«Біздің шекара – тату көршілік шекарасы»

Кеңестік дәуірде қазақтың бүгінгідей мемлекеттік шекарасы болған жоқ. Қазір еліміз күллі әлем мойындаған, шекаралары халықаралық құқық нормасы бойынша біржола бекіген, көрші мемлекеттердің барлығымен жер дауы шешілген мемлекет ретінде танымал.

1991 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялаған сәтте Қазақстанның алдында іргелес жатқан көршілермен мемлекеттік шекараны айқындап алу тұрғысында күрделі әрі ұзаққа созылар міндеттер тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде Нұрсұлтан Назарбаев «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ» деген болатын. Еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін ол шын мәнінде орасан зор жұмыстар атқарып, ақыр соңында біздің мемлекеттік шекарамызды толық айқындап, заңдық тұрғыдан көршілерге ғана емес, халыққаралық қауымдастыққа біржола мойындатты. Шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуде Елбасының «20 жылдың ішінде біз барлық көрші елдермен мемлекеттік шекара мәселесін реттеп шештік. Біздің сыртқы шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастық шекарасы» деуі де сондықтан. 

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихи мұрагерлік құқығы бойынша Кеңес Одағының құрамындағы Қазақ КСР- інің аумағы мен шекарасына иелік етті. Алайда, тәуелсіздік жариялағаннан кейін алдымыздан аса күрделі екі мәселе шықты. Біріншіден, қолда бар мемлекеттік шекараны халықаралық деңгейде делимитациялап бекіту қажеттігі туындады. Екіншіден, шекараны бекіту барысында туындаған түйткілді мәселелердің барлығын көрші елдермен келісе отырып бейбіт жолмен шешу қажет болды. 1993 жылдың 13 қаңтарындағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң мемлекеттік шекара ел аумағының құрлықтағы, судағы, жер қойнауындағы және әуедегі шегін анықтайтын сызық екенін және шекара тек қана Қазақстан Республикасының халықаралық келісімшарттарымен анықталатынын айқын ұқтырды. Қазақстанның құрлықтағы мемлекеттік шекарасының ұзындығы 13 400 шақырымды құрайды. 1992 жылы Қытаймен шекараны анықтау бойынша келіссөздері басталды. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараның ұзындығы 1782 шақырым деп көрсетілген. 

Ал, Кеңес Одағы кезінде одақтас республикалар арасындағы шекара ішкі әкімшілік-аумақтық шекара ретінде белгіленіп, тек карталарда ғана көрсетілетін. Шекара бойында ешбір бөлу сызығы болмайтын. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия Қырғызстанмен арадағы шекара 1242 шақырымды, Түркіменстанмен арадағы шекара 426 шақырымды, Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтынын анықтады. 

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара болып саналады. Оның жалпы ұзындығы – 7591 шақырым. Шекараны делимитациялау Каспий теңізінің жағасынан басталып, Еділ өзенін жағалай отырып, шығысқа бұрылады да, Сарыарқа мен Сібірді көктей өтіп, Қазақстан, Ресей, Қытай үшеуінің шекаралары түйісетін тұста, Алтай тауының ең биік жоталарында аяқталады. Осыны нақтылау үшін Н.Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин «Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» келісімге қол қойды. Бұл қадам екі елдің өзара қатынастарының тарихына алтын әріптермен жазылды. Осының арқасында төскейде малы қосылған көршілеріміздің барлығымен бауырластық қатынас орнаттық. Осылайша, қазақ халқы тұңғыш рет халықаралық құқық нормаларымен заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекараға ие болды. 

Бүгінгі таңда біздің шекарамыз – достық пен тату көршілік шекарасы. Ол бізге ізгі ниетпен келетін барлық елдерге айқара ашық. Тұңғыш Президент күнін атап өткелі отырғанда, біз Қазақстанның мемлекеттік шекарасын мызғымастай етудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз тарихи рөлін мақтанышпен атап өтуге тиіспіз.      


Дулат АЛДЕРБАЕВ,

ҚР ҰҚК-нің шекара қызметі Түркістан облысы бойынша 

департаменті тәрбие идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы, 

подполковник.

Пікір қалдырыңыз