Озат сұхбатшылар халық көңілінен шықты

Елімізде 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін респонденттер онлайн режимінде sanaq.gov.kz, egov.kz сайты, egov.kz, aitu (қосымша) сайттары арқылы санақ жүргізді. Ал, 1 және 30 қазан аралығында сұхбатшылар офлайн режимінде санақ учаскелерін (тұрғын үйлерді), тұрғын емес үй-жайларды, мекемелерді, ұйымдарды, кәсіпорындарды аралап, санаққа тіркеді.
– Халық санағының сәтті өтуі – сұхбатшының халықпен жақсы қарым-қатынаста болуы, ол респонденттерге санаққа қатысу қажеттілігін, санақтың мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге байланысты. Планшетті дұрыс пайдаланып, санақ парақшаларын қатесіз толтыру – сұхбатшы үшін өте маңызды. Сонымен қатар, сұхбатшылар респонденттерден алған ақпарат үшін жеке жауапты болады және құпиялықты сақтауға міндетті, – дейді Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс басқармасының бас маманы, баспасөз хатшысы Баян Әшімова.
Түркістан облысындағы халық санағына 340 нұсқаушы-бақылаушы, 2121 сұхбатшы тартылды. Халық санағы кезінде кейбір сұхбатшылар көрсетілген мерзімнен бұрын санақ учаскелерін аяқтап, келесі учаскелерге ауысып отырды. Уақытпен санаспай қызмет еткен мұндай озық сұхбатшылар сапында Келес ауданы, Коммуна ауылдық округінің тұрғыны Айман Аманова көш бастады. Ол 127 үйді аралап, 450 респондентті санаққа тіркеуге алған. Сондай-ақ, Отырар ауданы, Көкмардан ауылының тумасы Ақшолпан Арыстанбаеваны атап өту қажет. Ақшолпан 148 үйді аралап, белгіленген мерзімнен бұрын 766 респондентті санаққа алып үлгерді.
Озық сұхбатшылардың қатарына Түлкібас ауданынан Нұрлыбаевтар отбасын қосуға болады. Мұрат пен Халима ауылдағы өнегелі жанұялардың бірінен саналады. Екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр. Отағасы жеке кәсіппен айналысса, сүйікті жары мектепте жұмыс істейді. Халық санағы басталғанын ести салысымен олар халыққа қол ұшын беру мақсатында статистика органына келіп, сұхбатшылар қатарына тіркелді.
Иә, Түркістан облысының еліміз бойынша алдыңғы қатардан орын алуы – санаққа қатысқан осындай әрбір азаматтың белсенділігі мен еңбекқорлығының нәтижесі деуге болады.
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.