезегін күтіп сабылып жүрген ата-ананы кездестірмейсіз. Әсіресе, біздің облыстың бүлдіршіндері «Балапан» бағдарламасының игілігін молынан көруде. Осыған қарап-ақ, Елбасының «Балапан» бағдарламасы діттеген мақсатына жетті деуге болады. Аталмыш бағдарлама бұдан әрі де кең қанат жая түсер болса, оның бізге берер жемісі әлі алда екені анық. 
Пікір қалдырыңыз