Қажымұқан турнирі мәреге жетті «Темір тұлпар» жамбылдық балуан Ғалымжан Қырықбайға бұйырды

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістанда екі күнге созылған Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған халықаралық турнир аяқталды. Дүбірлі додада шын мықтылар жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынды.  

74 келі салмақта бақ сынағандар арасында бас жүлдені шымкенттік балуан Жұмажан Қожамбеков қанжығасына байласа, күміс жүлдені тағы да Шымкент қаласының саңлағы Нұрдəулет Бақтыбайұлы иеленді. Ал, қос қола жүлдені ақмолалық Рамазан Қуандықов пен Қарағанды қаласының балуаны  Алмас Махажанов жеңіп алды.
Боз кілемде  82 келі салмақтағы балуандар белдесуінде ақтық сынға Олимиада ойындарына екі рет қатысқан түркістандық балуан Дидар Хамза жеңімпаз атанды. Ал, күміс медальді Қарағанды облысының өкілі Мұхит Қарғабай иеленсе, алматылық балуан Амангелді Төлемісов пен өзбекстандық Сарвар Шомурадов жүлделі үшінші  орыннан көрінді. 
Жарыстарда күрес жанкүйерлерінің делебесін қоздыратын, əсіресе, ауыр салмақтағы балуандар бəсекесі. 90 келі салмақта бабы мен бағы келіскен, келешегінен мол үміт күттіретін Шымкент қаласының дарынды балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров жеңістің шыңын бағындырды. Жауырынды апайтөс саңлақтар арасында күміс  жүлдені бұл  салмақта Ақмола облысының мақтанышы Әсет  Жүнісов иеленсе,  жасындай жарқылдаған жамбылдық Азат Рысбек пен Сыр өңірінің саңлағы Еңбек Сақтағанов қола медальді еншіледі.
Белдесуде 100 келі салмақта қарсыластарын тізе бүктірген шымкенттік Марат Байкамұров  алтын медальді мойнына тақты. Бұдан басқа көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Түркістан облысының оғланы Қайсар Шамшидинов күміс жүлдегер атанды. Қызылордалық Нұрым Сəлімгереев пен қарағандылық балуан Мейірбек Байжігіт қола жүлдені місе тұтты. Ал,  Сыр өңірінің таланты Мақсат Исағабылов бас жүлдені жеңіп алды. Ал, ақтөбелік Еламан Ерғалиев күміс медальді місе тұтса, алматылық Ерсұлтан Жорабек пен Жамбыл облысының намысын қорғаған Ғалымжан Қырықбай үшінші орыннан көрінді.
Екінші күнгі жарыста белдесуге жастар арасында 55, 60 жəне 66 келі салмақтағы спортшылар бақтарын сынады. Жас та болса арманы асқақ жамбылдық балуан Аслан Сазанбай бұл салмақта жеңімпаз атанды. Күміс алқаны тағы да Шу өңірінің ұланы Асылхан Дүйсенбек еншіледі. Қос қола жүлде Алматы мен Атырау облыстарының намысын қорғаған Ербол Алдухан мен    Бекет Жүніске бұйырды.
Боз кілемде 55 келі дəрежесінде  қарағандылық  Нұржан Тлеухор алтыннан алқа тақса, Қарағанды облысының намысшыл саңлағы Досжан Əбілқас күміс медаль иегері атанды. Тəжікстанның өкілі Мехрзод Суфиев пен оңтүстік астанадан келген Ерболат  Құлжанов қола жүлдені еншіледі. 
60 келі салмақта қарсыластарын тізе бүктірген Қарағанды облысының жас балуаны Еламан Хуанбай бас жүлдеге иелік етті. Ал, күміс алқа Алматы қаласының намысын қорғаған Дауылбай Оспанға бұйырды. Қола жүлдені қызылордалық Данияр Оралбаев пен шымкенттік Атабек Əмірəлі өзара бөлісті.
Көпшілік асыға күткен «түйе балуан» сайысы өте тартысты өтті. Жамбыл облысының мақтанышы Ғалымжан Қырықбай барлық қарсыласын жеңіп, турнирдің «түйе балуаны» атанды. Сөйтіп, ұйымдастырушылар әзірлеген жаңа автокөліктің иесі атанды. 
Талай əлемдік додаларға қатысып, ел намысын қорғап жүрген шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров жүлделі екінші орынды, қызылордалық Мақсат Исағабылов үшінші орынды жеңіп алды.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерді  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Əлімжан Құртаев пен Түркістан облысының дене шынықтыру жəне  спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, сонымен қатар «Қазақстан барысы» республикалық жарысының үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев марапаттап, арнайы дипломдарды табыс етті.
Пікір қалдырыңыз