Ордабасыға оралу

Қазақ халқының басынан небір қилы замандар өткені тарихи деректерден белгілі. Солардың бірі қазақ хандығы дербес мемлекет болып құрылғаннан кейінгі жылдары шамамен екі жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысы еді. Бұл соғыста халқын, елін, жерін қорғаған қазақ хандары мен батырларының халықты ынтымаққа, бірлікке шақырған от ауызды, орақ тілді билерінің орны ерекше болды. Қазақ халқына ұлт ретінде жер бетінен жойылып кету қаупі төнген 1726 жылдың көктемінде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйғаруымен Ордабасы тауында Ұлы жиын өтті. Ол жиында жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық майданын ашуға ортақ шешім қабылданып, ұлт болып бірігуге бәтуаласты. Қазыбек бидің ұсынысымен Кіші жүз ханы Әбілқайыр қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланып, Қанжығалы Бөгенбай батыр ұрыс туын көтерді. Осы бірігудің арқасында қазақ жасағы 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендері бойындағы «Қара сиыр» деген жерде қалмақ жасағына ойсырата соққы беріп, жеңіске жетті. Содан бері ол жер «Қалмаққырылған» деген атпен тарихта қалды. 
Қазақ-жоңғар соғысында орын алған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы қазақ тарихында қасіретті жылдар болып қалды. Кейбір деректерге қарағанда қазақ-жоңғар соғысы басталғанға дейін қазақ халқының саны 3 миллион 330 мың шамасында болса, соғыстан кейін 2 миллион 222 мыңға дейін азайған. Осы деректе көрсетілгендей, соғыс жылдарында 1 миллион 108 мың қазақ ұрыс даласында қаза тапқан. 
 Сол тарихи оқиғалардан кейін араға бірнеше ғасыр салып мемлекетіміз 1991 жылы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігін жариялады. 1993 жылдың 26-28 мамыр күндері Ордабасы тауында қазақтың ұлы тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді және 1726 жылғы Ұлы жиынды мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Еске алу күндері өтті. Еске алу күндеріне арнайы қонақ ретінде Өзбекстан мен Қырғызстанның сол кездегі президенттері И.Каримов пен А.Ақаев шақырылды. Туысқан елдің басшылары қазақ халқының қасиетті жеріндегі Бірліктөбеге көтеріліп, Мәңгілік достық меморандумына қол қойды. Шара барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ордабасыда өткен тарихи оқиғалар мен археологиялық ескерткіштерді негізге ала отырып, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы шығарылған Жарлығына сәйкес №1213 қаулысын оқыды. Сонымен қатар болашақта еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығын сақтап қалуда зор үлес қосқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің құрметіне ескерткіш-кешен орнатылсын деген ниетпен кешеннің орны белгіленіп, сол жерге белгітас қойылды. 
Нәтижесінде 1997 жылдың 19 қыркүйегінде «Бірлік» монументальды ескерткішінің құрылысы аяқталып, ашылу салтанатына Елбасы қатысты. 
Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұрғызылған монументтің мән-маңызына айрықша баға берді. Ескерткіштің жобасын сәулетші Ғ.Садырбаев жасады. Монументтің биіктігі – 28 метр, төменгі шеңберінің диаметрі – 8 метр. Ескерткіштің үш бұрышындағы үш ұстын – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің асқақ тұлғаларын білдіреді, билердің ұлағатты сөздері ескерткіштің әр бетінен орын алған. Монументтің ортасына ілінген қазақтың қасиетті шаңырағы «бірлігімізге көз тимесе екен» дегенді білдірсе, одан төменірек тербетілген шашбау – сылдырауық «құлақтарың түрік жүрсін, ел мен жерді қорғаңдар» дегенді білдіреді. Ескерткіштің жоғарғы жағындағы хан қалпағының бейнесі – «Жүзге бөлінбей тұтас бір хандықтағы іргелі мемлекет болсақ» дегенді ұғындырады. 
Ордабасы тауында жүргізілген археологтардың зерттеулерінің нәтижесінде бұдан екі жарым мың жылдай бұрын жерленген 140 обадан тұратын 28 археологиялық ескерткіш орналасқандығы анықталды. Бұл дегеніміз – Ордабасы тауы әу бастан қасиетті де киелі жер болғандығының дәлелі. Бүгінде Ордабасы қорық аумағында 200-ге тарта археологиялық ескерткіш пен 15 құрылыс және сәулет ескерткіштері орналасқан. Сонымен қатар қорық аумағындағы шағын музейде 2000-ға жуық жәдігер сақтаулы. Биылғы жылы Ордабасы қорық аумағынан «Ордабасы» сапар орталығының құрылысы басталды. Бұл өз кезегінде Ордабасы қорық музейінің дамуына, Ордабасының кең көлемде насихатталуына өз үлесін қосады деген үміттеміз. Ел өткенін құрметтемесе, болашағына нақты қадам баса алмайды. Өткен қилы кезеңдерде терең даналығымен халқымыздың жүрегінен мәңгілік орын алған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рухы бүгінгі біздің тыныс-тіршілігімізбен біте қайнасып жатыр. Қасиетті де киелі Ордабасы қашанда халқымыздың ұлттық мақтанышы болып қала береді.

Бақытбек ҚАСЫМОВ, 
«Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының Бас қор сақтаушысы.
Пікір қалдырыңыз