Түркістанда тіл жанашырлары бас қосты

Ұлас Үсенбай, «Ońtústik Qazaqstan».
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан қаласында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» VI құрылтайы өтті. Мемлекеттік тілдің мәселесі қозғалған жиынға өңірлерден 57 делегат шақырылды.
Құрылтайға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Үкімет басшылығы, облыс әкімдерінің орынбасарлары, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары қонақ ретінде қатысты.
Құрылтайда баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құрылтай делегаттарына арналған арнайы құттықтауын оқып берді.
Одан әрі Қырымбек Елеуұлы аталмыш қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмысына баға беріп, өткізіліп отырған құрылтайдың маңыздылығына тоқталды.
«Құрылтайды Түркістанда өткізуімізде мән бар. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамып келеді. Қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Сіздер – ел алдында жүрген азаматсыздар. Елорданы көріп жүрсіздер, бұл жолы Түркістанның жаңа келбетін көрсін, қуансын деп құрылтайды осында ұйымдастыруды жөн көрдік» деді ол.
Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша орталық кеңестің есебі тыңдалды. Қоғам филиалдарының басшылары да баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен бірге қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды, мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыруға қатысты тапсырмалар белгіленді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы өз сөзінде қоғамдық ұйымдардың жұмысына біздің елімізде үлкен мән берілгендігін, ал, мемлекеттік тілді насихаттауда олардың белсенділігін арттыру қажет екендігін атап өтті.
Делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы қоғамның жаңа президенті болып ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, вице-президенттері болып Максим Рожин мен Анар Фазылжанова сайланды.
Берік Әбдіғали өз сөзінде «Қазақ тілінің мәселесін қазақ тілді ортада ғана талқылай бермей, орыс тілді ортада да талқылап, мемлекеттік тілдің маңыздылығын кей ағайындарға түсіндіру керек. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті» дей келе, мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді.
Жиында қоғамның құрылтайлар аралығындағы басшы органы болып табылатын орталық кеңестің жаңа құрамы сайланды.
Құрылтай барысында өңірлерде қоғам филиалдарының жұмысы күшейтіліп, бас кеңсе Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілетіні айтылды. Басшы ұйым мен филиалдардың жұмыс жоспары бекітілді.
Сондай-ақ, жиын барысында ҚР Президентінің Жарлығымен қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Парасат» орденімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапатталды.
Түркістан облысында екі күнге созылған құрылтайға қатысушылар Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым етті.
Жиынға қатысушылар Түркістандағы оң өзгерістерге ризашылықтарын білдіріп, құрылтайдағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға бар күштерін салатындарын жеткізді.